Биыл жаһандық азық-түлік нарықтары тұрақсыздыққа дайындалуда, дейді ФАО
ФАО жариялаған «Азық-түлік болжамы» баяндамасында негізгі азық-түлік шикізаты түрлерінің сұранысы мен ұсынысы сараланған.
COVID-19 әсерінен азық-түлік нарықтары алдағы бірнеше айда әлі де тұрақсыз жағдайда болады деп болжанса да, аграрлық азық-түлік нарығы пандемия дағдарысынан зардап шеккен басқа салаларға қарағанда көбірек орнықтылық көрсетпек. Бұл жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жариялаған жаңа баяндамада айтылған.
«Азық-түлік болжамы» баяндамасында 2020-2021 жылғы маусымда астық, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдері, балық және қант сияқты әлемде ең кең таралған азық-түлік шикізатының өндіріс пен саудадағы алғашқы болжамдары ұсынылған.
«COVID-19 пандемиясы ФАО бақылайтын барлық азық-түлік салаларына – әр түрлі деңгейде – зардабын тигізді. COVID-19 азық-түлік қауіпсіздігіне біршама қатер төндірді, алайда, біздің жаһандық талдауымызға қарағанда, ауылшаруашылық шикізат нарықтары басқа нарықтармен салыстырғанда пандемияға әлдеқайда төзімдірек болған көрінеді. Дегенмен, қауіп-қатер ауқымына және жағдайдың құбылмалылығына орай халықаралық қауымдастық қырағылық танытып, қажет болған кезде шара қабылдауға дайын болуы керек», дейді ФАО Сауда және нарықтар бөлімінің директоры Бубакер Бен-Белхассен.
2020-2021 жылғы маусымда негізгі азық-түлік шикізаты қандай жағдайда болмақ?
Астық
Пандемия кесірінен туындаған екіұштылыққа қарамастан, ФАО 2020-2021 маусымдағы алғашқы болжамдары астықтың сұранысы мен ұсынысы қалыпты жағдайда болатынын баяндайды. Егін жинау туралы алғашқы ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы астықтың әлемдік өндірісі былтырғы рекордтық көрсеткіштен 2,6 пайызға артық болады.
Астықтың барлық негізгі түрлері сатылымының болжалды өсіміне орай 2020-2021 жылы жаһандық астық саудасы былтырғы 2019-2020 көрсеткіштен 2,2 пайызға (9,4 млн тоннаға) артып, жаңа рекордтық 433 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.
Ет
Мал аурулары, COVID-19 пандемиясына орай нарық жұмысындағы олқылықтар және әсері әлі де сезілетін қуаңшылық салдарларынан 2020 жылы әлемдегі ет өндірісі 1,7 пайызға кемиді деп болжайды сарапшылар.
Халықаралық ет саудасы Қытайдан келген импорт көлемінің артуына орай шамалы өсім көрсетеді, десе де, бұл өсім 2019 жылғыдан әлдеқайда төмен болмақ.
Биылғы қаңтардан бастап халықаралық ет бағалары 8,6 пайызға арзандаған, ең күрт құлдырау қой етінің үлесіне келсе, тізімдегі одан кейінгі орында – тауық пен шошқа еті. Бұған себеп ретінде логистикалық кідірістер, жаһандық импорт сұранысының төмендеуі және ет өнімдерінің қомақты көлемінің сатылмай қалуы сияқты COVID-19 індетімен күрес шараларының салдарларын атауға болады.
Балық
COVID-19 пандемиясы биыл теңіз өнімдері нарығына, әсіресе, балғын өнімдер мен мейрамханаларда жиі әзірленетін балық түрлеріне едәуір ықпал етуін жалғастырады. Сұраныс тарапынан қарасақ, балықшы флоттар жұмысын тоқтатып, аквамәдениет өндірушілері тауар қорларын қалыптастырудағы жоспарларын біршама қысқартқан.
Пандемия асшаян мен ақсерке өндірісіне ең ауыр зардап тигізеді деп болжануда. Азиядағы әдетте сәуір айында басталатын асшаян өсіру маусымы биыл маусым-шілде айларына дейін шегерілді. Үндістанда асшаян өндірісінің көлемі 30-40 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Бұдан басқа, әлемде балғын және мұздатылған асшаян сұранысы азайып келеді, ал ақсеркеге деген сұраныс 2020 жылы кем дегенде 15 пайызға қысқармақ. Әсіресе балғын ақсерке мен алабалықтың күрт төмендеп кеткен бөлшек сауда бағасы алдағы уақытта қалпына келмейді.
Қант
Қант өндірісінің көлемі 2019-2020 жылғы маусымда қатарынан екі жыл құлдырап, соңғы үш жылда алғаш рет болжалған жаһандық тұтыну деңгейінен төмен түседі деп күтілуде.
Сараптамаға сәйкес, төмен бағалар мен импорттаушы елдердің қор жинақтау шараларына орай қант саудасы кеңейеді.
2019-2020 жылғы маусымда күтілетін жаһандық қант өндірісінің дефициті әзірге халықаралық қант бағаларына әсерін тигізген жоқ. Қант 2017 жылдың ортасынан бері арзандап келеді және оның бағасы көптеген әлемдік өндірушілердің болжамды өндірістік шығындары деңгейінен төмен.
Сүт
COVID-19 пандемиясы тудырған нарықтағы кедергілерге қарамастан, сүт өндірісі біршама тұрақтылық көрсетіп, 2020 жылы 0,8 пайызға артады деп күтілуде. Алайда тұрақсыз импорт сұранысына орай әлемдегі сүт өнімдерінің импорты шамамен 4 пайызға қысқаратын көрінеді.
Майлы дақылдар
Басқа да себептермен қоса, пандемия салдарынан майлы дақылдарға деген сұраныс төмендесе де, майлы дәндер мен олардың өнімдері жайлы ФАО 2019-2020 жылғы болжамы әлемдегі сұраныс пен ұсыныс жағдайының өндіріс көлемдерінің қысқаруына орай біршама қатаюын атап өтеді.
2020-2021 жылғы алдын-ала болжамдарға сүйенсек, сұраныс деңгейі әлі де ұсыныстан жоғары болуы мүмкін.
COVID-19: Жаһандық денсаулық дағдарысынан жаһандық азық-түлік дағдарысына өттік пе?
Баяндамаға қазіргі COVID-19 денсаулық сақтау дағдарысын 2007-2009 жылдардағы дағдарыспен салыстыратын мақала да қосылған. Мақалада екі дағдарыстың зардап шеккен мемлекеттер мен азық-түлік шикізаттары тұрғысынан ұқсастықтары мен айырмашылықтары анықталып, пандемияның халықаралық азық-түлік нарықтарына тигізетін ағымдағы және мүмкін болатын салдарлары сараланды.
Инфекцияның таралу қарқыны бәсеңдемеген жағдайда нарықтар жұмысын қайта қалпына келтіру шаралары жайлы ақпараттық сараптама ұсынылады.
Мақала соңында 2007-2008 жылдардағы азық-түлік бағасы дағдарысымен салыстырғанда бүгінгі күні әлем әлдеқайда жақсы жағдайда екені айтылады: азық-түлік өндірісінің жаһандық беталысы оң, қорлар көлемі жоғары, азық-түліктің халықаралық бағалары төмен, ал сауда-саттық импорттаушы және экспорттаушы елдерді кеңірек қамтыған екен. Бұдан басқа, билік басындағылар жаһандық дағдарыстармен күресте біршама тәжірибе жинақтап, хабардарлық пен дайындық деңгейлерін жақсартқан көрінеді.
Алайда, әлемде барлығына азық-түліктің жеткілікті болуына қарамастан, пандемия кесірінен экономикалық ахуалдың нашарлауы азық-түліктің қолжетімсіздігіне әкеп соқтырды. Бұл әсіресе COVID-19 індетінің жайылуына дейін аштық пен басқа да күйзелістерге ұшыраған елдердің тұрғындарына құнарлы тамақтың қажетті мөлшерін тұтынуға кедергі тудырды.
FAO азық-түлік индекстерінің жаңаруы
Баяндамада ФАО азық-түлік бағалары индекстеріндегі, әсіресе әр айдың алғашқы бейсенбісінде жарияланатын азық-түліктің халықаралық нарықтардағы баға серпінінің жетекші көрсеткіші болып саналатын ФАО Азық-түлік бағаларының индексіндегі (FAO Food Price Index – FFPI) оң өзгерістер туралы да айтылған. FFPI түзетулері қатарында – базалық кезеңді 2002-2004 жылдардан 2014-2016 жылдарға ауыстыру және баға белгіленімдерін 73-тен 95-ке дейін кеңейту. ФАО жаңартылған Индексті шілдеден бастап жариялайтын болады.