Павлодар облысында күзгі жиын-терім жұмыстары толық аяқталды
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1097,8 мың гектар алқапқа салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 87,3 мың гектарға артық. Жиналған астықтың жалпы көлемі 786 мың тоннадан асты. Бидайдың орташа өнімділігі гектарына 10,5 центнерден келіп отыр. Аграрлық сала мамандары қуаңшылық жылдары бұның төмен көрсеткіш саналмайтынын айтады. Есесіне бидайдың сапасы жоғары екен. Азық-түлік корпорациясы астық бағасын бекіткен. Қазір жиналған өнімді кептіріп, қамбаға құю жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы жылы іргесі қаланатын қант зауыты үшін алғаш рет тәжірибелік алқаптарда салынған қант қызылшасынан да мол өнім алынды. Суармалы алқаптарда картоп өсіретін шаруа қожалықтарын биыл өнімнің бағасы қуантып отыр. Жылда картоптың келісі 20-25 теңгеден босатылса, биыл 50-55 теңгеден сатылып жатыр. Екінші нан аталатын көкөністі еліміздің көптеген аймақтары мен Ресейдің көрші облыстары сатып алады. Енді алынған өнімді ысырапсыз жинау мақсаты тұр. Диқандар қолайлы ауа райының әрбір сәтін ұтымды пайдаланып қалуға тырысуда.
Айта кету керек, аймақтағы астық сақтайтын эловаторлар толыққанды жұмыс істеп тұр.
Нұрлан Садыбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Біз бүкіл астықты 5 қазанда 100% жинап болдық. Бізде өнімділігі 10,5 центнер гектардан шығып жатыр. Бүкіл біздің жинаған астығымыз қазір элеваторға салып жатырмыз. Бізге элеваторға көлемі 330 мың тонна керек. Қазіргі таңда 8% қана салдық. Бағасы қазір азық-түлік корпорациясы 1 келісін 70-76 теңгеден беріп жатыр.