Ақтөбеде су тасқыны кезінде бұзылған Щербаков бөгеті қайта жаңартылады

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Щербаков бөгетін қайта жаңғырту үшін жоба әзірленеді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Көктемгі су тасқыны кезінде бұзылған бөгет қазір жарамсыз күйде тұр. Ал бөгетті жөндеген мердігер компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан басшылығы және тиісті мемлекеттік басқармалармен гидротехникалық құрылымды жөндеу мәселелерін талқылады. Облыс әкімі резервтік сыйымдылықтың көлемін ұлғайтуды, су айдынының айналасына жаңа шлюздер мен су бекеттерін орнатуды, сондай-ақ түбін тазарту мен тереңдетуді ескере отырып, қайта жоба әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, «Щербаков» бөгеті Әйтеке би ауданы Талдысай ауылынан бес шақырым қашықта орналасқан. Жарты ғасыр бойы мұнда су жиналып, суармалы егін шаруашылығына, мал суару және жайылымға су жіберуге пайдаланылды. Жалпы сыйымдылығы – 300 мың текше метр.

Бөгеттің ұзындығы 500 метрден асады. Құрылымның биіктігі 6-8 метрге жетеді. Ені – 8 метр. Бөгет – Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде.

– Ауданда төтенше жағдай жарияланып тұр. Сондықтан қайта жоба жасау керек. Гидротехникалық құрылғыны барлық техникалық талапқа сай қайта жобалап, шлюздер де қарастырылуы тиіс. Ал жоғарыға гидробекет орнату қажет, – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Еске салсақ, бөгет бұзылған соң Талдысай және Т.Жүргенов ауылдарында адамдар эвакуацияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы