Тиімді дақылдарды өсіруге қадам жасалуда
Астықты өлке егістіктерді әртараптандыруға мықтап кіріскен. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар майлы дақылдардың алқабын ұлғайтты. Сонымен бірге сояны өсіруге басымдық берілмек.
Нан болса, ән де болады
Биыл теріскейліктер 5,1 миллион тонна сары алтын жинаған. Ауа райы тосын мінез танытқанымен, солтүстікқазақстандықтар өнімділікке дән риза. Гектар берекелігі 18 центнерден айналған. Бұл – диқандар қауымының танап басындағы тынымсыз еңбегінің жемісі.
– Астық бағасы диқандар қауымының көңілінен шығады. Бүгінде 3 сыныпты бидайдың тоннасы 82 мың теңгеге бағаланған. Ө ткен жылғы баға 52 мың теңгені құрады. Баға айтарлықтай өсті. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілерге техника сатып алуға, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп өңірдегі аграрлық саланың тынысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бағамдады.
Оған агротехнологиялардың дұрыс сақталуы да оң әсерін тигізген көрінеді. Топырақты тыңайтпасаң, оның берекелі өнімге қарық етуі екіталай. Биыл аймақтағы 2,7 млн егістік алқабына 120 мың тонна тыңайтқыш енгізілген. Теріскейлік атқамінерлер топырақтың құнарлығын сақтауға баса назар аударылатынын алға тартып отыр. Астықты өлкедегі егістіктердің ахуалы мен сапасын анықтау үшін агрохимиялық талдау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша топырақта фосфор, калий тәрізді элементтер жетпейтіні анықталды.
– Біздің облыста жылда агротехнологияларды берік ұстанып, гектарынан 30 центнер өнім алатын шаруашылықтар бар. Олар кешенді жұмыс жүргізеді. Мәселен, биыл «Зенченко және К» серіктестігі гектарынан 32 центнер өнім жинады. Серіктестік өз қызметкерлері үшін жылда үй салады. Биыл 18 үйдің қазығы қаланды. Барлығы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Бұл шаруашылық орналасқан ауыл тұрғындарының барлығы екі қолға бір күрек тапқан. Қыл аяғы, оған жұмыс іздеп, қоныс аударғандар бар, – деп мәселенің мән-жайына өңір тізгінін ұстаған Құмар Ақсақалов тоқталды.
Сары алтынның нарықтағы құны қымбаттағандықтан, көпшілік ұн мен нан өнімдерінің бағасы өзгеретінін болжады. Атқарушы билік әлеуметтік нанның сауда сөрелеріндегі ахуалын қатаң қадағалауға алған.
– Біздің облыста әлеуметтік нанның бір бөлкесі 61 теңге тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл баға өскен жоқ. Петропавл қаласының өзінде тәулігіне 2 тонна 400 келі әлеуметтік нан сауда сөрелеріне жол тартады. Оның бағасын бір қалыпта сақтау үшін тамыз айында ұнның келісін 85 теңгеден, яғни төмен бағамен сатып алынды. Алдын ала астықтың бағасы қымбаттайтынын болжадық, – дейді аймақ басшысы.
Құнарлы жердің өнімділігі де жоғары
Өңірдің топырағы – құнарлы. Егер білек сыбана еңбек етсең, жоғары өнімділікке қол жеткізесің. Ал шырылдаған шегірткенің кебін кигендер жер сипап қалады. Бұл ретте диқандар қауымының жауапкершілігін күшейту қажет. Аймақ басшысының пікірі осыған саяды.
– Диқандардың тағы бір санаты бар. Олар танап басында еңбек етеді. Бірақ жинайтын дәндердің сапасы төмен әрі өнімділік те көңіл көншітпейді. Оларда өнім берекелігі гектарынан 7-8 центнерден айналады. Біздің құнарлы жерде кемінде гектарынан 20 центнер өнім жинауға болады. Сондықтан бұл заңмен реттеліп, айыппұл қолданылса дұрыс немесе жерді тиімді жұмыс істейтін басқа адамға беру қажет, – деп түйді аймақ жетекшісі.
Егістік алқабын жалға алып, танап басында еңбек етпесең, мемлекет меншігімен қоштасуға тура келеді. Соңғы 4 жыл ішінде өңірде ауылшаруашылық мақсаттағы 670 мың гектар жер мемлекеттің меншігіне қайтарылған. Егер бұған дейін диқан егістік алқабын кәдеге жаратпаса, 5 жылдан кейін оны кері қайтару жұмыстары қолға алынған. Енді тиісті заңнамаға өзгеріс енгізіліп, бұл мерзім 2 жылға дейін қысқартылды.
– Іс жүзінде оған 3 жыл уақыт кетеді. Бұл мерзімді әлі де қысқарту қажет деп ойлаймын, – деп өзінің ойын өңір басшысы білдірді.
Жақында мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізді. Оған сәйкес алдағы уақытта фунгицидтер субсидияланбақ. Оның маңыздылығын диқандармен қатар атқамінерлер де алға тартып отыр. Себебі фунгицидтердің құны тауар өндірушілердің қалтасына салмақ салды. Ал жоғары әрі сапалы өнімділікке қол жеткізу үшін егістіктерде жайқалған дақылдарды түрлі аурулардан қорғау қажет.
Сояның сыры
Астықты өлке тек сары алтын өсірумен шектелмейді. Солтүстікқазақстандықтар егістіктерді әртараптандыру жұмыстарын нысанаға алған. Мәселен, 2019 жылы майлы дақылдың алқабы 1 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Жиналған өнім ішкі нарыққа ұсынылып, көрші Ресейге әрі Бельгия, Польша, Латвия секілді Еуропа мемлекеттеріне сатылады. Майлы дақылдардың экспорты 75,8 мың тоннадан 157,6 мың тоннаға дейін ұлғайды. Теріскейлердің жаңа дақылдарды игеруге бет бұрысы бары байқалады. Тұңғыш рет өңірде соя өсірілді. Атқамінерлер мен диқандар қауымы бұл дақылдың жергілікті жағдайға бейімделуін сараптаған. Оның жергілікті ауа райына бейімделуін әрі шығымдылығын бағамдау ұйғарылды. Сондықтан тәжірибе ретінде биыл 20 мың гектар алқапқа соя егілді. Дақыл өңір алқаптарында жайқалған. Өнімділігі де көңілге медеу. Келесі жылы оның аумағын 5 есе ұлғайту межеленген. Қағаздағы жоспар іске асса, теріскейліктер 100 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңіреді.
– Соя өте жақсы өседі. Биылғы нәтижелеріміз де жаман емес. Сояға сұраныс өте көп. Әсіресе, аспан асты елі «қанша ексеңіздер, біз сатып аламыз» дейді. Бір тоннасы 150 мың теңге тұрады. Гектарынан 10 центнер соя алсақ, бұл – өте тиімді. Бидайға қарағанда сояның бағасы жоғары. Сондықтан биыл сояны өсірген шаруашылықтар оны өсірудің тиімділігіне көз жеткізді. Енді олар келесі жылы алқаптың көлемін ұлғайтуға дайын. Тұқым бар, – деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.
Егістік құрылымы өзгертілмек
Келешекке көз жүгірткен атқамінерлердің пайымынша, алдағы 1-2 жылда теріскейде ауыл шаруашылығы барынша әртараптандырылады. Оның арқасында дәнді дақылдармен қатар 1 миллион гектар майлы дақыл, 500 мың гектар соя өсіру діттеліп отыр. Ал егістік құрылымы тиімді болса, диқандар қауымы да тұрақты кіріске кенелмек.
– Мен заң түрінде диқандар қауымының егін ексе, мал өсіруі қарастырылғанын құптаймын. Бүгінде мұндай заң жоқ. Оны шаруаның қалауы шешеді. Бірақ әдетте олар мал өсіруге құлшыныс танытпайды. Ал егер міндеттесең, онда жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіні сөзсіз, – деп өзінің пайымын өңір тізгінін ұстаған Құмар Ақсақалов бүкпесіз ортаға салды.
Танап басындағы тірлік маусымдық екендігі белгілі. Ал тауар өндіруші ата кәсіппен айналысса, жыл бойы тұрғындарға жұмыс ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметтеріне сүйенсек, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 60%-дан астамы мал шаруашылығымен емес, тек өсімдік шаруашылығымен айналысады.
Неміс техникасы Қызылжарда құрастырылады
Солтүстікқазақстандық атқамінерлер өңірдің тартымдылығын арттыруға күш-жігерлерін салған. Жақында облыста арнайы экономикалық аймақ ашылды. Оған ірі трансұлттық компанияларды тарту жоспарланған. Алдағы уақытта Қызылжарда Claas техникалары құрастырылмақ. Комбайндар, тракторлар, себу кешендері – оның бір парасы. Сонымен бірге атқамінерлер аталған техниканың құнын 50 пайызға төмендетуге дәмелі.
– Солтүстік Қазақстан облысы агросекторға инвестиция тарту бойынша көшбасшы болып табылады. Республикалық көлемнің төрттен бір бөлігі СҚО- ға тиесілі. Тек соңғы үш жылда облыстың АӨК-не 200 млрд теңгеден астам қаржы инвестицияланды. «Kyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Бұл экономикалық аймақ Петропавл қаласында 4 субаймақ түрінде орналасқан. Оның 3-уі өңдеу өндірістерін құруға, біреуі құрылысқа бағытталған, – деп өңірде ауыл шаруашылығының дамуын Құмар Ақсақалов жіпке тізді.
Өңір – агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өндіру бойынша көш басшылардың бірі. Соңғы 3 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,3 есеге өсіп, 516 млрд теңгені құраған. Облыс экономикасының құрылымында ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің төрттен бір бөлігін алады.
Ет пен сүт өндірісі қамшыланбақ
Өңірде егіншілікпен қатар ата кәсіп текең қанат жайғаны мәшһүр. А дам басына шаққанда 171 келі ет өндіріледі. Бұл облыстың қажеттілігінен 3 есе жоғары. Сонымен бірге «EMC Agro» ЖШС ет комбинаты мен ірі шошқа кешені іске қосылды. Оған 5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Кәсіпорын жылына 5 мың тонна ет өндіреді, 3 мың тонна дайын өнім шығарады.Жылына 550 мың тонна сүт өндіріледі. Биыл дүкен сөрелерінде жергілікті сүт өнімдері 7% артқан. Өнімділігі жоғары сандық сүт фермаларын құруға басымдық берілген. Бүгінде олардың саны 20 жетті. Соңғы үшеуі биыл іске қосылған.
– 2020 жылы қосымша 5 мың сиырға арналған 10 заманауи ферма салу жоспарланған. Сүт кешендерінің жұмысы арқылы сүт өндірісі жылына 20 мың тоннаға артады. Бүгінде ет өндіру тиімді болып табылады. Бұл ретте үлкен ауылшаруашылық аумақтардың барлық артықшылықтары қолданылмайды, – деп өзінің аймақ жетекшісі түйіндеді.
Келесі жылы өңірдегі «Маслодел» компаниясы сүт пен қаймақ өндірісінің жаңа желісін іске қоспақ. Оған 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның арқасында облыста жан басына шаққанда 1 тонна сүт өндірілмек.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 09.12.2019 ж. №22 (216) жарияланды.