Алматы облысындағы 22,5 млн гектар жердің электронды картасы жасалмақ
Келесі жылдан бастап әрбір адам Қапшағай, Текелі және Талдықорған аумағындағы жерге қатысты бар мәліметті онлайн режимде көре алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Өңірде арнайы геоақпараттық жүйе дайындалып жатыр. Алғаш болып қанатқақты жобаға осы үш қала кіреді. Содан кейін аудан орталықтары мен ауылдар енгізілмек. Осылайша кезең-кезеңмен облыстағы 22,5 млн гектар жердің электронды картасы жасалып, ақпарат серверге топтастырылады. Онда елді мекеннің дамуы, бой көтерген ғимараттар, ауыл шаруашылығы масқатындағы жерлер мен инфрақұрылымдық жүйелердің сызбасы көрініс табады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып, уақыт үнемделеді. Мәселен, жер қатынастарының құжаты 1 жылда емес, 30 күнде дайын болады. Ал сәулет және құрылыс саласындағы анықтамалар 10 тәулік ішінде рәсімделеді.
Қуанышбек Қашқынбаев, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жаңа сервер сатып алынды. Қазір сол серверді іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы бағдарлама әрбір порталдың жұмысы серверге енгізіліп, оны ақпараттық технология орталығы бақылап отырады. Түбі сол біздің халыққа қызмет көрсетуді тездету, ашық қылу, уақытында беру, жемқорлыққа қатысты бар істерді жою.