Тез жою керек! Ғалымдар Талғар ауданындағы қауіпке қатысты дабыл қақты
Талғар ауданында арнайы зерттеу жүргізген ғалымдар осылай дабыл қағып отыр. Ал улы өнім тұтынған тұрғындар онкология және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығуы мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Қызылқайрат ауылындағы ғимарат кезінде улы химикат сақталатын қойма болған. Кейін қойма жабылғанымен, мұндағы қап-қап пестицид жойылмаған. Соның салдарынан топырақ пен суға у жайылып, тұрғындарға үлкен қауіп төндіріп келеді дейді ғалымдар. Дабыл қаққан – Генетика және физиология институтының мамандары. Олар химиялық заттардың мұнда оңды-солды шашылып жатқанын анықтапты. Зерттеу жүргізілген Талғар ауданындағы өзге үш ауылда да осындай жағдай. Оған көз жеткізу үшін мамандар қоймаға жақын жерлерден су мен топырақтың сынамасын алған. Сондай-ақ бұл маңда өсірілген жеміс-жидек пен көкөністерді, өрісте жайылған малдың еті мен сүтін де тексерген. Олардың құрамындағы пестицид мөлшердегіден мың есе көп болып шыққан. Десе де жергілікті жұрт бұған мүлдем сенбейді.
Динара Медеуова, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:
– Ешкімде ешқандай шағым болған жоқ. Химия бар қоймадан уланып жатырмыз деген шағым естімедім. Қауіп бар деп ешкім айтқан жоқ, не қауіп екенін өзіміз де білмейміз. Бірақ ауырып, жатып қалған ешкім болмады.
Динара Медеуова мұнда отбасымен төрт жылдан бері тұрып жатыр. Жыл сайын ауласында жеміс-жидек пен көкөніс егеді. Әрі олардың мол өнім беретінін айтады. Ауласындағы өнімдерді сататын тұрғындар да бар. Олар ағаштарды жиі залалсыздандырады екен. Сондықтан мұнда өскен алма пайдалы дейді.
Гүлнар Османова, сатушы:
– Алманы уақтылы өңдемесе болмайды. Өңделген, көрдіңіз бе? Алма керемет. Бәрі тоңазытқышта тұр. Бәрі жақсы алма. Құлпынай піседі, қызанақ, қияр, бұрыш шығады жақында.
Улы химия заттар шашылып жатқан аумақта жұрт қаннен-қаперсіз малын да жайып жүр. Ал ғалымдар пестицидтер тез арада жойылмаса, мұндағы халық түрлі дертке шалдығуы мүмкін екенін айтады.
Эрика Жанғалина, Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері:
– Пестицидтер су мен топырақта жиналып, сол жердегі өсімдіктерде пайда болады. Сөйтіп адам ағзасына енеді. Соның салдарынан тұрғындарда жүрек-қан тамырлары мен онкология пайда болуы мүмкін. Мұны статистика да көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы 15 жылда Талғар ауданындағы тұрғындардың денсаулығы нашарлап кеткен.
Үкімет қоймадағы пестицидтерді жою мәселесін қолға алуы керек дейді. Мамандар Алматы облысында дәл осындай 64 қойма барын анықтаған. Енді олар өзге аудандарда да зерттеу жүргізеді. пестицидтер кеңес заманынан бері сақталып келеді. Бұл химикаттар өсімдіктерді қорғау үшін кезінде кеңінен қолданылған.