Өнімділікті арттыру: меже мен міндет

Қазақстандық өнімдер табиғи, органикалық әрі экологиялық таза. Өндірісті арттыру үшін кәдеге жаратылмай жүрген жерлерді қайтару, су­армалы жердің алқабын ұлғайту көзделіп отыр.

Фото: Ашық дереккөздерден алынды
Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Басымдық санға емес, сапаға беріледі

Бүгінде табиғи өнімдер көпшіліктің сұранысына ие. Қалың көпшілік органи­калық азық-түлікті тұтынуға тырысады. Нарықтың сұранысын отандық тауар өнді­рушілер мықтап қаперге алған. Кәсіпке­рлердің бірі тұтынушыларды handmade арқылы тәнті етуді ұйғарған. «Alay food» ЖШС жартылай дайын өнімдерді нарыққа ұсынады. Тұшпара мен мантының түр-түрі, котлеттер қолмен дайындалады. Олар­дың дәмі үйде жайылған дастархандағы өнімдерден еш кем түспейтін көрінеді. Сондықтан тұрақты тұтынушылар легі қалыптасып, тапсырыстар да түгесілмейді.

– Біз премиум, люкс санатына жата­тын жартылай дайын өнімдерді сатамыз. Бұл ретте сұрыпталған мәрмәр ет қол­данылады. Біз шет мемлекеттерден әріп­тестер табуға үміттенеміз. Оның ішінде Ресейді, Қытайды қарастырып отырмыз, – деп қолға алған кәсібінің тыныс-тіршілі­гіне «Alay food» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айнұр Әмірхан кеңі­нен тоқталды.

Нәзік жан қол жеткен жетістіктерімен тоқмейілсімейді. Келешекке ауқымды мін­деттер айқындап отыр. Кәсіпкер компани­яны франшиза арқылы кеңейтуге бекін­ген. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. «Alay food» франшизасы Ресейдің Екате­ринбург қаласына және АҚШ-тың Майами қаласына сатылған. Енді нәзік жан басқа елдер де қазақстандық өнімге қызығу­шылық танытады деп үміттенеді. «Біз­дің қазақстандық ет өнімдері, жартылай дайын өнімдер әлем бойынша бестік­ке енуі тиіс. Себебі біздің өнімдер – орга­никалық, экологиялық таза», – деп өзінің ойын «Alay food» ЖШС директоры Айнұр Әмірхан түйіндеді.

Ауыл шаруашылығына қызығушылық жоғары

Бүгінде сүйікті ермегін тұрақты кәсіп- ке айналдырған тұрғындардың қатары қалың. Олардың бірі өз күнімен және қар­жысымен қолға алған шаруаны дөңгелет­се, бірі мемлекеттік қолдауға иек артады. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы бойын­ша 2017 жылдан бастап биылғы 9 айдың ішінде 23 мыңнан астам жоба өмірге жол­дама алған. Оның ішінде 71 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Өзге 29 пайызы сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобалар болып табылады. «Бастау Биз­нес» жобасының түлектері арасында сүтті мал шаруашылығына және етті ата кәсіп­ті дамытуға бет бұрғандардың қатары қалың. Ойсыл қара мен Қамбар ата түлі­гін көбейту, құс өсіру, жылыжай салу да сұранысқа ие екендігі байқалады.

– Көптеген өндірістер шикізатпен қам­тамасыз етілмей отыр. Біріне ет, екіншіле­ріне сүт жетпейді. Енді «Бастау» түлекте­рін өндірістік-өткізу түйіндеріне тартып, олар ірі өңдеу кәсіпорындарына шикізат ұсынып отыр. Келесі жылы кооперация және агрокомпетенция орталықтарын құрып, бұл жұмысты жетілдіреміз, – деп атап өтті ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіп- керлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Биыл 75 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда шамамен 45 мың адам бизнесті жүр­гізудің қыр-сырына үңілген.

Шағын несие қаншалықты тиімді?

Ауылдық елді мекендердегі және шағын қалалардағы бизнес-жобаларға мемлекет­тік қолдау қарастырылған. Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ел қазынасынан 12 мың шағын несиеге 44,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге шілде айында Ұлттық қордан қосымша 20 млрд теңге үлестірілді. Бұл қаржы 5 мың шағын несие беруге бағытталмақ.

– Барлығы биыл 17 мың шағын несие беруге 64,7 млрд теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың 21 қазандағы жағдайы­на қарасақ республика бойынша бөлінген қаражаттың 62% игеріліп, 10 435 шағын несие берілді, – деп атап өтті еліміздің бас аграрийі Сапархан Омаров.

Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі бойын­ша көпшіліктің таңдауы ата кәсіпке түске­нін паш етеді. Мал шаруашылығы бойын­ша 8 мыңнан астам жоба құпталып, оларға жалпы 31 млрд теңге көлемінде шағын несие берілген. Нәпақасын егіншілік­тен табуды ұйғарғандар да бар. Өсімдік шаруашылығы бойынша 245 жоба назар- ға түскен. Бұл бағытта 1,4 млрд теңге көле­мінде шағын несие үлестірілді. Олардың арасында стартап, зәкірлік коопераци­ялардың, «Бастау Бизнес» түлектерінің жобалары бар.

– Бұл ретте 65,5 мың бас ірі қара мал, 125,9 мың бас ұсақ мал, 23,6 мың бас жылқы, 116 ауыл шаруашылығы техника, 145 құрал-жабдық сатып алынды. Ағым­дағы үрдісті сақтай отыра, биылғы жыл­дың соңына дейін 105 мың бас ірі қара мал, 203,2 мың бас ұсақ мал, 38,1 мың бас жылқы, 187 бірлік ауыл шаруашылығы тех­никасы және 233 бірлік түрлі құрал-жаб- дықтар сатып алынады деп күтілуде, – деп мәселенің мәнісіне Сапархан Кесікбайұлы тоқталды.

Атқамінерлер мемлекеттік қолдаудың бұл түрі арқылы жылда мал шаруашығын­да 9,2 мың, өсімдік шаруашылығында 297 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жерді тиімді пайдалану қажет

Елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және эколо­гиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік бар. Ел президенті суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 мил­лион гектарға дейін ұлғайтуды тапсыр­ды. Бүгінде елімізде 1 миллион 400 мың гектар суармалы жер бар. Атқамінерлер оның аумағын ұлғайтуға мүдделі. Жоспар бойынша 2021 жылға қарай қосымша 600 мыңнан астам гектар суармалы жер қол­данысқа тапсырылмақ. Бұл бағытта ирри­гациялық желілерді салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау жұмыстары қолға алынған. Қыл аяғы келешекте ирригаци­ялық құрылғылар үшін сыртқы нарыққа қол жаюдың қажеттігі артта қалмақ. Олар­ды елімізде шығару қарастырылып отыр.

– Қазір американдық компаниямен әзірге Павлодар облысында шамаланған ирригациялық құрылғыларды шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз Қазақстанның өзінде ирригациялық құрылғыларды шығару біздің тауар өнді­рушілерге осы жабдықты төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді деп үмітте­неміз, – деп суармалы егіншліктің ахуалын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі бағам­дады.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шару­ашылығы жерлерін өндірістік қызмет­ке тарту жұмыстары қолға алынған. Қол­даныстағы барлық заңнамалар жан- жақты сүзгіден өткізілді. Кейбіріне өзгері­стер енгізу жоспарланған. Сонымен бірге атқамінерлер ауыл шаруашылығы мақса­тындағы пайдаланылмай жатқан жерлер­ге салынатын салық мөлшерін кезең-ке­зеңмен ұлғайтуды қарастырып отыр. Егер Жол картасында тізілген шаралар құптал­са, онда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімі қысқартылуы ықти­мал.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.11.2019 ж. №20 (214) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы