Түлкібаста 5 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады
Түркістан облысының Түлкібас ауданында 5 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ауданда көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ағын су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
«2022 жылға дейін аудан аумағындағы 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 7 015 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылатын болады. Биыл жыл соңына дейін 13 су нысанының 7-уі темір бетонмен қапталады. Жалпы ұзындығы 69,1 шақырым «Құлый», «Танта», «Қызыл», «Боз», «Ұзын», «Бесқасқа», «Бала Құлан» магистралды каналдары 5 064 гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жерді ағынды сумен қамтымақ», делінген хабарламада.
Күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқан су нысандарын аралаған аудан әкімі Нұрлан Байғұт мердігер мекеме өкілдеріне алдағы жаңбыр маусымына жеткізбей құрылыс жұмысын қарқындатуды ұсынды. Ол үшін жұмысшылар санын көбейтіп, арнайы жұмыс кестесін құруды тапсырылды. Сондай-ақ, әр учаскеден шыққан құрылыс қалдығын арнайы белгіленген орынға шығару жүктеліп, жұмыстын сапалы болуын қадағалау мақсатында канал қабырғасын бекіту үшін қойылып жатқан темір бетондардың лабораториялық сынамасын алып тұру ескертілді.
Мамандардың айтуынша, аталмыш темір бетонды инжинерлік-құрылғылардан жасалған су нысандары аудан тұрғындарына кемінде 25 жыл қызмет етпек.