Қазақстанда өсірілген 800 мың тоннаға жуық картоптың жиырма проценті ғана экспортталады
Агроөнеркәсіп саласындағы өнімдердің 33 проценті ғана қайта өңделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Экспорт бар. Бірақ, шетелдік тұтынушыларға негізінен шикізат жіберіледі. Есесіне елімізге сырттан дайын өнімдер көп келеді. Картоп чипстарын мысалға алайық. Картоп өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, сауда сөрелерінде қаптап тұрған қытырлақ картоптарды өзімізде шығару мүмкіндігі мол. Себебі жыл сайын қоймаларда сақталатын өнімдер көктемде қайта өңделместен, тіпті ішкі нарыққа түгелдей таратылып үлгермеген күйде қоқысқа кетіп жатады.
Былтыр ғана ел аумағында 800 мың тонна картоп жиналса, оның 180 мың тоннасы ғана экспортталды. Ал көрші елдердегі ірі нарыққа шығу үшін білікті делдалдар қажет. Ішкі сұраныс толық қамтылған. Сырттан тасып тұтынатын өңірлер де аз емес. Демек, салада бәсеке жоқ. Қазір шаруалар құрылысы екі жылдан кейін басталатын Жамбыл облысындағы қайта өңдеу кәсіпорнын асыға күтіп жүр. Саланы дамыту керек. Ол үшін өнімдер қайта өңделу қажет, экспорт артып, тым болмаса егіс алқабын азайту маңызды дейді мамандар.