Егіс науқанына сақадай-саймыз ба? (талдау үшін)
Көктем келісімен, диқандар қауымы дала жұмыстарына дайындықты пысықтайды. Олар қажетті құрал-жабдықтар мен техниканы сайлап, танап басындағы қам–қарекетке мықтап кірісті.
Алдын ала қамданған жөн
Берекелі өнімге қарық болу үшін дайындық жұмыстарын күшейткен абзал. Жерден ризығын табатын Ораз Мұстафин егіс науқанына сақадай-сай. Теріскейлік шаруа биыл 161 гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірмек. Жоспар бойынша оның 150 гектарында астық жайқалса, 11 гектар аумаққа арпа егіледі. Солтүстікқазақстандық диқан тұқымнан қағажу көрмейді. Өткен жылғы күзгі орақ науқанында жиналған дәнді дақылдың бір бөлігі көздің қарашығындай сақталған. Жерден ризығын тапқан тәжірибелі диқан сұрыпталған тұқымды кәдеге жаратады. Бүгінде оның сапасын, шығымдылығын тексеру үшін аудандық зертханаға сынамасын тапсырған.
– Қолды қусырып, біреуге алақан жаюдан алшақпыз. Ауылда түтін түтетіп, егіншіліктен нәсіп тауып отырмыз. Балалық шағымнан бері қара жердің қадірін түсіндім. Әкенің жолын жалғап, маңдай терімізбен тапқан айлығымызды шайлығымызға жеткіземіз. 15 жылдан бері танап басында еңбек етемін. Негізінен дәнді дақылдарды өсіруге ден қойылды. Оның технологиясы мен талаптарын жіті меңгердім. Жылда ылғал сақтау, қар тоқтату, тұқымның сапасын жақсарту жұмыстарынан қапы қалмаймыз. Егін бітік шығып, мол өнім жинау үшін көктемгі дала жұмыстарына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өз басым сайран салған шегірткенің кебін кимеу үшін алдын ала қамданғанды жөн көремін. Тиімді бағамен жанар-жағармай сатып алынды. Сондықтан егіс науқанына 100 пайыз дайынмын, – деп тындырған шаруаларын Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Богдановка ауылының тұрғыны тергіштеді.
Солтүстікқазақстандық диқан жанар-жағармайды қажетті қорын өткен жылы жасақтап қойған. Көктемгі дала жұмыстарына орташа алғанда 3 тонна дизель отыны жұмсалады. Егіс науқаны алдында жанармайдың бағасы құбылатыны белгілі. Сондықтан ауылшаруашылық тауар өндіруші ауызды күйдіртпей, үрлеп ішудің жолын ұстанады.
Әзірге егіс алқаптарындағы қар толық еріген жоқ. Әдетте көктемгі дала жұмыстарына сәуірдің ортасына қарай кірісе бастаймыз. Биылғы ауа райына байланысты дәнді себу мерзімі анықталады. Жылда егіс науқанына дер кезінде кірісуге тырысамыз. Қолдағы құрал-саймандар мен техника сақадай-сай. Менде комбайн, трактор, сепкіштер бар. Сондықтан техниканы жалдап, өзге диқандарға алақан жаймаймын, – деп диқан шаруашылықтың ахуалын бағамдады.
Диқан өткен жылғы астықтың артылған бөлігін сауда нарығына ұсынған. Маңдай термен жиналған сары алтынның бір тоннасынан 46 мың теңге олжаланды. Бұйырған қаржы биылғы көктемгі дала жұмыстарына қан жүгіртуге жол ашып отыр.
Қант қызылшасына қарық боламыз ба?
Бүгінде жерден ризығын тапқан қазақстандықтар арасында нәзік жандар баршылық. Олар ер адамдарға тән күрделі әрі қиын шаруаны ұршықтай иірген. Сандуғаш Сайфутдинова – сөзімнің бір айғағы. Жамбыл облысының тұрғыны 10 жылдан бері нәпақасын егіншіліктен тауып отыр. Әуелі ол дәнді дақылдарды өсірудің қыр-сырын меңгерген. 2017 жылы нәзік жан қант қызылшасын егуге бел буды. Тек қалтадағы қаржы қат болғандықтан, несие серіктестігіне жүгінуді жөн санады. «Жас» шаруа қожалығының жетекшісі «Жылыбұлақ» деген шаруашылықпен бірігіп, тәтті түбірді өсіруді ұйғарды.
– Арпамен салыстырғанда қант қызылшасын өсірудің шығыны әрі машақаты көп. Бірақ есесіне оның өнімдігі жоғары. Техникалық дақылдың өзіндік ерекшілігі бар. Оны өсірудің машақаты көп. Әуелі күтімді талап етеді. Суды жақсы көреді. Десек те тәтті түбірді өсіру әлдеқайда тиімді. Себебі оны өткізуде әлекке салынбайсың. Сонымен қатар мемлекет бір келісіне 12 теңге көлемінде демеуқаржы береді, – дейді «Жас» шаруа қожалығының жетекшісі Сандуғаш Сайфутдинова.
Меркі ауылында орналасқан шаруашылықта дақылдың екі түрі өсіреледі: арпа және қант қызылшасы. Биыл дәнді дақыл 300 гектар алқапқа сіңірілген. Арпаны себу жұмыстары тәмамдалды. Енді Сандуғаш Сайфутдинова қант қызылшасын егу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Тәтті түбірді 70 гектар аумаққа отырғызу жоспарланып отыр.
– Қар түскен жоқ. Күзде түскен жаңбырдың көлемі төмен. Сондықтан топырақтағы ылғалдың мөлшері көңіл көншітпейді. Қант қызылшасы егілетін аумақ суармалы. Заманауи технологиялар қымбат. Тәтті түбірді арықтар арқылы суарамыз. Әрине, бұл әдістің кемшілігі бар екендігі сөзсіз. Себебі судың толық көлемі алқаптарға жетпейді, – деп шаруашылықтың бүгінгі тынысын жамбылдық диқан тергіштеді.
Алқаптарды суару, дақылдың жайқалуын тексеру, оны кетпенмен өңдеу, арам шөптерден тазалау – қол еңбегіне артылады. Ал дақылды егу және жинау жұмыстары техника арқылы жүргізіледі.
– 2018 жылғы өнімділік көңілімізден шықты. Маңдай теріміз ақталды. Арпаның берекелігі гектарынан 20 центнерден айналды. Қант қызылшасының өнімділігі гектарынан 200 центнерге жетті. Жиналған тәтті түбірді өткен жылдың қазан айында жергілікті Меркі қант зауытына тапсырдым. Қант қызылшасының бір келісі 8 теңгеге бағаланды. Бірақ оның ақысы әлі қолыма тиген жоқ. Зауыт бізбен жақын арада есептеседі деп үміттенемін, – деп түсіндірді нәзік жан.
Отандық қант өндірісіне қан жүгірту үшін тәтті түбірді өсіруге ден қою қажет. Биыл қант қызылшасы 22,2 мың гектар алқапта жайқалмақ. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 2,6 мың гектарға немесе 13,3% ұлғайғаны байқалып отыр. Диқандар қауымы маңдай термен жиналған өнімді тапсыруға қамдануда.
Әртараптандыру саясаты жалғасуда
«Артық қыламын деп, тыртық қылды» дегеннің кері келмеу үшін әртараптандыру саясаты қолға алынған-ды. Оған дәнді дақылдың қажеттіліктен тым артық жиналуы түрткі болған. 2009-2011 жылдары сары алтынның орташа жылдық көлемі 16,5 млн тоннаны құрады. Бірақ бұл сұраныстан 3,9 млн тоннаға асып түскен. Астықты өткізуде тығырыққа тірелмеудің амалы дақылдың өзге түрлеріне мемлекеттік демеу көрсетуге бағытталды. Оның нәтижесі де ұзақ күттірген жоқ. Сары алтынға бүйрегі бұратын диқандар майлы және мал азығы дақылдарына бет бұрды. Биыл бидайдың алқабы 168 мың га қысқарып, есесіне майлы және мал азығы дақылдарының көлемі ұлғайған.
Ресми деректерді тергіштесек, биыл еліміздегі ауылшаруашылық дақылдардың алқабы 291 мың га артып, 22,3 млн га құрайды деп межеленген. Дәнді дақылдар 14,9 млн га сіңірілсе, оның ішінде бидай 11,2 млн га жайқалмақ. Соңғы жылдары ата кәсіпке қызығушылықтың жоғары екендігі байқалады. Бұл өз кезегінде мал азығының қорын нығайтуды талап етеді. Биыл жем- шөп тұқымы 3 млн га аумаққа себілмек. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жуық ұлғайған.
Тұқымнан қағажу көрмейміз
Биылғы егіс науқанына 2,5 млн тонна тұқым дайындалған. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдіктері жұмысты жандандыруы тиіс. Тұқым жетіспеушілігін айырбас есебінен немесе нарықтан сатып алу арқылы жабу қажет.
Құзырлы министрлік өкілдері биылғы жылдан тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа жүйесі енгізілгенін алға тартып отыр. «ҚазАгроКепіл» АҚ негізінде тұқыммен қамтамасыз ету қоры құрылған. Оның кепілі бойынша ауылшаруашылық құрылымдарда элиталық және бірінші репродукциялы тұқымды белгіленген нормаға сәйкес алуға мүмкіндік бар. Бұл ретте айқындалған бағаға сай тұқымды үлестірген тұқым шаруашылықтарына субсидия беріледі. Ал орақ науқаны аяқталған соң, диқандар тұқым бағасының бір бөлігін аталған қорға қайтарады. Осылайша ауылшаруашылық тауар өндірушілері қолдағы тұқымды жаңартып, оның үшінші репродукциядан төмен түрін кәдеге жаратпайды деп күтілуде. Оның арқасында атқамінерлер жиналатын дәннің сапасы әрі гектар берекелігі жақсаратынына үміттенуде.
Нарықта дизельді отынның тапшылығы туындамайды. Құзырлы ведомство мамандарының сөзіне сүйенсек, оған әкеліп соғатын тәуекелдер байқалмайды. Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктері өңірлерге дизельді отынды наурыз-маусым айларында жеткізудің кестесін бекіткен. Оның қағаздағы жоспарға сәйкес іске асырылуы қатаң бақылауға алынбақ. Дизельді отынды мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге жөнелту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 380 мың тонна дизель отыны бөлінген.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 22.04.2019 ж. №7 (201) жарияланды.