COVID-19 тудырған екіұштылық орта мерзімді ауыл шаруашылық болжамдарына кедергі

ЭЫДҰ (ОЭСР) мен ФАО 2020-2029 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласына шолуына сәйкес, пандемия кесірінен алдағы бірнеше жылда сұраныс төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігі одан да бетер нашарлауы ықтимал.

Сантьягодағы Lo Valledor ірі көтерме нарығындағы бетперде киген сатушы, Чили. Фото: ©ФАО/Max Valencia

COVID-19 жаһандық індетімен күрес азық-түлікті жеткізу тізбектерінде бұрын-соңды болмаған екіұштылық және азық-түлік тауарлары мен қызметтеріне сұранысты өзгерістерін тудырып келеді, бұл еңбек нарығы, өндіріс, ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін өңдеу, көлік пен логистика сияқты салаларда қиыншылықтарға әкеп соқтыруы мүмкін, «АгроИнфо» АА «ФАО-ның Орталық Азиядағы» баспасөз қызметіне сiлтемемен хабарлайды.

Қысқа мерзімді келешекте, пандемияның экономикалық және әлеуметтік зардаптары жаһандық ауыл шаруашылығы мен азық-түлік тұтынуының жалпы жағымды орта мерзімді болжамдарына кедергі тудырады. Бүгін ЭЫДҰ (ОЭСР) Бас хатшысы Анхель Гурриа мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюй таныстырған жаңа баяндамаға сәйкес, үкіметтер жұмыс күшінің жетіспеушілігі сияқты маңызды міндеттерді ескеретін теңдестірілген саяси шаралар мен «бұрынғыдан да жақсы» қалпына келу үшін ауыл шаруашылығы саласына ұзақ мерзімді мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелеріне тап болды.

Бірлескен «ЭЫДҰ (ОЭСР) мен ФАО 2020-2029 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласына шолу» есебінде алдымыздағы он жылда ұсыныс өсімінің шапшаңдығы сұраныс өсімінің шапшаңдығын басып озып, нәтижесінде көптеген тауарлардың бағасы ағымдағы деңгейде не одан төмен болады деп болжанған. Сұраныс пен ұсыныс қозғаушы факторларындағы тұрақсыздық баға ауытқуларына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұған қоса, табысы төмен мемлекеттер мен отбасыларда COVID-19 нәтижесінде күнкөріс қаражаты мөлшерінің одан бетер азаюы алдымыздағы бірер жылда сұраныс деңгейін тіптен төмендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қатерге тігуі ықтимал.

Әлемдегі халық санының артуы сұраныстың негізгі қозғаушы күші болып саналады, десе де тұтыну ерекшеліктері мен болжалған беталыстар табыс пен даму деңгейіне орай әр мемлекетте әр түрлі болмақ. 2029 жылға қарай орта есеппен алғанда жан басына шаққандағы азық-түлік қолжетімділігінің деңгейі тәулігіне 3000 ккал мен 85 г ақуызға тең болады деп болжайды баяндама авторлары.  Жануар тектес өнімдер, майлар мен басқа да тағамдардың үлесі жоғары диеталарға ауысу үрдісіне байланысты, 2029 жылға қарай әлем халқының барлық табыс топтарының азық-түлік себетінде негізгі азық-түлік өнімдерінің үлесі азаятын көрінеді. Нақтырақ айтқанда, табыс деңгейі орташа елдердегі тұтынушылар өз тағам рационын негізгі тауарлардан неғұрлым құнарлы тауарларға қарай ауыстыру мақсатында қосымша табысын жұмсайтын болады. Сонымен қатар, қоршаған орта мен денсаулық мәселелері табыс деңгейі жоғары елдер тұрғындарын жануар тектес ақуыздан ақуыздың балама көздеріне ауысуға итермелейді.

Ашық және транспарентті халықаралық нарықтар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқаратын болады, бұл әсіресе калориялар мен ақуыздың жалпы тұтыну көлемінде импорт үлесі жоғары мемлекеттер үшін өзекті.

«Жақсы жұмыс жасайтын, болжамдылығы жоғары халықаралық сауда жүйесі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттаушы мемлекеттердегі өндірушілердің табыстылығын қамтамасыз ете алады», – дейді Гурриа. – «Сауда-саттық шектеулер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң нәтиже бермейтіндігін тәжірибеден байқап үлгердік».

ФАО Бас директоры Цюй Дунъюй:

«Динамикалық, өнімді әрі сырт әсерлерге тұрақты ауыл шаруашылығы мен азық-түлік секторларын қалыптастыру мақсатында бізге тиімді саяси шаралар, инновациялар дамуы, инвестициялар көлемін арттыру мен инклюзивтілік қажет».

Келесі он жыл ішінде әлемдегі егіншілік саласындағы өнім өсімінің шамамен 85 пайызы өндіріс факторларын кеңінен пайдалану, өндіріс технологияларына инвестиция құю мен егіншілік әдістерін жетілдіру нәтижесіндегі өнімділікті арттыру есебінен болады деп күтілуде. Жылына бірнеше рет өнім жинау есебінен өндіріс көлемі тағы 10 пайызға артып, өнім өсімінің тек 5 пайызы ғана егістік жерлерді кеңейтуге тиесілі болады. 2024 жылға қарай, болжамдарға сәйкес, акваөсіру өндірісінің көлемі балық аулаудан асып түсіп, әлемдегі маңызды балық көзіне айналады. Әлемдегі мал өсіру өндірісі 14 пайызға артып, болжалған мал басының өсімінен асып түспек. Жем-шөпті тұтыну акваөсіру мен мал шаруашылығы өсіміне орай кеңейеді, ал жем өнімділігінің артуы аулалық шаруашылықтардың қысқаруына орай жем тұтыну қарқындылығымен теңдестіріледі.

Шолуда екіұштылық жағдайында өнімді, сырт әсерлерге төтеп бере алатын әрі экологиялық тұрақты азық-түлік жүйелерін қалыптастыру үшін инвестиция құю қажеттілігіне ерекше назар аударылған. COVID-19 пандемиясынан басқа, ағымдағы мәселелер қатарына Шығыс Африка мен Азияны шегіртке басуы, шошқаның африкалық обасының таралуы, табиғи апаттардың жиілеуі мен негізгі сауда державалары арасындағы сауда қарама-қайшылықтарын да қосуға болады. Азық-түлік жүйесі де өзгеріп келе жатқан диеталар мен тұтынушы таңдауына бейімделіп, аграрлық азық-түлік жеткізу тізбектерінде сандық инновациялар артықшылықтарын пайдалануына тура келеді. Азық-түлік жүйелерінің көптеген сын-тегеуріндерге тұрақтылығын арттыру үшін инновациялар аса маңызды болып қала бермек.

Ағымдағы саяси шаралар мен технологиялар қолданыста қалса, болжамдарға сай, ауыл шаруашылығындағы парниктік газдардың шығарылуы жылына 0,5 пайызға артып отырады – бұл ауыл шаруашылығындағы көміртексыйымдылығының төмендеуінің белгісі. Жаһандық өсімнің 80 пайызы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі болмақ. Десе де, қосымша шаралар қабылдаусыз бұл баяулау Климат өзгерістерімен күрес жөніндегі Париж келісімінің мақсаттарына жетуге ауыл шаруашылығы саласының қоса алатын және қосуға міндетті үлесі ретінде әлі де жеткіліксіз болады.


Азық-түлік қауіпсіздігі, климат өзгерістері, ауылдық жерлердегі тіршілік көздері мен жаһандық ресурстарды пайдаланудағы ұзақ мерзімді мәселелерді шешу үшін тұрақты жаһандық азық-түлік жүйесін қалыптастыруда директивті органдарды қолдау мақсатында «ЭЫДҰ (ОЭСР) мен ФАО 2020-2029 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласына шолуына» ғылыми дәлелденген материалдар енген. «Ауыл шаруашылығы саласына шолу» – ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) мен ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мүше-мемлекеттер үкіметтері және шикізат тауарлары бойынша мамандандырылған ұйымдар сарапшыларының қатысуымен дайындалған бірлескен құжаты. Құжат ауыл шаруашылығы мен балық өнімдері нарықтарына онжылдық келешегін ұлттық, аймақтық және жаһандық бағалауды қамтамасыз етеді.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы