Өзбекстаннан елімізге жеміс пен көкөніс экспортын жеңілдету жолдары қаралды

Қазақстанның көтерме-тарату орталықтары Өзбекстанның агрологистикалық хабымен біріктірілмек. Өзбек билігі «бұл интеграцияның шарапаты мол болмақ» дейді. Өйткені жаңа нарыққа жол ашылып, сауда-саттық қатынасы қарқын алады. Әрі жеміс-көкөністің ысырапшылдығына тосқауыл қоюға мүмкіндік пайда болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Фото: pixabay.com

Жасын Біркенов, тілші:

– Іргедегі көршілер жыл сайын 22 млн тоннадан астам жеміс-көкөніс өсіреді. Алайда оның тек 10 проценті ғана қайта өңделетін көрінеді. Ал экспортқа шығарылатыны небәрі 1,5 млн тонна. Шаруалар қырғын өнім алып, берекеге кенелгенімен әлгі 22 млн тоннаның 25 проценті ысырап. Бұл жеміс-көкөністі жинап, сақтау кезінде пайда болатын шығындар. Енді күрмеулі мәселенің оң шешімін табу үшін өзбектер агрологистикалық орталықтар салып жатыр. Сақтау, сұрыптау һәм экспорттауға бағытталған ірі хабтың бүгіннің өзінде Өзбекстанда 30-дан астамы жұмыс істейді.

Баходир Юнусов, Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:

– Өзбекстанда жалпы қуаттылығы 3 млн тоннаны құрайтын тағы 8 ірі логистикалық орталық ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек елімізде 2023 жылға дейін қуаттылығы 500 мың тонна болатын 39 агрологистикалық орталық салынады.

Қазақ және өзбек үкіметтері бұл агрологистикалық хабтарды қазақстандық көтерме-тарату орталықтарымен біріктіруді жоспарлап отыр. Бау-бақша баптап, береке тауып жүрген өзбек шаруалары бұл бастаманы бас бармақпен бағалайды. Өйткені фитосанитарлық бақылау мен кедендік қызметтер осы жерде топтастырылғандықтан ысырапшылдықты азайтып, уақыт үнемдеуге мүмкін болады, дейді көрші ағайын.

Баходир Юнусов, Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:

– Бұл өзбек тарапына қандай пайдасын тигізеді? Біріншіден, логистикалық шығындарды қысқартуға мүмкіндік бермек. Екіншіден, жеміс-көкөніс өнімдерінің ысырапшылдығын азайтады. Және үшіншіден, бұл өзбекстандық ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын арттыруға бағытталған жақсы бастама.

Хусан Хайдаров, Агрологистикалық орталықтың коммерциялық директоры:

– Ресейде кедендік рәсімдеу тәртібі тым ұзақ. Қазақстанда бұл процесс әлдеқайда тез жүреді. Егер көтерме-тарату орталықтарында фитосанитарлық бақылау мен кедендік қызметтер болса, онда бұл уақытымызды одан сайын үнемдемек. Себебі транзит мерзімі қысқарады емес пе. Бұл жаңа жиналған жеміс-көкөністі жеткізу үшін тиімді болмақ.

Соңғы жылдары өзбекстандық шаруалардың Қазақстандағы саудасы қызған екен. Мәселен былтырғы жылдың алғашқы жартыжылдығында мұндағы фермерлер елімізге 650 мың тонна жеміс-көкөніс экспорттаса, биылғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш 760 мың тоннаға дейін өскен. Енді көрші елдің бағбандары екі елдің агрохабын қашан біріктіреді деп алақандарын ысқылап отыр.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы