Мал паспорты неге маңызды?

Малыңыздың паспорты бар ма? Иә, қағыс естіген жоқсыз, қорадағы малдың да, ит пен мысықтың да паспорты болуы тиіс. Біз аса назар аудара бермейтін ветеринария пас­порты – азық-түлік қауіпсіздігінің ке­пілі. Мал ұрыларын ұстап беретін бұл­­тартпас айғақ. Ертеңгі күні ма­лыңызға жұт келсе, өтемақы алу­да мал паспорты маңызды рөл атқа­ра­ды. Ал енді осынау маңызды құ­­жатты құнттап жүрміз бе?

Фото: pixy.org

Сұрақты бұлай төтесінен қоюы­мыздың себебі, бүгіндері елімізде ірі ауыл шаруашы­лығы кәсіпорындары мен жеке шаруа қожалықтардың арасында малға паспорт алу көрсеткіші мүйізді ірі қара малы бойынша 44,4%, ал ұсақ мал бойынша 47,0% екен. Бұл – Ауыл шаруашылығы министр­лігінің баспасөз қызметі берген дерек. Демек, еліміздегі мал атаулы толықтай паспорт алып болмаған. Неге?

Ауыл шаруашылығы министрінің «Вете­­ринария саласындағы мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылғы 6 мамырдағы №7-1/418 бұй­рығына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануар­ларын бірдейлен­­­діруді жүргізу жөніндегі мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға малы үшін вете­ри­­нария паспор­тын бере отырып тегін көрсетіледі. Бұл қыз­метті Нұр-Сұлтан, Алма­­ты және Шым­­кент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемле­­кеттік ветери­нариялық ұйымдар атқарады. Яғни, бұл жерде малына паспорт алуға құлықсыз деп мал иелерін емес, тегін қызмет көрсету жүктелген жергілікті атқа­­­рушы орган өкіл­дерін атаған дұрыс секілді. Егер олар мал пас­портының маңызын түсіндірсе, пайдалы құжаттан халық қашушы ма еді?

Мал паспорты туралы сөз болса, міндетті түрде Үкімет қаулысымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануар­ларын бірдейлендіру ережесі» туралы сөз болады. Осы жерде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлену деген­ге тоқтала кеткен жөн секілді. Орысша жазыл­­ған заңнан қазақшаға қотарылған аудармасы аса сәтті шықпаған соң ба, бұл тіркес құлаққа бірден сіңе қоймайды. Сон­­дық­тан таратың­­­­қырап түсіндіруге тура келеді. Яғни, мұндағы бірдейлендіру дегені­­міз – дерекқорға жануар туралы мәліметтерді енгізу және ветерина­риялық паспортты бере отырып сырғалау, чиптеу, таңба салу жолымен оларға жеке нөмір беруді қам­титын есепке алу жүйесі. Ал бірдей­лендіруді өткізу жөніндегі мемле­­­кеттік қызмет, жоғарыда айтқаны­мыздай, ақы­сыз, яғни ауыл шаруашылығы жан­уар­ларына сырға мен ветеринариялық төл­құжат тегін беріледі.

Міне, осы бірдейлендірудің нақты ауруға шалдыққан жануарды табу, аса қауіпті аурудың салдарынан жануарлар шығын болған жағд­­­айда өтемақы, мал өсіру үшін субсидия алуда маңызы зор. Сол себепті мал иелері малын тіркету үшін өзінің ауылдық округінің ветери­нария пункті меңгерушісіне өтініш беріп, жануарды АШЖБ дерекқор базасына енгізіп, өз иелігіне жаздырса, өтемақы мен субсидия алуда аса қиналмайды. бұл жүйе малын сатқы­сы келгендер үшін де пайдалды. Себебі ауыл­дық округтің ветеринар маманы «Форма №1» анық­тамасын сырғасыз түлікке беруге хақысы жоқ. Малының паспорты бар адам ғана аталған анықтаманы алуға құқылы. Өкінішке қарай, ауыл арасында паспорты жоқ малға «Форма №1» анық­тамасын жазып беретін мал дәрігер­­лері кездесіп жатады. Сонымен бірге осы анық­­таманы елемейтін де мал иелері бар. Олар малын мал базарында еркін сауда­лап жүр. Себебі мал базары әкімшілігі ветеринария паспортын талап етпейді. Құқық қорғау орган­­дары өкілдері арнайы рейд кезінде пас­­порты жоқ малды сатуға алып бара жатқандарды анық­­тап, айып­пұл салады. Бірақ мұндай рейд күнде өтпеген­­­діктен, мал иелері көп шығынға бата қойма­­са керек, айыппұл төлесе де малға құжат алуға асықпайды.

«Мен өзім де мал сатумен айналы­самын. Малым­­ды мал базарына өз көлігіммен жет­­кізе­­мін. Заң талабын сақтап, сатып алған малға ветеринарлық паспорт аламын. Бірақ кәсібім мал сату мен сатып алу болғандықтан, әр мал үшін апта сайын мал дәрігерінің мазасын алуға тура келеді. Сондықтан мал саудасымен айна­­­лысатындар үшін ветери­­нарлық құжатты берудің басқалай жолын қарастыруға болмай ма? Мысалы, ветери­нар­­­лық құжатты ауыстыра бермей, сол құжатта мал иесінің ауысқанын жазатын кесте қосса қайтер екен?» – дейді мал саудасын кәсіп еткен Ғалым Тұрарұлы.

Оның айтуынша, мал сатып алып, оны өсіріп, семіртіп сатушылар ветеринарлық құжат алудан мезі болып кеткен. Сондықтан кім бақылап отыр дейсіз деп, сатып алып, бордақылаған малын құжатсыз сата салады. Әсіресе, мал соятын қасапшылар семіз малды көргенде оның паспортын сұрап әуреге салмайды екен. Ал ол малдың қандай аурумен ауыратынын ешкім білмейді.

«Кейде көлігіммен мал базарына басқа саудагерлердің малын тасимын. Әрине, олар­­­дан сатуға апара жатқан малының пас­­порты бар-жоғын сұраймын. Жоқ деп айтпайтыны белгілі ғой, сонда да сенемін. Бірақ жолай полиция тоқтатып, малдың паспорты жоғын анықтаса, мал иесімен қатар, маған да айыппұл салады. Менің жазығым не? Мал менікі емес десем де айыппұл төлетеді. Осы­ны да заң шеңберінде реттеу керек қой», – дейді ол.

Әрине, ауыл-аймақта малды кәсіп еткен Ғалым сияқтылар аз емес. Бірақ олар мұндай мәселеге тап болмау үшін малды сырғалау мәселесіне көңіл бөлгені маңызды, әрине. Алайда олар малына паспорт алуға асықпай жүр. Бір анығы, мұның салдарын ең әуелі өздері тартады. Малы қырылса, өтемақыдан қағы­­лады, малы жоғалып, табылса, мал өзінікі екенін дәлелдеуі қиынға соғады. Өтемақы демекші, осы малға жұт келгенде өтемақы алу үшін не істеу керегін де айта кеткен жөн.

Жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануар­лардың жұқпалы ауруы пайда болғанда тиісті ау­мақтың бас мемлекеттік ветеринар-санитар инспек­­торының ұсынысы бойынша карантин немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы жергі­лікті атқарушы органның шешімі болуы тиіс. Ол шешімді аудандық маңызы бар қала, елді мекен, ауыл, ауылдық округ әкімі шығарады. Жануар­­­лардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, сол жануар­­­лардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоюға арналған акті мен сол жануарлар мен олардан өндірілген өнімдер­­­дің көзі жойылғанын растайтын актілер қажет. Көзі жойылған жануар мен сол жануардан өндіріл­­­­ген өнімдердің орташа айлық нарықтық құнын белгілеу туралы акті де талап етіледі. Жануарлар мен өнімдерді алып қою туралы қаулыны да қоса тапсыру қажет екен. Сонымен қатар, диагностика немесе мемлекеттік ветеринарлық-санитар­­лық бақылау және қадағалау объектілерінің сараптама қоры­­тындысы бойынша ветери­­нарлық зертхананың сараптама актісі (сы­­нақ хаттамасы) маңызды рөл атқарады. Вете­­ринария паспорты мен Ауыл шаруашы­лығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасынан алынған көшірмені де қоса ұсыну талабы тағы бар. Құжаттардың осындай толық пакетін ұсын­ғандарға ғана мал құнының өтемі төленеді. Мысалы, осыдан бір апта бұрын құс тұмауынан қырылған 2 585 құс бойынша құжаттар дайындалып, 8,9 млн теңге көлемінде өте­мақы төленген.

«Қыркүйек айының ортасынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауын жұқтырудың салдары­нан 25 мыңға жуық құс өлімі тіркел­­ді. Сонымен қатар инфекция ошақ­­тарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашы­­лықтағы 45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі», – деді АШМ Ветерина­риялық бақылау және қадағалау комитеті төраға­сының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдол­данов. 

Дереккөзі: aikyn.kz

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы