Отандық қантқа қарық боламыз ба?
Биыл тосап қайнататын кезеңде қанттың бағасы күрт шарықтағаны белгілі. Қыл аяғы кей дүкендерде оның бағасы екі есе қымбаттаған. Бар гәп отандық зауыттарға Бразилиядан жеткізілетін негізгі шикізат – қант құрағының құны өскен. Оған доллар бағамының өсуі әсер еткен. Мұндай жағдайға жол бермес үшін еліміздегі қант өндірісіне қан жүгірту қажет. Қолда бар зауыттарды жаңғыртып, олардың өндірістік қуаттылығын толық кәдеге жаратқан абзал.
Қызығын тек қант жегенде білерсің
«Гладиус-Қаратау» – тәжірибелі серіктестік. Шаруашылықтың іргетасы 2005 жылы қаланған. Оның тізгінін ұстаған Мұхтар Қалабатыров 16 жыл ішінде тәтті түбірдің қызығы мен шыжығына кенелген. Қыл аяғы кей жылдары өнімді өткізудің әлегіне байланысты алқаптар жыртылмаған. Соңғы 2 жылда танап басындағы қам-қарекеттер қыза түсті. Өткен жылы 50 гектар алқапқа тәтті тамыр жемісті бұйырған. Гектар берекелігі 500 центрден айналып, 1900 тонна өнім жиналды. Биыл алқаптың аумағы 150 гектарға дейін ұлғайту ұйғарылды. Жоспар бойынша 2017 жылы қант қызылшасы 250 гектарда жайқалмақ.
– Көрші аудандағы тұралаған Көксу қант зауытына жан бітіп, тәтті түбірді өткізу мәселесі шешілді. Өткен жылы өнімді 13 теңгеге тапсырып, төлемақысы бір ай ішінде қолымызға бұйырды. Біздің естуімізше, биыл зауыт қант қызылшасының бір келісін 16 теңгеден қабылдайды. Тек өнімді тасымалдау мәселесі әбігерлендіреді. Зауытқа дейінгі 55 шақырымды бағындыруға тура келеді. Еншімізде қажетті техниканың болуы көңілге медеу. Қазан айының орта тұсында дақылды жинауға кірісеміз. Бұған дейін жиын-терім тек қол күшіне негізделгенді. Ауылдас 100-150 адамды жалдап, 20-25 күн бойы танап басынан шықпайтын едік. Олардың әрқайсысына күніне 1500 теңге төленді. Қалтаны қағады. Сондықтан биыл германиялық комбайн сатып алдым. Құны 70 миллион теңгені құрайды. 4 жылда өзін ақтайды деп ойлаймын. Себебі басқа дақылдармен салыстырғанда қант қызылшасын өсірудің тиімділігі жоғары, – деп өзінің үмітін шаруа білдірді.
Серіктестік жетекшісі гектар берекелігі 500 центнерді құрайтынына дәмеленіп отыр. Себебін де жайып салды: дақыл дер кезінде жерге сіңірілген, алқаптағы арам шөптерге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілген. Техника сақадай-сай. Шаруашылық құрал-жабдықтан қағажу көрмейді. Шетелдік сепкіштер кәдеге жаратылады. Олардың қызығын ауыл тұрғындары да татқан. Серіктестік дауындау орталығын ашып, көктемгі дала жұмыстары кезінде 7 шаруашылыққа қызмет көрсеткен.
Құлшыныс бар
Алматы облысының Қаратал ауданы тәтті түбірмен танымал. Өткен жылы қант қызылшасының қызығын 50 шаруашылық татса, биыл олардың қатары жиырмаға ұлғайған. Бұған дейін өнімді өткізудің әлегінен диқандардың дені қант қызылшасына қол сілтеген.
– Бұған дейін көрші аудандағы Көксу қант зауыты тоқырауға ұшырап, шаруалар жиналған дақылды тапсыра алмай дал болды. Өткен жылы көпшіліктің көкейіндегі түйіткілдің түйіні тарқатылды. Онда күрделі қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұған дейін қант зауыты төлемақыны төлеуді 2-3 айға созатын-ды. Зауыттың басшылығымен келісімге келіп, шаруалар 10 күн ішінде тиісті қаржыларын қолдарына алды. Дақылды зауытқа дейін тасымалдау жұмыстары біршама қиындық келтіреді. Бірақ ең бастысы маңдай термен өсірілген дақылды өткізу бойынша келеңсіздік туындамайды, – деп өсімдік шаруашылығының жайын Қаратал ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қанат Байғабылов жіпке тізді.
Ауданда өсірілетін дақылдардың ішінде қант қызылшасы көш ілгері. Оның соңынан күріш ілеседі. Биыл 3 мың гектар алқапқа күріш себілген. Көрсеткіш өткен жылғымен пара-пар. Ауданындағы ірі 3 ЖШС күріш өсіруге ден қойған. Оның арқасында нәпақа табатын ұсақ шаруашылықтардың қатары да қалың.
«Ауданымызда қант қызылшасын өсіру тиімді. Табиғат Анамыз да септігін тигізеді, жеріміз де құнарлы. 2015 жылы 560 гектар алқапқа тәтті түбірдің тұқымы сіңірілді. Гектар өнімділігі 340 центрден айналды. Биыл оған бет бұрғандардың қатары 2 есеге жуық артып, 940 гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Табиғатымыз жарылқап, дақыл жайқалды. Берекелі өнімнен дәмеліміз. Қыркүйек айының соңына қарай тәтті түбірді жинау жұмыстары басталады», – дейді ауданның бас аграрийі.
Қант қызылшасын өсіруге білек сыбана кіріскендер мемлекеттік қолдаудан қағылмайды. Биыл шаруалар тәтті түбірдің әр гектары үшін 30 мың теңге көлемінде демеуқаржы иеленген. Енді олар бұйырған өнімді зауытқа өткізсе, қосымша субсидия төленеді. Қайта өңдеу ошағына тапсырылған әрбір 1 тонна қант қызылшасы үшін тауар өндірушілерге 1500 теңге көлемінде демеуқаржы беріледі.
– Демеуқаржы жеткілікті. Қант қызылшасымен айналысатын шаруашылықтар тиісті құжаттарды бізге тапсырып, оларды облыстық деңгейдегі басқармаға жолдадық. Тиісті қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді. Жалпы егін шаруашылығы бойынша облысымызға 98 миллион теңге көлемінде демеуқаржы бөлінді, – деп мемлекеттік қолдаудың жайына Қанат Байғабылов тоқталды.
Қант зауыттары жаңғыртылады
«Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес қант қызылшасының көлемін бірнеше есе ұлғайту жоспарланған. Жыл санап тәтті түбірдің алқаптары артқаны байқалады. Биыл дақыл 12,9 мың гектарға себілген. Оған дәстүрлі Алматы және Жамбыл облыстарымен қатар астықты өлке Солтүстік Қазақстан өңірі де бел буған. Теріскейде тәтті тамыр жемісті 400 гектар аумақта жайқалған.
Алматы облысында 2014 жылы 1,2 мың, өткен жылы 4 мыңнан астам гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Биыл танап басындағы қам-қарекеттер қарқын алып, дақылға 6 мыңнан астам гектар аумақ бұйырған. Жергілікті шаруалар күзгі жиын-терімге кірісті. Оның алғашқы нәтижелері көңілге медеу дейді атқамінерлер. Бір тәтті түбірдің салмағы 6,5-7 келіге дейін жететін көрінеді. Алматы облысы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қант қызылшасының жалпы түсімі 200 мың тоннадан асады деп межеленген. Оның арқасында облыс халқының қантқа деген қажеттілігі 40 пайызға өтелмек.
Кезінде қант өндірісімен аты шыққан Алматы облысы даңқты қайтаруға тырыспақ. Жылда тәтті түбірдің алқаптарын көбейту діттелген. Қайта өңдеу ошақтарының ахуалы да жіті назарға алынады. Көксу және Ескелді қант зауыттарын жаңғырту жұмыстары жалғасын таппақ. Шетелдік инвесторларды тартудың арқасында тоқырауға ұшыраған Ақсу зауыты қайта іске қосылмақ.
1990 жылдары еліміздегі қант қызылшасы 80 мың гектар алқапта жайқалған. Оның өнімділігі гектарынан 30 тоннадан айналған. Оның есебінен ішкі сұраныстың 25 пайызы өтелген екен.
Сыртқа қол жаймау үшін отандық өндірістің қарқынын күшейту қажет. Қантқа келгенде, әлі де ұтатынымыздан гөрі ұтылатынымыз көп. Импортқа тәуелдіміз. Ресми мәліметтерді сөйлетсек, Қазақстан жылына 500 мың тоннаға жуық ақ қантты тұтынады. Бірақ оның дені Бразилия, Беларусь, Молдова іспетті мемлекеттерден жеткізіледі. Ал ішкі нарықтағы отандық қанттың үлесі бар-жоғы 10% жеткен.
Венера Мұстафина
10.10.2016 ж. жауап
Также читайте:
В Алматинской области восстановят предприятие по производству сахара
Крупнейший в Алматинской области сахарный завод восстановят после 14 лет простоя
Учёные обсуждают: Сахарное будущее Казахстана – реально? Неиспытанная техника – риск для агрария