Шілде айында әлемдегі азық-түлік бағасы қымбаттады
Өсімдік майлары мен сүт өнімдері бағамдарының өсуі және ет пен күріш бағаларының төмендеуі аясында ФАО Азық-түлік бағаларының индексі артуда, «АгроИнфо» АА «ФАО-ның Орталық Азиядағы» баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.
ФАО арнайы баяндамасының деректеріне сүйенсек, әлемдегі азық-түлік бағалары қатарынан екі ай бойы артып келеді, сонымен бірге өсімдік майлары мен сүт өнімдері елеулі қымбаттаған.
ФАО Азық-түлік бағалары индексінің орташа көрсеткіші шілде айында 94,2 ұпайды құрап, маусым айындағы көрсеткіштен 1,2 пайызға, ал өткен жылғы шілдедегі көрсеткіштен шамамен 1 пайызға артық болған. ФАО Азық-түлік бағаларының индексі ең кең таралған азық-түлік шикізаты тауарларының дүниежүзілік бағаларындағы өзгерістерді қадағалайды.
ФАО Өсімдік майларының бағасы маусым айындағы көрсеткіштен 7,6 пайызға артып, соңғы бес айдағы ең жоғарғы деңгейге жеткен. Күтілетін өндіріс көлемдерінің қысқаруы (мысалы, пальма майы үшін) және халықаралық импорттық сұраныстың артуы мен жұмыс мигранттарының жетіспеушілігі өсімдік майларының негізгі түрлерінің халықаралық бағамдарының өсуіне себеп болды. Өткен айда ФАО Сүт өнімдерінің бағасы 3,5 пайызға қымбаттап, аталмыш өсім санатқа кіретін сары май мен ірімшіктен құрғақ сүтке дейінгі барлық өнімдерді қамтыды.
ФАО Астық бағаларының индексі маусымдағы көрсеткішпен салыстырғанда еш өзгеріске ұшырамады: бір жағынан, Қытай мен Америка Құрама Штаттарының қомақты сатып алулары жүгері мен құмай бағасын күрт қымбаттатса да, екінші жағынан – 2020 жылғы күріш өнімінің жағымды болжамдары аталмыш дақылдың бағасын арзандатып жіберді. Сауда белсенділігінің баяулауына орай, бидай бағасында елеулі өзгерістер байқалмады.
ФАО Қант бағасының индексі 1,4 пайызға артты: Бразилиядағы қант өндірісінің көлемі жайлы оң деректер энергия тасымалдаушылар бағасының артуы мен ұзаққа созылған қуаңшылық нәтижесінде Таиландтағы қант өндірісінің болжалған қысқаруының салдарын аздап қана жоя алды.
ФАО Ет бағаларының индексі бір ай бұрынғы көрсеткіштен 1,8 пайызға, ал өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 9,2 пайызға төмендеді. Шошқа мен қара мал етінің бағамдары шілдеде арзандады: негізгі экспорттаушы аймақтардағы пандемия себебінен болған іркілістерге қарамастан, әлемдегі импорттық сұраныс экспорттық ұсыныстан төмен деңгейде сақталуда. Жем бағасының артуы мен келешектегі сұраныстың төмендеуі салдарынан Бразилиядағы өндіріс көлемдері қысқаруының салдарынан құс еті қымбаттаған.
2020 жылғы шілде айынан бастап Азық-түлік индексінің қамтуы мен есептеу әдістемесі кеңейтіліп, қайта қаралды. Енгізілген өзгерістер туралы толығырақ ақпаратты «Азық-түлік болжамының» соңғы шығарылымынан оқи аласыздар.