Алматы облысында құс тұмауы тіркелді
Аймақтағы ірі фабрикада құстар қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 665 мың құс болса, соның 122 мыңға жуығы өлген. Құстардың қырылуы туралы ең алғашқы ақпарат 27 қазан күні түсіпті. Фабрикадағы құстардан алынған сараптама нәтижесі олардың жаппай қырылуына жоғарғы патогендік құс тұмауы себеп екенін анықтады. Отандық нарықпен қатар экспортқа құс өнімдерін шығарып келген ірі фабрика карантинге жабылды.
«200-ден астам қызметкердің денсаулығы бақылауда», – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков.
Бұл – Алматы облысында тіркелген алғашқы жағдай. Құс тұмауы салдарынан қырылып қалған қанаттылардың өнімдері өртелген.
Нұртас Қиялбеков, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
– Осы ауру анықталған ЖШС-де құс өнімдерін немесе құстарды, сонымен қатар жем-шөп қоспаларын алып шығу немесе алып келу жұмыстарының барлығы тоқтатылған. Фабрикасы өнімдері сатылымнан алынып, тиісті шаралар жүргізілді.