Мал ұрлығы үшін қылмыстық жаза күшейтілді
Түркістан облысында 82 бас малды ұрлаған күдікті елордада қыдырып жүрген жерінен ұсталды. Тергеу барысында ол малды сатып, ақшасын жұмсап жібергенін айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Енді біраз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Себебі біздің елде мал ұрлағандарға жаза күшейді. Сонымен мұндай әрекет үшін ұрылар қанша жылға сотталуы мүмкін?
Мал ұрлығы тиылмай тұр. Былтыр осы сипатта 4700-ден астам қылмыс тіркелген елде. Көш басында шығыс аймақ.
– Ең көбісі Алматы облысында тіркелді. 64 қылмыс және де ШҚО 112 факті.
Жаңа жылдың алдында заң қатаңдатылды. Жаңа құжаттың жай-жапсарын ішкі істер министрлігінің өкілдері түсіндіріп берді.
Сонымен жаңалығы – қылмыстық кодекске мал ұрлығы бойынша арнайы бап енгізілді.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы:
– Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды.
Бұдан бөлек енді мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар ымыраға келе алмайды. Тиым салынды. Қылмыстық кодекстің 68-ші бабына түзету енгізілген.
Тұрсын Қабдулданов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары:
– Бұрынғы кездерде татуласы арқылы бәрі шешіліп кететін. Қазір ондай қылмыс тарапынан ондай алынып тасталды. Қазір егер мал ұрлығына қатысы бар кінәлі адамдарға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 7 жылға дейін егер олар ұйымдасқан түрде қылмыстық топ болатын болса 10 жылға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Жалпы мал ұрлығы бойынша мал тасымалдайтын автокөліктерге бақылау күшейтіліп келеді.
Қорған Төреқожа, тілші:
– Бұл дегеніміз үлкен автокөліктер жіті тексеріледі. Өйткені мал тасымалы кезінде анықталатын заң бұзушылықтарға жауапкершілік қатаңдатылды. Мәселен, сол тасымал кезінде малдың санын дұрыс көрсетпеген жағдайлар болса азаматтарға 20-дан 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салынады. Атап өтейін, мұндай өзгерістер енгізілген жаңа заң қаңтардың онбірінде яғни ертең күшіне енеді.