Төтенше жағдай кезінде бизнеске қандай жеңілдіктер жасалады?
Елімізде 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық және өзге де төлемдерді төлеу мерзімі шегерілді. Арнайы брифинг барысында ұлттық экономика вице министрі Мәди Тақиев осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Kazakh TV хабарлады.
Сондай-ақ оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілері меншікті жалға алу ақысынан уақытша босатылды.
Мәди Тақиев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
– Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Ал бұл жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарнасы, жарналар мен міндетті медициналық сақтандыру төлемдері және әлеуметті төлемдер сынды салық пен төлемдердің 5 түрін қамтиды.
Сондай-ақ Мәди Тақиев елімізде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылғанын айтты.