Ел ырысы: биылғы сары алтынның ахуалы қалай? (талдау үшін)
Биылғы егіс науқаны оңтайлы мерзімде басталды және аяқталды. Барлық технологиялар сақталған. Дәннің шығымдылығы да көңілге қуаныш ұялатқан. Алайда негізгі астықты өңірлердің бірінде табиғат тосын мінез танытқан. Сондықтан атқамінерлер ел қамбасына құйылатын сары алтынның көлемі өткен жылғыдан төмендеу болатынын алға тартып отыр.
![Иллюстративное фото: из открытых источников](http://agroinfo.kz/wp-content/uploads/2018/01/Pole-pshenicy-1231.jpg)
Нан бар жерде ән бар
Оған Жанат Сәриева көз жеткізген. Ақтөбелік нәзік жан дастарханның сәнін келтіріп, ауылдастарының ризашылығына бөленуде. Шағын наубайхана 2003 жылы Алға қаласында құлашын кеңге жайды. Әуелі тек нан және батон пісірілсе, бүгінде өнімнің 28 түрі сатылады. Оның ішінде бөлке нанның түр-түрі, тоқаш, бәліш бар.
– Біз бағаның қолжетімділігіне баса назар аударамыз. Нан өнімдері қымбат болса, бұл жергілікті тұрғындардың қалтасын қағады. Бірақ күнделікті нанды пісіруге қажетті өнімдердің бағасы бір орында тұрмай, өсетіні белгілі. Барлығы астықтың әрі ұнның бағасына байланысты. Мәселен, бір ай бұрын бірінші сұрыпты ұнның бағасы 98 теңге болса, бүгінде 110-113 теңге аралығында сатылады. Сондықтан нанның бағасына 5 теңге қосуға тура келді, – деп кәсіпкер сыр шертті.
Бүгінде шағын наубайханада тәулігіне 2,5 тонна нан өнімдері пісіріледі. Күнделікті иленетін қамырдың көлемі сұранысқа әрі сатылымға байланысты құбылады. Экологиялық таза және сапалы нан өнімдеріне көрші аудандардан да сұраныс бар. Қамыр илеудің технологиясы қатаң сақталады. Оны жетілдіруді Жанат Сәриева өз мойнына алған.
– Сұраныс көбейген соң, өндірістің қарқынын күшейту қажеттігі туындады. Мемлекеттік бағдарлама аясында 20 миллион теңгеден астам қаржыны жеңілдетілген несие ретінде рәсімдедім. Оның арқасында швейцариялық және түркиялық пештер мен құрал-жабдықтарды сатып алдым, – деп наубайхананың тыныс-тіршілігіне ақтөбелік кәсіпкер тоқталды.
Бүгінде наубайхананың тізгінін ұстаған Жанат Кәмелқызы 40 жуық ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
Ас атасы нан қымбаттай ма?
Бұл сауал бүгінде көпшілікті мазалайды. Бірақ әзірге алаңдауға негіз жоқ. Атқамінерлер әлеуметтік нанның бағасы өзгермейтінін алға тартып отыр. Бүгінде оның бағасы тұрақты: бір бөлкесі дүкен сөрелерінде 78-ден 85 теңге аралығында сатылады. Егер астықтың бағасы шарықтаса, онда әкімдіктерге қарасты тұрақтандыру қорлары және Продкорпорация бұл бағытта жұмылдырылмақ.
– Бүгінде нанның бағасы қымбаттайды деп айту әлі ерте. Орақ науқаны аяқталып, барлық дән элеваторларға жол тартқан соң, биыл жиналған сары алтынның қаншасы үшінші немесе төртінші әлде бесінші сұрыпты екендігін көреміз. Сол кезде нанның бағасы, қымбаттай ма әлде жоқ па екендігі, туралы болжам жасауға болады. Министрлік күнделікті жағдайды назарға алып, сараптама жүргізуде. Әзірге нан бағасы тұрақты. Егер нан бағасы қымбаттағанның өзінде оның деңгейі болмашы болады. Бірақ әлеуметтік нанның бағасы өзгермейді. Себебі әкімдіктер тұрақтандыру қорларына ұн сатып алуда. Сонымен бірге Продкорпорация да бидай сатып алуда. Оны да нан бағасын тұрақтандыруға бағыттаймыз. Сондықтан әлеуметтік нан бойынша мәселе жоқ, – деп түсіндірді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.
Ауа райына тәуелдіміз
Биылғы тамыз айының соңына таман егістік алқаптарына комбайнның тісі тиген. Оған еліміздің негізгі астықты өңірлеріндегі диқандар қауымы да мықтап кіріскен. Алайда табиғат тосын мінезі аяққа тұсау салды. Белгіленген жоспарға ауа райы өзінің өзгерістерін енгізген. Қыркүйек айының соңында еліміздің солтүстігінде және орталығында ауа температурасы төмендеп, жаңбыр толастамады. Бұл өз кезегінде орақ науқанының барысына әсер етіп, оның қарқынын баяулатқан.
– Орақ науқаны басталған кезде апат ыстық орын алса, бұл кейін жаңбырлы күндерге ұласты. Егін жинау науқаны өте қиын жағдайда өтіп жатыр. Шындығын айту керек. Барлығы ауа райына байланысты болып отыр. Себебі негізгі 3 астықты өңір – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 12-15 күн жаңбыр болды. Күнара жаңбыр жауды. Осыған байланысты әрбір қолайлы күнді барынша тиімді пайдаланған жөн. Өнімділікті арттыру шараларын қаперде ұстаған абзал. Сары алтынмен қатар майлы дақылдарды оңтайлы мерзімде жинау үшін мүмкіндігінше комбайндардың екі ауысым бойынша алқапта болуын қамтамасыз ету қажет, – деп мәселенің мәнсін Айдарбек Сейпілұлы ортаға салды.
Диқандар қауымы төгілген маңдай тер ақталады деп үміттенеді. Олар ел ырысын шашау шығармай, оны жинап алуға барын салды. Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында күзгі жиын-терім жұмыстары мәресіне жетті.
Қыркүйектің соңындағы мәліметтерге сүйенсек, элеваторларға 2,5 миллион тонна астық жеткізілген. Оның 58 пайызы үшінші сұрыпты бидай екендігі анықталған. Атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, жиналған дәннің ылғалдылығы мөлшерден жоғары. Астықты кептіру үшін элеваторларға және кептіру құрылғылары бар астық токтарына қосымша 50 мың тонна жағармай бөлінді.
Экспорттық әлеуетіміз қандай?
Болжам бойынша биыл ел қамбасына шамамен 17 миллион тонна сары алтын құйылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 миллион тоннаға немесе шамамен 15 пайызға төмен. Сәуегейлік жасаған құзырлы министрлік алаңдауға негіз жоқ екендігін алға тартады.
– Шілденің бірінен астықты өңір Қостанай облысында апат ыстық орын алғандықтан, 8 аудандағы егіс алқаптары күйіп кетті. Орақ науқаны қолға алынған жерлерде өнімділік гектарынан 3-4 центнерден айналып отыр. Десек те еліміздің сары алтынға қажеттілігі 100 пайыз қамтамасыз етілмек. Оның ішінде тұқымға, жемдік астыққа, ұн мен макарон өндірісіне, өнеркәсіптік мақсаттарға қажетті дән жеткілікті болады деп ойлаймын, – деп биылғы ахуалды құзырлы ведомствоның өкілі жіпке тізді.
Бірінші кезекте астықпен ішкі нарық толық қамтамасыз етіледі. Ал артылғаны сыртқа жол тартады. Биыл дәнді дақылдың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда төмендеу болғандықтан, сыртқа дорбаланатын қазақстандық сары алтынның көлемі де құлдилайды. Өзге елдерге 6 немесе 7 миллион тонна астық экспортталуы ықтимал. Әзірге бұл тек болжам.
– Экспортқа жол тартатын сары алтынның көлемін алдын ала болжау оңай емес. Өткен жылмен салыстырғанда оның көлемі төмен болады деп ойлаймын. 6 немесе 7 миллион тонна бидай экспортталуы мүмкін, – деп экспорттың әлеуетін Айдарбек Сейпілұлы тергіштеді.
Еліміз бойынша сақтау сыйымдылығы 27 млн тоннаға тең. Оның ішінде нан қабылдау кәсіпорындарында 12,4 млн тонна, ал тауар өндірушілердің сақтау қоймалары 14,6 млн тонна дәнді сақтауға болады. Қолда бар сыймдылықтар биыл жиналған дақылды сақтауға жеткілікті.
Продкорпорация: сатып алу бағасы өзгерді
Қыркүйек айының басында үшінші сұрыпты бидайдың бағасы жарияланды: тоннасы 62 мыңнан 72 мың теңгеге дейін бағаланды. Бұл – нарықтық бағаны қалыптастыру үшін жасалған қадам. Атқамінерлердің айтуынша, трейдерлердің ұсынған бағасы жоғары болған, әлбетте. Енді отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерді қолдау үшін Продкорпорация сатып алатын астықтың бағасын көтермек.
– Енді үшінші сұрыпты бидайдың бір тоннасы 70 мыңнан 76 мыңға дейін сатып алынады. Нақты құны дәннің сапалық көрсеткіштеріне байланысты анықталатыны белгілі. Нарық үшін бұл жақсы баға. Бүгінде Продкорпорация сары алтынды сатып алуға кірісті. Сатып алынған дән ас атасы нанның бағасын тұрақтандыруға бағытталмақ, – деп сөзін түйіндеді Айдарбек Сапаров.
Продкорпорация тек үшінші сұрыпты бидайды сатып алумен шектелмейді. Сонымен бірге 4-ші және 5-ші сұрыпты бидайдан жем қоры жасақталмақ. Оның арқасында еліміздегі мал мен құс шаруашылықтарына демеу көрсету қарастырылған.
Бүгінде атқамінерлер келесі жылғы егіс науқанына дайындық қамына кіріскен. Диқандар қауымы тұқым қорын жасақтауды қолға алды. Бүгінде 1 миллион 600 мың тонна тұқым дайындалды. Бұл қажеттіліктің 60 пайызын құрайды. Бұл жұмыстар жалғасуда.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 14.10.2019 ж. №18 (212) жарияланды.