Талдықорған дүкендерінде «әлеуметтік сөрелер» ашылды
Талдықорған дүкендерінде қолжетімді бағамен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатылатын «әлеуметтік сөрелер» орнатыла бастады. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ның мәліметінше, қазіргі уақытта Талдықорған қаласының және Өтенай ауылының дүкендерімен төрт агенттік келісім жасалды. Аталмыш төрт дүкенде Алматы облысының тұрақтандыру қорының өнімдері белгіленген баға бойынша сатылып келеді. Бұл туралы «АгроИнфо» АА «Жетісу» ӘКК баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
Олардың қатарында құмшекер, күнбағыс майы, күріш, кеспе, картоп және пияз бар. Отандық өнімдер жоғары сапалығымен және қолжетімді бағамен ерекшеленеді. Бұл азық-түліктерді дүкендерден «Әлеуметтік маңызды тауарлар» атты арнайы бұрышынан табуға болады.
«Әлеуметтік сөрелердің» ашылуы – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасын ұстап тұру шараларының бірі. Бұл тауарлар тұрақтандыру қорының қоймалары арқылы және апта сайын Талдықорған қаласының коммуналдық базары арқылы сатылады. Жалпы Алматы облысының Тұрақтандыру қоры 2015 жылдан бастап 10 991,2 тонна азық-түлік тауарларын сатып алды, оның 7283,6 мың тонна өнімі өткізілді. Қазіргі таңда қорымызда 3707,6 тонна өнім қалып отыр» – деді «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Альмира Ыбрайымова.
Сондай-ақ, «Жетісу» ӘКК облыстың 52 наубайханасымен бірінші сұрыпты бидай ұнын жеткізу жөнінде агенттік келісім жасады. Қазіргі наубайханаларға 3 мың тоннадан астам ұн жөнелтілді. Наубайханаларға ұнды жеткізу 2019 жылдың қарашасында басталып, 2020 жылдың мамырына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерге ұн бір килограмм үшін 90 теңге бағасымен берілді. Соның арқасында наубайханадан жасалған нанның бағасы 85 теңгеден аспайды.
ӘКК әлеуметтік бағдарланған дүкендер желісін кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Біз бірнеше жыл бойы сауда саласында кәсіпкерлікпен айналысып келеміз. Сондықтан тұрғындар үшін азық-түлік бағасының қолжетімді болуының маңыздылығын жақсы түсінеміз. Жақында «Жетісу» ӘКК-мен агенттік келісім жасасып, дүкенімізде әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуды бастадық. Өнімдердің бағасы сатып алушылар үшін қолайлы», – деп атап өтті «Талмурзин» ЖК директоры Ерлан Талмурзин.
Дүкендердің мекенжайы: «Санжар»: Талдықорған қаласы, Пушкин көшесі 239 А; «Айзере»: Талдықорған қаласы, Өтенай ауылы, Бейбітшілік көшесі 2/1; «Әлеуметтік дүкен»: Талдықорған қаласы, Абылай хан көшесі 113; «Дильназ»: Талдықорған қ., Гаухар ана көшесі 110/112.