Ауа райы тосын мінез танытуы мүмкін (талдау үшін)
Көктем келісімен диқандар қауымы құрал-саймандарын сайлауға кірісті. Берекелі өнімге кенелу үшін егіс жұмыстарын дер кезде бастау қажет.
Ылғалмен қамдану қажет
Виктор Сурай 18 жылдан бері жерден ризығын татып келеді. Шаруасын дөңгелетіп алған Ақмола облысының тұрғыны кезекті науқанға әзірлікті қамшылаған. Биыл 1800 га аумаққа дәнді дақыл сіңіру межеленген. Қажетті құрал-сайман мен техника алдын ала сайланды. Сайран салған шегірткенің кебін кимеу үшін тұқыммен 100 пайыз қамданған. Өнімділіктің кілтін тапқан диқан ылғал сақтау технологиясын да қалт жібермейді.
– Егіс науқанына толық әзірмін. Қажеттінің барлығы өз еншімізде бар. Тек мамандар қат. Десек те қапы қалмау үшін 3-4 мамырдан бастап егіс науқанына кірісуді жоспарлап отырмын. Алқаптарға астықпен қатар сұлы және арпа себіледі. Себебі егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен айналысамын. Жем-шөпті алыстан дорбалатпай, оны өзім дайындаймын, – дейді ол.
Виктор Васильевич сәуегей синоптиктердің болжамын қаперге алған. Мамандардың байламынша, табиғат тосын мінез танытып, ауа райының қолайсыздығы диқандарды әуре-сарсаңға салуы кәдік. Мамыр айында ауа температурасы нормадан асып, +15 градустан жоғары болуы мүмкін. Ал түсетін жауын-шашынның көлемі мардымсыз, қалыпты көрсеткіштен төмен. Сәйкесінше ылғал қорын сақтау жұмыстарын мықтап қолға алған ләзім. «Ауа райына тоқталсақ, науқан үшін аса қолайлы жағдай болмайтындықтан, өндірушілер дала жұмыстарының оңтайлы мерзіміне, яғни биылғы мамырдың ортасына дейін топырақтағы ылғалды сақтауға баса назар аударғандары жөн. Бұл ретте кейбір ауылшаруашылық технологияларға түзетулер енгізу қажет. Оның арқасында егіс науқанына мамыр айының алғашқы жартысында кірісуге жол ашылмақ», – деп мәселенің мән-жайын А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының бас директоры Жексенбай Қасқырбаевжайып салды.
Ресми дәйектерді тергіштесек, ылғалды сақтау технологияларын ендіруге қызығушылық артқаны байқалады. Соңғы 5 жылда аталмыш әдіс кәдеге жаратылатын алқап 1,4 млн га артқан. 2015 жылы оның көлемі 12,6 млн га жетсе, нөлдік технология 3 млн га аумақта қолданылады.
Әртараптандырудың әсері
«Артық қыламын деп, тыртық қылды» дегеннің кері келмеу үшін әртараптандыру саясаты қолға алынған-ды. Оған дәнді дақылдың қажеттіліктен тым артық жиналуы түрткі болған. 2009-2011 жылдары сары алтынның орташа жылдық көлемі 16,5 млн тоннаны құрады. Бірақ бұл сұраныстан 3,9 млн тоннаға асып түскен. Астықты өткізуде тығырыққа тірелмеудің амалы дақылдың өзге түрлеріне мемлекеттік демеу көрсетуге бағытталды. Оның нәтижесі де ұзақ күттірген жоқ. Сары алтынға бүйрегі бұратын диқандар майлы және мал азығы дақылдарына бет бұрды. Ал астықтың алқабы 2,1 млн га, яғни 15 пайызға қысқарды. Есесіне майлы дақылдар 11%, мал азығы дақылдары 42% ұлғайды. Бұл ретте топырақтың өнімділігін арттыру жұмыстары көңіл көншітпейді. Минералды тыңайтқыштар бар-жоғы 1,5 млн га алқапта қолданылған.
Биыл еліміздегі ауылшаруашылық дақылдардың алқабы 0,4 млн га ұлғайып, 21 млн.га құрайды деп межеленген. Оның 15,2 млн га дәнді дақылдар сіңіріледі. 4 млн га жем-шөптің тұқымы себілмек. Барлығы қамданған. Бірақ кейбір өңірлерде тұқымның тапшылығы орын алған. Атқамінерлер мәселені артылған дәнмен облысаралық алмасу арқылы тарқатуды діттеп отыр. Бұл ретте тұқымды демеуқаржыландыру тетігі тағы пысықталмақ.
– Қазіргі уақытта тұқым шаруашылығын демеуқаржыландыру ережелері қарастырылу үстінде. Тек 1-ші репродукция ғана демеуқаржыландырылмайды, 1-ші репродукциядан төмен емес тұқым субсидияланады. Бұл тауар өндірушілерге элита және суперэлита іспетті жоғары репродукциялы тұқымды сатып алуға мүмкіндік береді. Олар бекітілген нормаларға сәйкес субсидияланады, – деп түсіндірді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қаджыбекова.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техникадан тарыққан диқандар үшін науқанды дер кезінде тәмамдаудың өзі мұң. Бірі тамыр-таныстарына қолқа салса, бірі оны жалға алады. Мұны ескерген атқамінерлер берекесі сезілмеген субсиядан бас тартып, оны техниканы еншілеуге бағыттамақ.
«Ауыл шаруашылығы дақылдарын дер кезінде егу үшін техника паркін жаңарту қажет. Техниканы алуға жағдай жасау мақсатында биыл министрлік тарапы ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауды жоспарлап отыр, яғни оның құнының 25 пайызына дейінгі шығыны өтелмек. 45 млрд. теңге көлеміндегі босаған қаржы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге инвестициялық қаржы бөлген кезде, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін жұмсаған шығындарының орнын толтыру бойынша субсидиялауға бағытталады», – дейді ол.
Венера Мұстафина
25.04.2016 ж. жауап
Также читайте:
Посевная в июне: паниковать не стоит (для анализа)
Бездеятельность агрария, или непогода (для анализа)