Қазақстанда бруцеллёз бойынша 51 қолайсыз пункт тіркелген
Ветеринариялық препараттарды сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні республика өңірлері ветеринариялық препараттармен жылдық қажеттіліктің 96,2 пайызымен қамтамасыз етілді. Ветеринариялық препараттарды сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық берілді. Мәселен, өткен жылғы сатып алуда олардың үлесі шамамен 70 пайызды құраған болатын. Мысалы, биыл нодулярлы дерматит бойынша препараттар толық көлемде отандық Биология және биотехнологиялар мәселелері ғылыми зерттеу институтынан сатып алынды. Бұл өткен жылға қарағанда 2,7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аталған институттан жақында дайындалған түйе шешегіне қарсы вакцинаны сатып алу жоспарланып отыр», – деді министр.
Оның айтуынша, бруцеллез бойынша қолайсыз пункттерді тіркеу серпіні төмендеуде. Өткен жылы бруцеллезді диагностикалау тетігі өзгерді. Бұл оң нәтиже берген мал басының санын 2019 жылғы 5 ай ішіндегі 32 мыңнан 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 28 мың басқа дейін қысқартуға немесе 12,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.
«Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бруцеллез бойынша 51 қолайсыз пункт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 28 пунктке аз. 28,6 млн бас жануардың барлық түрін бруцеллезге зерттеу кезінде 28,8 бас оң нәтиже берген немесе 0,1 пайыз бруцеллез жұқтырған мал анықталды.
Сонымен қатар биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда листериоз, анаэробты энтеротоксемия сияқты жануарлардың аса қауіпті аурулар санының төмендеуі байқалады. Сондай-ақ өткен жылдары тіркелген сібір жарасы, Ньюкасл ауруы, ринопневмания сияқты аурулар бойынша саламаттылық сақталуда. Министрлік қабылдаған шаралардың нәтижесінде біздің еліміз аусыл, жылқы мен шошқаның африкалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты ел деген ресми халықаралық мәртебеге ие. Шошқаның классикалық обасы, күйіс қайыратын ұсақ мал обасы, сиыр құтырмасы бойынша саламатты ел ресми халықаралық мәртебесін алу бойынша жұмыс жүргізілуде», – деді министр.