Егіс науқаны: нәтиже қандай? (талдау үшін)
Диқандар қауымы көктемгі дала жұмыстарын тәмамдап, берекелі өнім бұйыратынына үміт артып отыр. Биыл ауылшаруашылық дақылдардың егіс алқабы 19 млн га құраған.
Егістіктерді әртараптандыру саясаты аясында оның құрылымы жыл санап өзгеруде. Оған сәйкес дәнді дақылдардың алқабы азайтылса, мал азығының, көкөніс пен бақша өнімдерінің көлемі ұлғайтылады. Ресми деректерді тергіштеп көрелік. Дәнді дақылдар 14,5 млн га, майлы дақылдар 2,7 млн га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 458,3 мың га, мал азығы дақылдары 1,2 млн га алқапқа егілген. Ал қант қызылшасы және мақта тәрізді техникалық дақылдар 144 мың га жайқалады деп күтілуде.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе «Солтүстік соя» бағдарламасын әзірледі.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге солтүстік өңірлерді сояны өндіруге көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржылық, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету, білім тарату іс-шаралары және т.б. көзделген, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, аталған бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында 14 мың га соя себілген. Бұл бағытта ерте пісетін шетелдік тұқымның түрлері кәдеге жаратылған. Оның арқасында келесі жылға қор жасақтауға жол ашылады. Осылайша сояның сапалы тұқымымен қамдану көзделіп отыр. Қағаздағы жоспарға сәйкес күзде жиналатын өнімді тұқым ретінде 150 мың га алқапта пайдалануға болады.
Атқамінерлердің «Солтүстік соя» бағдарламасына артқан үміті көп. Алдағы 5 жылда сояның алқабын 1,5 млн гектарға дейін жеткізу діттелген. Ал шығымдылығын гектарына 30 центнерге дейін арттыру міндеті белгіленген. Егер сояның көлемі ұлғайса, онда қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі артады деп күтілуде.
Топырақтың құнарлығын сақтау аса маңызды. Құзырлы министрліктің дерегіне сүйенсек, диқандар қауымы тыңайтқышпен қамтамасыз етілген. Оның көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2018 жылы 463 мың тонна тыңайтқыш кәдеге жаратылған. Оның 71% отандық, қалған бөлігі шетелдік. Енді биыл 471 мың тонна көлемінде тыңайтқыш кәдеге жарату жоспарланып отыр. Атқамінерлер 2016 жылы алқаптарда қолданылған тыңайтқыш қажеттіліктің 10% құрағанын алға тартады. Ал биыл бұл көрсеткіш 8 пайызға көбеймек.
Биыл егіс науқанына 147 мың трактор, өнімділігі жоғары 4 мың егіс кешені, 79,5 мың тұқым сепкіш, 249 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық жұмылдырылды. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы техникасы паркі 4 мың тракторға және 300 себу кешеніне ұлғайған. Атқамінерлердің сөзінше, оған инвестициялық демеуқаржыландыру және техника лизингі бойынша өтемақы мөлшерлемесін демеуқаржыландыру тәрізді мемлекеттік қолдау шаралары өзінің оң ықпалын тигізген.
Биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарына 60 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген. «Аграрлық несие корпорациясы » АҚ диқандар қауымының өтінімдерін қарастырып, 2000 жуық тауар өндіруші жеңілдетілген шарттар бойынша қаржыландырған.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 24.06.2019 ж. №11 (205) жарияланды.