Қазақстан 60 мың тонна тауық етінен айырылды

Мәселенің шиеленісуі кесірінен, елімізде Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылысы тоқтап қалмақ.

Фото: ©stux / pixabay.com

Осыған орай «Ақмола облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі жағдайды шешіп беруді сұрап, Қаржы министрлігіне жүгінді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл жобаның айналасында шынында, шым-шытырық оқиғалар өрбуде.

2017 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Макин қаласы маңында «жылына тірі салмақта 60 мың тонна бройлер өсіретін құс фабрикасы құрылысы» қолға алынған болатын.

Оның бірінші кезегінің құрылысына Қазақстан даму банкі қаржы салды. Яғни, ҚДБ инвесторға 10 жылға 16,1 миллиард теңге қарыз берді. Бұл ретте кредиттің жылдық сыйақы ставкасы арзан, 9,15–9,44% ғана.Бұл несие 2015–2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінді.

Жобаның жалпы құны 33 миллиард 576 млн теңгені құраса, инвестор соның 17 млрд 428 млн теңгесін немесе жоба құнының 51,9%-ын өзі қаржыландырды.

Құрамына осы Макин құс фабрикасы да кіретін «Aitas» холдингінің мәліметінше, 2018 жылы кәсіпорынның бірінші кезегі іске қосылған. Оның қуаттылығы 25 мың тонна бройлер шығаруға жетеді.

Бірақ жобаны ерекше ететін де оның екінші кезегі. Ол қолданысқа берілсе, фабрика тек Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдері аумағында жоқ ең ірі құс еті өндірісіне айналмақ. Рас, 2017 жылы жарияланған көлем қазір біршама азайтылып, 50 мың тоннаға дейін төмендетіліпті. Тиісінше, екінші кезегінің де қуаттылығы 25 мың тонна. Қалай болғанда, ақырғы нысаны алдағы 2020 жылы салтанатты түрде ел игілігіне табысталуға тиіс еді.

Сонда «Макин құс фабрикасы» Қазақстанның ішкі нарығының тауық етіне деген барлық қажеттілігінің 15%-ын бір өзі жауып, сыртқы нарықтарды игеруге ден қоятыны алдын ала жарияланды. Сонымен бірге еліміздің Ресей, Америка, Украина және басқа да шетелден тасылатын осы өнім импортының үлесін қазіргі 50,4%-дан келер жылы 32,6%-ға дейін азайту миссиясы да жаңа жобаға жүктелді. Инновациялық бағдарламадан қаржы алғандықтан, фабрика инкубаторында, құс сою цехы мен сүйегін ұнға айналдыру өндірісінде қуат сақтаушы замануи жабдықтар орнатылатыны, биоқауіпсіз әрі экологиялық сипатта жұмыс жасайтыны мәлім етілді.

Енді не болды?

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, құс фабрикасы үшін өндірістік және инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде жылу, су, электр секілді инженерлік желілер, кәріз жүйесі және тазарту құрылғыларын салу бойынша тендер қорытындысында жақында «Көкшетаугидрогеология» АҚ-ы жеңімпаз атанған.

Нысан құрылысын аяқтау жөніндегі келісімшарттың жалпы сомасы 1 млрд 218,9 млн теңгені құрады. Артынша осы жалпы сомаға 119,3 млн теңге көлеміндегі жұмыстар көлемі қайталай енгізілген.

«Өйткені бұл сома осының алдында бірінші мердігер болған «АКА Энерго Профи» ЖШС-ына төленіп қойылған. Алайда ол тиісті жұмыстарды орындамады. Сондықтан алғашқы мердігермен келісімшарт бұзылды. Нысанды аяқтау жөніндегі жаңа келісімшартты тіркеу кезінде дәл осы сома айналасында дау туатынын түсіне отырып, тапсырыс беруші сотқа арызданып, аталған соманы алғашқы мердігерден өндіріп алуды сұрады. Соттың тиісті шешімі күшіне де енді. Сот шешімі бойынша бірінші мердігер 119,3 миллион теңгені мемлекеттің кірісіне төлеуге тиіс. Осы тұста сот шешімінде ол сома «мемлекет кірісіне төленсін» деп көрсетілгеніне назар аудартқымыз келеді. Ал сол көлемдегі жұмысты қалпына келтіру туралы сөз жоқ», – деп түсіндірді жергілікті құрылыс басқармасы.

Яғни, екі ортада еш кінәсі жоқ кәсіпкер – жаңа жеткізуші шығынға қалайын деп отыр. Алдыңғы мердігер ақшасын алып, тайып тұрғандықтан, жаңа мердігерге оның жұмыстарын орындаудан табыс емес, қосымша шығыс қана келеді.

Осыған орай бірінші мердігердің айыбын таныған сот шешімін алға тарта отырып, Ақмола облысының әкімдігі 119 355 300 теңге ауқымындағы іске асырылмаған жұмыс көлемін жаңа конкурсқа қосқан.

Дегенмен, Ақмола облысының қазынашылық департаменті жаңа жеткізушімен арадағы келісімді тіркеуге алудан бас тартып отыр. Айтатын дәлелі – «жобалық-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың» оң қорытындысында көрсетілген сомадан келісімшарт сомасы асып кеткен.

Жергілікті билік те екі оттың ортасында қалды. Біріншіден, кезінде жаһанға жар салып қолға алынған аймақтағы аса ірі жоба жарға жығылмақ. Басқа жағынан, бюджет қаражаты игерілмей қалайын деп тұр. Игермесе, Үкіметтегілер оны кері тартып алып, басқа мақсатқа қайта бөледі. Содан кейін ол қаржы қайтып қолға тимеуі мүмкін.

«Бюджет қаражаттарын тиімді игеру үшін аталған келісімшартты қазынашылықта тіркеудің заңды екенін түсіндіріп беруді сұраймыз. Сондай-ақ Ақмола облысының қазынашылық департаментіне оны тіркеуге рұқсат етуді өтінеміз. Дұрыс түсініңіздерші, тапсырыс беруші бұл жұмыс көлемін бөлектеп алып тастай алмайды. Жаңа мердігерді де оны өз қаржысына орындауға міндеттей алмайсың. Ал бұл жұмыс орындалмаса, нысан іске қосылмайды», – деген хат түсті Ақмола облысы әкімдігінен Қаржы министрлігіне.

Бұған министрліктің Қазынашылық комитетінің төрағасы Айдын Ашуев түсініктеме берді. Ол қазынашылар ісі заңды дейді.

«Тұтастай алғанда, Ақмола облысының Бұланды ауданындағы бройлер өсіретін құс фабрикасы үшін өндірістік және инженерлік инфрақұрылым салу жобасының жалпы сметалық құны әу баста 1 миллиард 468,942 млн теңгені құраған. Бұл ретте Ақмола облысының құрылыс басқармасы «АКА Энерго Профи» ЖШС-мен жалпы сомасы 276 млн 936,6 мың теңгеге келісімшартқа отырған. Енді келісімшарт сомасы кассалық шығысын қоса алғанда, кешенді сараптаманың оң қорытындысында қарастырылған жалпы сомадан асып кетуде. Сәйкесінше, қаржы министрі бұйрығымен бекітілген бюджетті атқару қағидалары талабына сай аталған мәмілені тіркеуден бас тартылып отыр», – дейді Айдын Ашуев.

Шенеунік тілін қарапайым тілге тәржімаласақ, егер 119 миллиондық қосымша шығынды қосар болса, қазынашылар жаңа мердігермен арадағы келісімшартты тіркемейді және оған қаржы бөлмейді. Қоспаса, жаңа мердігер ол жұмысты орындамайды. Ал онсыз фабрика іске қосылмайды.

Бұл шенеуніктік тұйықтың қашан шешімін табары, тауық шаруашылығына қашан серпін берілері белгісіз.


Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    От чего в наибольшей степени зависит размер урожая?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы