Құлсары тұрғындарына өлген мал үшін 123,8 млн теңге өтемақы төленді
Атыраудағы Құлсары қаласының тұрғындарына су тасқыны кезінде өлген мал үшін 123,8 млн теңге өтемақы төленді, деп хабарлайды Kazinform.
Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, осы кезге дейін тұрғындардан 101 өтініш түскен.
«Тұрғындардан өтініш қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Арнайы комиссия 15 жұмыс күні ішінде барлық құжатты қарайды. Өтемақы малынан айырылған азаматтың жеке есепшотына аударылады. Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша залал толығымен өтелді. Осы кезге дейін малынан айырылған тұрғындардың есепшотына 123,8 млн теңге өтемақы аударылды», -деп хабарлады Нұртас Қуатбаев.
Мәселен, Қосшағыл ауылдық округінде тіркелген «Қарағай» шаруа қожалығының жетекшісі Айтуар Мырзағалиевтың 2 жылқысы тасқын суға батып кеткен.
Ол осыған байланысты кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне өтініш берген.
«Бізге бағалау комиссиясының мүшелері келіп, барлық құжатты зерделеді. Біраз уақыттан кейін залалды бағалау қорытындысын хабарлады. Есептелген қаржы көлеміне келісім берген соң, есепшотқа өтемақы түсті», — деді Айтуар Мырзағалиев.
Ал, Аида Еркінғалиева жетекшілік ететін «Еркінқалиева» шаруа қожалығынан 2 сиыр мен 4 қошқар өлген. Арнайы комиссияның қорытындысымен залалдың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрап отыр.
«Су тасқыны кезінде малымның өлгені туралы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне жүгінген едім. Комиссияның бағалау қорытындысымен өлген мал үшін залал көлемі толығымен өтелді», – дейді Аида Еркінқалиева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары тұрғындарының 876 малы мен 532 құсы тасқын судан өлгенін хабарлаған болатынбыз.