Ғылым мен өндіріс: ықпалдастық орнады ма?
Ауыл шаруашылығы саласының тасын өрге домалату үшін аграрлық ғылымды қамшылау қажет. Ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастырып, тиімді технологияларды қолданысқа енгізген жөн. Бұл қаншалықты іс жүзінде кәдеге жаратылуда? Аграрлық ғылым мен өндіріс арасында байланыс көпірі орнады ма?
Қызығушылық бар
Көпшілік аграрлық ғылымның ахуалын сын тезіне алады. Олардың уәжі – ғылыми зерттеулер нәтижесі қағаз жүзінде қалады және өндірісте қолданылмайды. Мұны ғалымдар да мойындайды. Олардың өз бұйымтайы бар. Бар гәп аграрлық ғылым мен өндірістің арасында байланыс көпірінің болмауына тірелетін көрінеді.
– Бүгінде біз 173 сорт пен гибридті мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Бізден көбі, осы 173 сорт неліктен тауар өндірушілерге жетпейді, неліктен олар мұны кәдеге жаратпайды деп, сұрайды. Қазақстанда аграрлық ғылым бар. Ғалымдарымыз еңбек етуде. Бірақ өндіріспен байланыс орнатуға болады – мәселе қолбайлауда. Ең бастысы ғылыми әзірлемелердің агроқұрылымд ардыңсұранысына бағытталуы және олардың қолданысқа енгізілуі әлі де сылбыр. Себебі ғылым саласында инфрақұрылым жоқ. Ғылыми-техникалық жұмыстың нәтижелерін өндіріске жеткізу жұмыстары көңіл көншітпейді, – деп мәселенің жай-жапсарын «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеқов ортаға салды.
Оның айтуынша, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан аграрлық ғылымға қызығушылық бар. Негізінен ірі агроқұрылымдар ғалымдардың зерттеулеріне қолқа салады.
– Шығыс Қазақстанда Фарид Абитаевтың шаруашылығында бір сиыр орташа алғанда жылына 8100 келі сүт береді. Оған көршілес шаруашылықта бұл көрсеткіш 2700 тоннаға тең. Қарағанды облысында Осакаров ауданында «Найдаровское» деген шаруа қожалығы бар. Онда өткен жылы бидайдың берекелігі гектарынан 55 центнерді құраған. Оның ауылдағы басқа әріптестері гектарынан 12-13 тонна астық жинады. Бұл тұқымның, тыңайтқыштың әрі технологиялардың арқасында жүзеге асырылды. Оған біздің орталықтағы ғалымдар ғылыми сүйемелдеу көрсетті. Бұл тәжірибені кеңінен таратуды көздеп отырмыз. Әлемде фермерлер мен ғалымдар қоян-қолтық жұмыс істейді, – деп тауар өндірушілер мен ғалымдардың ықпалдастығына Төлеутай Сатайұлы баса назар аударды.
Ынталандыру қажет
Агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін және қайта өңделген өнімнің экспортын ұлғайту діттелген. Оған бүгінгі заман талабына сәйкес келетін ғылыми зерттеулерсіз қол жеткізу екі талай.
– Басқа салалармен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің қалыптасуы өзгерек. Мәселен, егер тігінші бүгін 10 көйлек, ертең 20 көйлек тіксе, оның жұмыс өнімділігі 2 есе артады. Ауыл шаруашылығында комбайнның жылдамдығы екі есе артса, бұл өнімділіктің 2 есе артқанын білдірмейді. Негізінен бұл көбіне топырақтың құнарлығына және малдың өнімділігіне тікелей байланысты. Егер бір сиыр орташа алғанда жылына 2700 келі сүт берсе, сауыншы оны тез сауғанымен, сиырдың өнімділігі артпайды. Бұл жағдайда еңбек өнімділігін заманауи ғылыми технологиялар арқылы арттыруға болады, – деп ғылыми зерттеулердің маңыздылығынаТөлеутай Рақымбеқов тоқталды.
Ізденіс пен талпыныс нәтижеге жетелейтіні мәлім. Алайда тыңғылықты ғылыми зерттеуге екінің бірі бел бумайды. Ғалымдардың ынтасын ояту үшін «роялти» деген жүйені ендіру қолға алынған. Оған сәйкес ғалым нақты нәтижеге жетіп, өнімділікті арттырса, оған ауылшаруашылық тауар өндіруші өзінің табысынан 1-2 пайыз көлемінде сыйақы беруі мүмкін.
– Бұл нақты ізденістегі әрі нәтижеге қол жеткізетін ғалымдарды ынталандыру үшін қажет. Шынында, бізде ғалымдар көп. Бірақ олардың арасында портфель тасумен шектелетіндері бар, – деп Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы өзінің ойын білдірді.
Тиімді агротехнологиялар енгізілмек
Соңғы жылдары аграрлық ғылымды дамытуға баса назар аударылып отыр. Ғылыми зерттеулерге ел қазынасынан бөлінетін қаржы 2 есеге жуық ұлғайтылған. Мәселен, 2015-2017 жылдары 4,2 млрд теңге қарастырылса, 2018-2020 жылдарға 7 млрд теңгеден астам қаражат үлестірілген. Оның аясында ғалымдар 36 тақырыпты жан-жақты зерделемек.
– 2017 жылы аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінен 0,1-0,12% құраса, 2018-2019 жылдары Қазақстанда 0,4-0,45% деңгейіне шықтық». Бұл жақсы көрсеткіш, – дейді Төлеутай Рақымбеқов.
Ғалымдар шаруалармен кері байланыс орнатып, олардың басын ауыртып, тамырын сыздатқан мәселелерді анықтамақ. Оның негізінде жаңа технологияларды қалыптастыру, нақты міндеттерді айқындау көзделген. Бұл ретте білім тарату орталықтарына артылатын үміт көп. Мұндай тұңғыш мекеме 2008 жылы Алматы облысына қарасты Көлді ауылында ашылған. Оның арқасында фермерлердің біліктілігін арттуға мүмкіндік бар. Оларға мамандар үнемі қол ұшын созып, қажетті ақпаратпен бөліседі. Бүгінде аталған орталықтардың саны 22-ге жеткен.
– Ғылыми-зерттеу институттарының, тәжірибелік стансалардың, тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың негізінде 22 білім тарату орталығы құрылды. Олар заманауи және тиімді агротехнологияларды енгізетін орталықтарға айналды. Бұл орталықтарда нәтижелер практикалық түрде көрсетіліп, бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілер арасында таратылады, – деп түсіндірді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
2024 жылға қарай осы іспетті білім тарату орталықтары аудандық деңгейде де ашылмақ.
Өндірістік тәжірибеге басымдық берілмек
Бүгінде кейінгі толқын өкілдері ғылымға бет бұруға асқан құлшыныс білдір мейді. Жоғары оқу орындарында ауыл шаруашылығын зерделеген түлектер арасында өз мамандығы бойынша еңбек етуге бекінгендердің қатары көп емес. Көбіне меңгерген кәсіп кәдеге жаратылмай, диплом шаң басып қалады.
– Біздің орталыққа қарасты С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінің дерегі бойынша жалпы түлектердің 75-80 пайызы екі қолға бір күрек тапқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүргізген талдауына сүйенсек, аталған жоғары оқу орындарын тәмамдаған жастардың 57,5 пайызы жұмысқа орналасады. Олардың 32% өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Ал түлектердің 12 пайызы жұмысқа орналаспайды. Ақиқат осы 75% және 57,5% деген сандардың арасында болар, – деп топшылады Төлеутай Рақымбеков.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізбек. Олардың бір парасы ғылымға жас мамандарды тартуға, аграрлық ғылым бойынша кадрлық резервті қалыптастыруға, университеттер мен ғылыми-зерттеу университеттерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған.
– Тағы бір мәселе – біздің аграрлық университеттерді трансформациялап, оларға зерттеу университетінің мәртебесін беру. Бүгінде біздің университеттер өздерінің жұмысын түбегейлі өзгерткені белгілі. Аграрлық мамандықтар бойынша білім алатын студенттер өтетін тәжірибенің үлесі жекелеген мамандықтар бойынша 60% жетіп отыр. Жақында бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның арқасында университетті тәмамдаған түлектің практикалық дағдылары көбірек болмақ. Мен өзім 1980 жылдары студент болдым. Сол кезде өндірістік тәжірибе бір жылда 2 айды немесе 15 пайызды құрайтын. Ал бүгінде өндірістік тәжірибеге көп уақыт бөлінеді. Олар тәжірибелік шаруашылықтарға бет алады, – деп мәселенің байыбына Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы терең бойлады.
Сонымен бірге студенттерді өндіріске тартатын әрі оларға жалақы төлейтін ірі агроқұрылымдар да бар. Олар білікті жас мамандарды жұмысқа алуға қызығушылық білдіріп отыр.
– 4 қазанда еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылды. Оны әзірлеу жұмыстары 2016 жылдың күзінде басталғанды. Оның негізінде ҚР 13 кодексіне және 30 жуық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Олардың бір парасы аграрлық ғылымды дамытуға бағытталған. Мәселен, ауылшаруашылық мамандығы бойынша оқыған түлектер аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл еңбек етуі тиіс. Бұған дейін мұндай өтеу тетігі тек әлеуметтік сала қызметкерлері және ветеринарлар үшін қарастырылған, – дейді Төлеутай Сатайұлы.
Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандарға кепілдендірілген жұмысты табуға жол ашады деп күтілуде.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.11.2019 ж. №21 (215) жарияланды.