Күзгі орақ науқаны: ахуал қандай? (талдау үшін)
Шілде айында кейбір азық-түлік өнімдері бағасы қымбаттағаны байқалған. Оның тең жартысын пияз, картоп, күріш, бірінші сұрыпты ұн тәрізді әлеуметтік маңызы бар 19 тауар құрады. Ұлттық экономика министрі инфляцияның шарықтауына жол бермеу үшін 10 өнімнің құнын қатаң қадағалауға алмақ. Ал еліміздің бас аграрийі бұл бағытта өнім өндірісін ұлғайтуды межелеп отыр.
Маусымдық кезеңде көкөністің бағасы неліктен қымбаттады? Еліміз қаншалықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілген? Бұл сауалдарды тергіштеген атқамінерлердің уәжін бағамдап көрелік. Бар гәп делдалдардың қитұрқы әрекеттеріне тіреледі. Делдалдардың өнім бағасына қосатын ақысы тым жоғары көрінеді. Оған Ұлттық экономика министрлігі шүбә келтірмейді. Сауда және интеграция министрлігі мәселенің бірнеше себебі барын алға тартып отыр. Дұрыс реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдалдардың көптігі, сақтау талаптарының сақталмауы, өнімді тұтынушыға дейін жеткізудің кепілді жолдарының болмауы – оның бір парасы. Азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу мәселесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірістің және егістік алқаптарының көлемін ұлғайтуға жауапты. Ведомствоның тізгінін ұстаған Сапархан Омаровтың пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, биыл бағасы қымбаттаған өнімдер өндірісін 2-2,5 есе ұлғайту көзделіп отыр.
– Мәселен, пияздың алқабы 32,8 мың га құрады. Бұл өз кезегінде 2018 жылмен салыстырғанда 4,1 мың га артық. Биылғы күзгі жиын-терім бойынша 900 мың тонна пияз жинаймыз деп күтілуде. Бұл – ішкі сұранысты өтеуге және экспортқа жеткілікті. Сәбіз егілген аумақ өткен жылмен пара-пар және 20,6 мың гектарды құрады. Биыл 567 мың тонна сәбіз жиналады деп жоспарланып отыр. Бұл ішкі сұраныстан шамамен 2 есеге артық, – деп тергіштеді еліміздің бас аграрийі.
Биыл картоп 191,3 мың гектар алқапқа отырғызылған. Оның арқасында 3,7 млн тонна картоп жиналады деп межеленіп отыр. Атқамінерлер бұл да ішкі сұранысты толық өтейтінін алға тартады. Сыр өңірінің маржанына айналған күріштің да шығымдылығы көңілге медеу. Алдын-ала болжамға сүйенсек, еліміз биыл 482 мың тонна күрішке қарық болмақ. Оның есебінен ішкі нарықтағы қажеттілік қамтамасыз етілмек. Ал құс еті бойынша ахуал кереғар. Ішкі қажеттіліктің тек 50 пайызы ғана отандық құс еті есебінен өтеледі. Өзіміздікі қат болғандықтан, әлі де импортқа тәуелділік бар.
– Сиыр еті бойынша ішкі сұранысты 97,7 пайызға өтейміз. Сиыр еті және құс еті өндірісі бойынша салалық бағдарламалар қолға алынған. 2021 жылға қарай сиыр етінің өндірісін 500 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Оның арқасында ішкі нарық 100 пайыз отандық сиыр етімен қамтамасыз етіледі. 2021 жылға қарай отандық құс етінің өндірісі 300 мың тоннаға дейін жеткізілуі қажет, – деп түйді министр.
Ауа райына тәуелдіміз
Бүгінде құрал-саймандарын сайлаған диқандар қауымы орақ науқанына білек сыбана кірісті. Еліміздің барлық өңірлерінде күзгі жиын-терім жұмыстары қызу қарқын алған. Бірі берекелі өнімге қарық болса, бірі табиғаттың тосын мінезінен келген шығынды есептеуге мәжбүр. Қос астықты өлке – Қостанай және Ақмола облыстары құрғақшылыққа тап болған. Шілденің шіліңгір ыстығы егістік алқаптарына кері әсерін тигізген.
– Қостанай және Ақмола облыстарында ауа райы жағдайы егістіктердің жай-күйіне теріс әсерін тигізді. Өздеріңізге белгілі, республика аумағында қатты ыстық болды. Мысалы, негізгі астық өсіретін өңірлердің бірі – Қостанай облысындағы жағдай алаңдатарлық. Құрғақшылық салдарларын зерделеу мақсатында арнайы жұмыс топтары құрылып, олар облыстың барлық аудандарын зерттеп қарады. Фактілер расталды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысы әкімдігімен бірлесіп ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шараларын қабылдайтын болады, – деп мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бағамдады.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 22,2 миллион га құраған. Оның 15,4 миллион га дәнді дақылдардың еншісінде. Майлы дақылдар 2,9 миллион га, жем-азық дақылдары 3,3 миллион га, мақта 131,1 мың га, қант қызылшасы 19,6 мың га, картоп 191,3 мың га, көкөніс-бақша дақылдары 261,1 мың га алқапта жайқалған. Бұл ретте өнімділікті арттыру үшін егістіктерді тыңайту, арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша биылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша дәнді дақылдардың 58,3%-ы (8 694,6 мың гектар) жақсы, 33,4%-ы (4 978,7 мың гектар) орташа, қалған 8%-ы (1 191 мың. гектар) қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2018 жылғы осыған ұқсас мерзімде 69%-ы жақсы, 28,6%-ы орташа, 2,1%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда болған, – деп атап өтті министр.
Түркістан облысында дәнді дақылдардың барлық алқабына комбайнның тісі тиген. Орта есеппен гектар берекелігі 20 центнерден айналған. Бүгінде 462 мың тонна астық бастырылған.
Экспорттың көлемі қандай?
2019/2020 маркетингтік жылда астық пен ұнның экспорттық әлеуеті шамамен 7 миллион тоннаны құрамақ. Демеулік жасаған құзырлы министрлік биылғы орақ науқанында жиналған сары алтынды сыртқы нарыққа шығару жұмыстарын пысықтауға кіріскен. Қазақстандық сары алтын дәстүрлі нарықтарға жол тартады деп күтілуде. Оның ішінде Орта Азия елдері, Қытай және ЕО мемлекеттері бар.
– Әдетте, астық тасымалдайтын вагондар тапшылығын байқайтынбыз. Биыл басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, логистика мәселелерін алдын ала шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз. ҚТЖ-мен бірге шұғыл мәселерді шешу жөніндегі Штаб құрылды. Оған барлық мүдделі тараптар қатысады, – деп тоқталды Сапархан Кесікбайұлы.
Сонымен бірге «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 миллион тоннаға дейін астық сатып алады деп жоспарланып отыр. Оның бағасына келсек, 3 сыныпты бидай сапасына байланысты тоннасына 62-ден 70 мың теңгеге дейін бағаланбақ.
Дәнді сақтаумен мәселе туындамайды
Оған құзырлы ведомство өкілдері сенімді. Еліміз бойынша жалпы астық сақтайтын сыйымдылық көлемі 27 миллион тоннаны құрайды. Оның 12,4 миллион тоннасы астық қабылдау кәсіпорындарына тиесілі болса, ал14,6 миллион тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еншісінде.Қолда бар астық сақтайтын орындар мен сыйымдылықтар дәнді дақылдың болжанған көлемін сақтауға жеткілікті,- дейді құзырлы министрлік өкілдері. Десек те, олар әкімдіктер элеваторлардың
2019 жылғы астықты қабылдау дайындығына тұрақты мониторинг жүргізулері тиіс екендігін алға тартады.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 16.09.2019 ж. №16 (210) жарияланды