Жаңаөзенде қант зауыты іске қосылады
Маңғыстау облысында биыл күзде алғаш рет қант шығаратын шағын зауыт іске қосылады. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.
Құрылысты жүргізу үшін Жаңаөзен қаласындағы өндірістік аймақтан 2 гектар жер бөлінді. Жоба 87 миллион теңгеге бағаланып отыр. Оны жергілікті инвесторлар қаржыландырады. Жоспарға сай кәсіпорын тәулігіне 10 тонна қант өндірмек. Айлық қуаты – 300 тонна. Жаңа зауыт ашылса, жергілікті 30 тұрғын тұрақты жұмысқа орналаспақ. Бұл зауытты ашуға өзге аймақтардан қант тасымалдап жүрген жергілікті кәсіпкерлер бастамашы болған. Қажетті шикізатты Иран мен Ресейден алдырады.
“Бір апта, екі аптаның айналасында жер рәсімдеуі бітеді. Одан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жоспар бойынша кәсіпкер алдағы қазан айында аяқталып, іске қосылады деп отырмыз. Бұл жоба іске асқан жағдайда аймақтағы қант бағасы төмен түседі”, – деді облыстық ИИД басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Тілеген Едігеев.
Дереккөзі: Baq.kz