Суармалы егістіктер қалпына келтіріледі
Еліміздегі ауылшаруашылық мақсаттағы жер учаскелерін тиімді түрде кәдеге жарату қажет. Егістіктердің өнімділігі мен құнарлығын арттыру үшін айналымдағы суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтқан абзал. Бұл бағытта алдағы 5 жыл ішінде пайдаланылмаған 600 мың гектар суармалы жер қайта қолданысқа енгізілуі тиіс. Иесіз қалған учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылдан бастап қолға алынбақ.
Межеленген 600 мың гектар бір кездері кәдеге жаратылып, кейін иесіз қалған суармалы жер. Бүгінде бар гәп су жүйелерінің жарамсыздығына, тіршілік нәрінің тартылмауына тіреледі. Оларды қалпына келтіру 4-5 жылдың еншісіндегі шаруа. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішевтің пікірі осыған саяды.
– Пайдаланылмай жатқан 700 мың гектар суармалы жердің иесін анықтау жұмыстары қолға алынды. Түгендеу жұмыстарының нәтижесінде оның қожайыны табылса, біз суды тартатын егістік пайдаланыла ма? Инвестиция тартып, суармалы жерлер қалпына келтірілсе, олар тиімді қолданылады деген облыс әкімдіктерінің кепілдеме хаттарын алдық. Әрбір аудан бойынша қалпына келтіруді талап ететін суармалы жерлердің көлемі бойынша нақты мәліметтер бар. Енді оған жұмсалатын қаражат бойынша есеп-қисап жұмыстары жүргізілді, – деп ол қолға алынған жұмыстардың жай-жапсарын тергіштеді.
Атқамінерлердің есептеріне сәйкес суармалы жерлерді қалпына келтіруге 326 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Қаржылық қысылтаяң кезеңде ел қазынасына салмақ салынбайды. Қыруар ақша халықаралық қаржы орталықтарынан тартылмақ. 600 мың гектар жердің 171 мыңы Ислам даму банкімен бірлесіп, қалпына келтіру жоспарланған. 246 мыңы Еуропалық қайта құру және даму, 191 мыңы Азия даму банктері арқылы қаржыландырылады. Орта есеппен бір гектар жерге 500 мың теңге жұмсалмақ. «Шығынды есептеу үшін әрбір жобаны бөлек қарастыру қажет. Бұрын 600 гектардың барлығы суармалы жерлер ретінде пайдаланылған. Бірақ олар республикалық, коммуналдық меншікте болмаған, сол күйі жергілікті шаруа қожалықтарының қарамағында қалып қойған. Жер учаскелері 1990-2000 жылдары ұқыпты қолданылмады. Оның орнына судың деңгейін бұруға және көтеруге арналған металдардың барлығы кесіліп, ақшаға саудаланған. Кейбір жерлерде ағаштың өсіп кетуі, лайға толуы іспетті тек механикалық тазалау жұмыстары талап етіледі. Оның әрбір гектарын қалпына келтіру үшін 40-50 мың теңге қажет. Ал күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы 1 миллион теңгеден асып кетуі мүмкін», – деп суару жүйелерін қалпына келтірудің ерекшеліктерін Ислам Әбішев жіпке тізді.
Бүгінде Ислам даму банкімен Алматы облысындағы 35 мың гектар жердегі су құрылымдарын қалпына келтіру туралы келісімшарт жасалды. Өзге қаржы институттарымен де қолға алынатын жұмыстар пысықталуда. Облыс әкімдіктерінен тиісті кепілдемелер алынса, межеленген жұмыстар 2017 жылдың сәуір-мамыр айларында басталады. «Қазсушар» мекемесі халықаралық институттан несие алып, банктің шарттарына сәйкес 20 жыл ішінде оны қайтарамыз. Бұл диқандарға суды жеткізіп беру тарифінің есебінен төленеді. Неліктен біз халықаралық институттарды таңдадық? Себебі олардың жылдық өтемақысы 3 пайыздан аспайды. Басқа кез келген банкте одан төмен деңгейде қаржы алу екіталай»,- деп түйді ол.
1991 жылы елімізде 2 миллион 340 мың гектар суармалы жер кәдеге жаратылған. 2016 жылдың қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, теңгерімде 2 миллион 80 мың гектар суармалы жер бар.
Венера Мұстафина
14.11.2016 ж. жауап
Также читайте:
Инфографика: капельное орошение – прогрессивно и экономно
Капельное орошение: подходить с умом
КАПЕЛЬНОЕ ОРОШЕНИЕ словами руководителя, который не любит давать интервью
Экономящие воду технологии земледелия внедряют в АПК ученые Кызылорды