Ара шаруашылығы агротуризмнің көзіне айнала ма

Алматы облысының Алакөл аймағында өндірілген балға Қытайда сұраныс жоғары.

Қазіргі күні Қазақстанда омарта шаруашылығын ашып, аяғынан тік тұрғызу үшін кемі 10-12 мың АҚШ доллары шамасында қаражат болуы керек екен. Әр ұяда бір ара отбасы тұруға тиіс. Оның құны 80-100 шартты бірлік шамасында. Ал омартадағы аралардың тынымсыз тіршілігі қайнап, тұтынуға қажетті бал алу үшін ара ұясы елуден кем болмауы керек дейді мамандар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Фото: ©Pexels / pixabay.com
Фото: ©Pexels / pixabay.com

Қытай бал жеп, қазақ бармақ жалай ма?

Жалпы ара шаруашылығы дамыған мемлекеттердің көшін іргедегі Қытай бастап тұр. Экспорттауда да шың елі алда. Бұл ел әр маусым сайын 250 000 тонна ара балын сыртқа жөнелтеді екен. Бірақ, Қытай ішкі нарығындағы сұранысты қанағаттандыру үшін дәл осы шамадағы бал импортын қабылдайды. Бірақ, мамандар Қытайдағы ара балын өндірудегі экспорт пен импорт көлемінің тең түсуін басқаша болжайды. Көбіне қытайлық бал өндірісі өнімді химиялық жолмен алатындықтан, ол ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие емес. Ал тұрғындардың табиғи өнімді тұтынуға деген ынтасы жоғары болғандықтан, сауда нарығына импорт енгізуге мәжбүр дейді сарапшылар. Демек, Қытайда өндірілген 250 000 тонна бал экспорт ретінде Қазақстан нарығына да еркін еніп отырғаны анық. Есесіне, көрші елде біздің омарталардан жиналған балдың бәсі жоғары. Шекараның арғы бетіндегі балқұмар жұрт аз жыл ішінде бір ғана Алматы облысындағы ара шаруашылықтарының негізгі тұтынушысына айналып отырғаны бұған дәлел.

Өткен жылы Қытайдың Шанхай қаласында импорт тауарларының халықаралық көрмесі өткен еді. Бұл көрмеге 130 мемлекеттің өнім өндірушілері қатысқан екен. Қазақстан да өзінің павильонында отыздан астам кәсіпорынның өнімін ұсынды. Осы көрмеде әлемдегі сауда нарығының үлкен ойыншыларын Алматы облысының Алакөл ауданы аумағында өндірілген ара балы қатты қызықтырыпты. Әсіресе, Қытай кәсіпкерлері «Лепсі өнімдері» шаруашылығының балын түп қотара сатып алуға бейіл болыпты.

«Қытайлық компания өкілдерінің біздің өнімге деген қызығушылығы жоғары, сұраныс тұрақты түрде жолданып тұрады. Осыған дейін серіктестерге оннан астам сыналатын өнімдер топтамасын жібергенбіз. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Өнімді экспорттау бойынша мәселемен айналысып жатырмыз», – дейді «Лепсі өнімі» серіктестігінің сауда өкілі Диас Серікбаев.

Айтпақшы, Қытай тарапымен бұған дейін дайын бал өнімін ғана емес, бал арасын сатып алу бойынша да келісім болған екен. Бір ғана Шэньси провинциясының кәсіпкерлері Қазақстаннан бал араларын сатып алған. 35 млн тұрғыны бар осы өлкеде балға деген сұраныс өте жоғары көрінеді. Бірақ, мұқым Қытайды балмен қамтуға Қазақстанның мүмкіндігі жоқ. Дерек бойынша, қазір отандық омарташылардың жылдық өнімі 10 000 тонна шамасында. Бұл ішкі нарықты толық қамтуға жетпейді. Сондықтан да қазақтың қасығы әлі де орыс пен қытай омарталарында жиналған балға шылана бермек.

Ара шаруашылығын қолдау агротуризмді дамыта ма?

Айтпақшы, қазақ балын сатып алуға Қытайдан бөлек араб елдері де ынталы. Арабтар дайын өнімді тұтынушы ғана емес, ара шаруашылығының жұмысымен танысуды қызық көреді екен. Қазір дәл осы бағыттан пайда табуға болады. Ол үшін аймақтардағы агротуризмді дамыту керек.

«Біздің омарта шаруашылығымыз Іле Алатауының бөктерінде, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан. Таудағы табиғат әлемі ғажап. Мұнда жиналған ара балының дәмі тіптен ерекше. Қазір біздің өнімдерімізге өз елімізден бөлек, Қытай, Ресей, араб елдері қызығып отыр. Сырттан келетін туристер үшін демалыс ұйымдастыруды қолға алдық. Ара шаруашылығының жұмысын бақылап, балдың қалай жиналатынын көруге жұрт құштар. Әрі денсаулыққа пайдалы саяхат жасауға болады. Осының бәрін агротуризм аясында жүргізу керек. Қазір Алматы облысында бұл жұмыстар жүйеленіп қалды. Облыс әкімінің көмегімен шаруашылыққа дейінгі жолды асфалттадық. Келушілер қиналмай жүреді. Былтыр бізге Сауд арабиясы, Грузия, Германия, Италиядан туристер келді», дейді Қарасай ауданындағы «На100%ящий мед» ара шаруашылығының жетекшісі Павел Коновалов.

Ара баққан қиын ба, бала баққан қиын ба?

Балдың дәмі тәтті болғанымен, еңбегі қатты дегенді жиі айтамыз. Мұны өз шебері Павел де құптайды. Бұрынғы әскери қызметкер дағдарысқа шыққан күннен бастап бал арасын бағуға кірісіпті. Қазіргі ісі өнімді, табысы да шаш етектен. Павелдің омарта шаруашылығында 1000 аналық ара бар. Бал бизнесі табысты болу үшін аналық аралардың санын арттырып отыру керек екен. Ісі нәтижелі болып, өзін ақтауы үшін кемі 50 аналық ара бал жинауы керек. Оның қақ жарымы шығынды жабуға кетсе, қақ жарымының өнімі табыс әкелуі мүмкін. Аналық араны өсірудің өзіндік құпиясы бар екен. Бұлар 5 жылға дейін өмір сүріп, бал жинауға қабілетті. Өте сезімтал, жарық пен түс, иіс пен жылуды сезу қасиеті жоғары деңгейде дамыған. «Қазір тұтынушылардың таза балдан бөлек «ара сүтіне» сұранысы көбейді. Біздің шаруашылық осы бағытты дамытып отыр. Жылына 20 килоға дейін «ара сүтін» жинаймыз. Бұл ел бойынша рекорд. Басқа шаруашылықтар 150-200 грамм ғана жинап келеді. Жалпы, отандық омарташылар арасында жақсы бәсеке қалыптасты. Біз бір жылдары 2050 жылға дейін Қазақстандағы бал өнімін 1 млн тоннаға жеткіземіз деп уәделескенбіз. Осыған тырысып жатырмыз. Әрине қиын, бірақ қиындықты еңсерген адам ғана табысқа жетпей ме?!» – дейді Павел Коновалов.

Араны балаша бағып-қағып, таза бал жинап отырған жанның бірі – Балқаш ауданындағы Үшжарма ауылының тұрғыны Жанат Сырбаева. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы бойынша несие алып, өз ісін бастапты. Жоба бойынша оқыту тәмамдалған соң Жанат Сырбаева «Інжу» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, несие алуға өтініш берді. Ол құны 4 млн теңге болатын бизнес-жоспар әзірледі. Аз уақыттан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы қаражатқа қол жеткізді. Бұл ақшаға отбасы көлік, қажетті жабдықтар мен қосымша ара ұяларын сатып алады.

«Алған білімді қажетке жаратайық деп, бал шаруашылығын аштық. Отбасымыздың жұмыс көзіне айналды. 40 шақты ара ұясы бар, онда 22 ара әулеті бағымда. Өнімі жаман емес. Мысалға, бір маусымда әр ұядан 20 келідей бал аламыз. Былтыр балдың әр килосын 1500 теңгеге саттық. Әрине, бал арасын бағу оңай емес. Кейде «ара баққаннан бала баққан оңай-ау…» деп күліп аламыз»,– дейді Жанат.

Қазір «Інжу» шаруашылығының омартасынан жиналған бал Балқаш ауданында ғана емес, Алматы қаласында да сатылуда. Биыл тұтынушылар қатары тағы да артты, қазірден бастап тапсырыс берушілер бар. Негізі, таза балға сұраныс көп екені анық.

Айтпақшы, Дүниежүзілік ара шаруашылығы ассоциациясының дерегінше, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын жалпы көлемі 1 килограмм бал жейді екен. Қазақстанда бұл мөлшер аздау: біздің тұтынатын бал 50 грамнан аспайды. Есесіне қантқұмармыз, әрқайсымыз жылына 36 килограмм шекер жейді екенбіз. Оның себебін бал бағасының тым көтеріңкі екенін де іздеу керек сияқты. Қазір нарықтағы қант бағасы 280-320 теңге аралығында болса, балдың 1 килосы 1500-3000 теңге шамасында.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы