Міндет пен меже: қолға алынған бағыт қандай?
«ҚазАгро» АҚ еншісінде құны 611 млрд теңге құрайтын 776 инвестициялық жоба бар. Холдингтің тізгінін ұстаған Е. Қарашөкеевтің сөзіне сүйенсек, 2019 жылы 56 жоба қаржыландырылған.
10 сүт-тауарлы ферманың ашылуына қолдау көрсетілген. 10 жоба ауылшаруашылық өнімдерді қайта өңдеуге бағытталған. Сонымен бірге өткен жылы жалпы 36 тонна етті өңдеуге қауқары бар 2 құс фабрикасына несие берілген. Өндірісті қамшылау қажеттігі биік мінберлерден талай мәрте айтылды. Отандық құс еті әлі де қат. Ресми сандарды сөйлетсек, еліміздегі 19 құс фабрикасы бар. Олардың жалпы қуаттылығы 248 мың тоннаны құрағанымен, 25 пайызға жуығы жүктелмеген. Сондықтан болар, 2019 жылы отандық құс етінің өндірісі 223 мың тоннаны құраған. Бүгінде Қазақстан құс еті бойынша әлі де сыртқы нарыққа алақан жаяды. 2019 жылы 173,1 мың тонна құс еті өзге елдерден жеткізілді. Өткен жылы құс етінің импорты 2018 жылмен салыстырғанда 18,5 мың тоннаға төмендеп, оның үлесі 45,3% құрады. Атқамінерлер көрсеткіштің төмендегенін алға тартып отыр. 2018 жылы отандық сауда нарығындағы құс етінің 49 пайызы сырттан жеткізілген. Биыл атқамінерлер 30 мың тонна құс етін өндіруді ұйымдастыруға дәмеленіп отыр. Оның арқасында импорттың деңгейі 1,3 пайызға төмендейді деп күтілуде.
– Импорт үлесі Ақмола облысында 25 мың тонна құс етін өндіруге бағытталған жобаның бірінші кезеңін іске қосумен және Жамбыл облысында жылына 8000 тоннаға дейін құс етін өндіретін қолданыстағы құс фабрикасын кеңейтуге байланысты төмендеді. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында біз одан әрі импортты алмастыру үшін құс етін өндіру көлемін арттыру шараларын қабылдаймыз, – деп мәселенің мәнісіне ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ведомствоның алқа мәжілісінде кеңінен тоқталды.
«ҚазАгро» АҚ-ның несие құрылымына тоқталсақ, қаржылық қолдаудың 52 пайызы егіншілікке бағытталған. Несиенің 35% ата кәсіпке, 8% қайта өңдеуге тиесілі. Биыл 391 млрд теңге көлеміндегі қаржы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға жұмсалмақ. Оның арқасында мүйізді ірі қараның саны 156 мыңға көбейсе, ұсақ малдың басы 160 мыңға артады. Қағаздағы жоспар іс жүзінде іске асса, жалпы қуаттылығы 46 мың тонна сүтті құрайтын 9 сүт-тауарлы ферма ашылмақ.
– Агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 5 жылда кемінде 2,5 есе ұлғайту қажет. Өнімділікті бірінші кезекте аграрийлерді техникалық қайта жарақтандыру арқылы арттыру қажет. 2019 жылы ең төменгі технологиялық деңгей 6% болғанда, жаңартудың орташа деңгейі 4%-ға жетті. Сонымен қатар республика бойынша есептен шығаруға жататын ауыл шаруашылығы техникасы паркінің деңгейі жоғары екендігі байқалады. Бұл өз кезегінде машина-трактор паркін жаңарту қарқынын төмендетеді. 80% тозған ескі техниканы есептен шығармай, жаңарту деңгейін көтере алмаймыз. Себебі сатып алынатын техника жалпы парктің ішінде көрінбейді, – деп саланың тынысын Айдарбек Сейпілұлы тергіштеді.
Қолдағы құрылғыны жаңартуды ұйғарсаңыз, мемлекеттік қолдауға иек арта аласыз. Лизингке ауылшаруашылық техниканы сатып алуға 82 млрд теңге бөлінбек.
Венера Мұстафина