Алматы облысында қант қызылшасының жаңа сорттары сараланды
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектурасының сорт сынау учаскесінде өсірілген қант қызылшасының сорттары мен гибридтерінің таныстырылымы өтті. Мекеме қызметкерлері Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ және Ескелді ауданы әкімдігінің басшылығына жүргізілген жұмыстары мен сынақ нәтижелерімен таныстырды. Бұл туралы «АгроИнфо» АА «Жетісу» ӘКК баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ерғазы Орымбасаровтың айтуынша, биыл корпорация Франция, Германия және Даниядан жоғары өнімді қант қызылшасының тұқымының 14,2 мың бірлігін сатып алған. Бұл тұқымдар облыстың 500-ден астам ауылшаруашылығы өндірушілеріне берілді. 2011 жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар 625 бірлік ауыл шаруашлығы техникасымен қамтамасыз етілді. Қызылша бағытында 29 сервистік-дайындау орталығы құрылып, табысты еңбек етуде.
Егістік алқабында Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектураның мамандары даниялық Maribo компаниясынан алынған қызылша сорттары едәуір жақсы көрсеткішке жеткенін атап өтті. Сорт сынау учаскесінде тәтті түбірдің 24 гибриді отырғызылған, оның ішінде Maribo кәсіпорнының 8 сорты бар.
«Данюша», «Мустанг» сияқты сорттардан нәтиже жақсы. Екінші жыл қатарынан өнімділігі мен қант мөлшері бойынша жоғары көрсеткіш «Шкипер» деген сортта. Өткен жылы өнімділік 766 ц/га, қанттылығы 17% құрады. «Торпедо» сорты да екінші жылы сынақтан өтуде. Оның өнімділігі 586 ц/га, ал қант мөлшері 18,8%», – деді Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектурасының директоры Қанат Бекиев.
Алайда, агрономдардың пікірінше, ең жақсы нәтиже Maribo шығарған «Ванилла» сортына тиесілі.
«Ванилла» алғаш рет сыналуда. Басқа сорттармен салыстырғанда жоғары көрсеткіштерге ие. Бұл қазіргі таңдағы көрсеткіш. Ал қызылша енді тағы екі ай өседі. Жалпы, «Ванилла», «Мустанг», «Хоней» сорттарының өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда гектарынан 50-70 центнерге жоғары», – деп атап өтті мекеменің бас агрономы Татьяна Кириченко.
Өз кезегінде Maribo компаниясының Қазақстан бойынша аймақтық өкілі Вячеслав Дизер еуропалық кәсіпорын баға мен сапаның ең жақсы арақатынасын қамтамасыз етуге ұмтылатынын атап өтті. Зауыт үлкен ғылыми жұмыс жүргізеді және ол 90 жылдан астам уақыттан бері әлем елдерін жоғары өнімді қызылша тұқымдарымен қамтамсыз етіп келеді.
Тәтті түбірді өсіру кезінде барлық технологияларды сақтаудың маңыздылығы туралы «Жетісу» ӘКК агротехнология жөніндегі кеңесшісі Әбілқайыр Бексұлтанов айтып берді. Маманның айтуынша, шаруаларға суару жүйесіне ерекше назар аудару керек.
«Егер суару жұмыстарының бірінші жартысында ылғал шамадан тыс көп болса, онда тамыр жерге тереңдемейді. Осыған байланысты алғашқы суару 10-15 маусымға дейін жүргізілуі керек. Әрі қарай суару жұмыстары ауа райына байланысты жүргізілу керек. Ылғалдылық деңгейі далалық ылғал сыйымдылығынан 80-85% сақталуы тиіс. Бұл тұрғыда тамшылатып суару жүйесі тиімді. Онда барлық технология сақталады», – деп түйіндеді сарапшы.
Сорт сынау алқабында қант қызылшасының тұқымдарын алу, сапасы мен бағасы турасында, сондай-ақ кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары талқыланды. Дақылдың сынау нәтижелерімен таныстыру және оны шаруашылықта қолдану үшін алдағы уақытта алқапта қызылша өсірушілермен кездесу ұйымдастыру жоспарлануда. Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектурасының учаскесінде сынақ жүргізу және патент алу мақсатында 14 дақыл, оның ішінде дәнді, дәнді-бұршақты, жемшөптік, майлы дақылдар, сондай-ақ көгалды шөптер өсіріледі.