Шаруаны дөңгелету оңайға соқпай отыр (талдау үшін)
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы тауар өндірушілердің пікірі осыған саяды. Олардың кейбірі қаржыдан тарығып, кәсіпорындарының жұмысын тоқтатуға бел буған. Аймақтағы теңдесі жоқ тері илеу цехы да уақытша жабық. Шикізат көп болғанымен, оны сатып алуға қаражат жоқ.
Мәртөк ауданы бұрыннан ауылшаруашылық өнімдерімен танымал еді. Жергілікті ет пен сүттің дәмітіл үйіреді. Облыс тұрғындары тарапынан да сұраныс жоғары. Қайта өңдеу саласы қанат жайған ауданда ақты өңдеуге ден қойылған. Оған ірілі-ұсақты 50-ге жуық шаруа кіріскен. Бірі нарыққа дайын өнім шығарса, бірі жергілікті зауытқа шикізат жеткізуге ден қойды.Самат Садуанов қос бағытты да алып жүрген. «Алғабас» ЖШС белгісімен сүт, айран мен ірімшік шығарылды. Бірақ бірнеше жылдан бері сүт зауыты тұралап тұр. Жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорындағы қымбат құрылғылар да тоқтаған. Бар гәп айналымдағы қаржының жоқтығына тіреледі.
– Сонымен қатар демпингтің кесірінен жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасылған сапасыз тауарға сұраныс көбейді. Сондықтан оны өткізуде де кілтипандар пайда болды. Бүгінде зауыт жұмыс істемейді. Енді тек аудандағы шаруалардан сүтті 85-90 теңгеге қабылдап, оны Ақтөбе қаласындағы зауытқа тапсырамыз. Әзірге осы шаруамен шектеліп отырмыз. Себебі айналымда қаржы болмаса, кәсіпті дөңгелетудің өзі екіталай, – деп ағынан жарылды «Алғабас» ЖШС басы-қасындағы Самат Садуанов.
Отандық өнімнің бәсі бөлек, бірақ таңдауға келгенде шетелдік ақтың бағы жанады. Оған «Алғабас» ЖШС директоры Самат Садуанов сенімді.
Қаржылық қысылтаяң кезеңнің лебін Абыл Гасанов та сезінді.Тері өңдеу кәсіпорны Мәртөк ауданының мақтанышына айналған-ды. Бірегей өңдеу ошағында бір айда 180 тонна тері иленген. Шикізат жергілікті тұрғындардан сатып алынды. Ірі қара малдың терісі сырттан да дорбаланған. Жартылай дайын өнімді өткізуде де ешбір тосқауылдар туындамаған. Көгілдір тері Испания, Италия, Қытай мемлекеттеріне жол тартты. Өңдеу цехының жобалық қуаттылығы 180 тоннаны құрады. Бірақ шаруаны дөңгелету оңайға соқпады. Қалтаға салмақ түсіп, қаржының жетіспеушілігінен кәсіпорын уақытша жабылған.
– Терінің бағасы нарыққа сай құбылады. Бірақ оны сатып алуға айналымда қаржымыз жоқ. Сондықтан тері илейтін цехы тоқтап тұр. Кәсіпорында еңбек ететін жұмысшыларды да әзірге босаттық. Өңдеу ошағын қайта іске қосу үшін қаржы институтына жүгіну жоспарымда бар. Өтінім құпталса, онда несие түріндегі қаржыға қол жеткіземін, – деп қолбайлау мәселенің мән-жайын «А.С.Ар.Аз.Г» шаруа қожалығының басшысы Абыл Гасанов түсіндірді.
Қайта өңдеу саласының ахуалынан аудандағы шенеуніктер хабардар. Ауыл шаруашылығы бөлімінің тізгінін ұстаған Шәміл Сариновтың сөзінше, бір кездері ауданда 3 сүт зауыты болған. Енді бар-жоғы біреуі ғана нарыққа өнім ұсынады. Өзгелері қаржының тапшылығынан тақырға отырған.
Бүгінде Мәртөк ауданында ірілі-ұсақты 400-ден астам шаруашылық бар. Олардың арасында дені шағын кәсіппен нәпақасын тауып отыр. Тауар өндірушілер көрпесіне қарай көсіледі. Тек айналымдағы қаржының таршылығы – шаруаны дөңгелетуге қолбайлау. Тығырықтан шығатын жол – несие рәсімдеу. Бірақ екінің бірі қаржы институтының талап үдесінен шыға бермейді. Бар гәп кепілге қоятын мүліктің жоқтығына немесе жетіспеушілігіне тіреледі. Оның кесірінен қолдағы құрал-сайманды жаңарту жайы көңіл көншітпейді. Техникадан қағажу көретіндер көбіне көрші-қолаңға жүгініп, трактор мен комбайнды жалға алады.
– Шаруашылықтар несие алғылары келеді. Бірақ кепілдің жоқтығынан, одан қағылады. Сондықтан ұсақ шаруалар қаржыландыру көздеріне қол жеткізу үшін кооперацияға бірігуі қажет. Бірақ тауар өндірушілердің басым бөлігі оған кіруден тартынады. Барлығы жеке кәсіптің иесі болып, ортақ жауапкершілікті мойындарына алудан бас тартады», – деп мәселенің мән-жайын Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Шәміл Саринов тергіштеді.
Жергілікті атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, мал шаруашылығынан гөрі егіншілік сұранысқа ие. Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер барлық жер көлемінің 70 пайызын құрайды. Биылғы жылы аудан бойынша егіс алқабы 87 мың гаға жеткен. Оның дені дәнді дақылдардың еншісінде. Көрсеткіш 49 мың га алқапқа тең. Екінші орынды майлы дақылдар иеленсе, ал үштікті мал азығы түйіндейді. Көктемдегі ылғалдың көлемі жоғары болғандықтан, дәннің шығымдылығы жақсы. Егіншілік үшін тәуекелі басым аумақ ауа райына тәуелді. Диқандар табиғат тосын мінез танытпаса, биылғы өнімділік орташа болатынына дәмеленіп отыр. «15 күннен кейін аудан шаруалары арпаны оруға кіріседі. Ауданда бір аптадан бері апат ыстық, аңызақ жел. Тағы 10 күн бойы температура жоғары болса, онда дәннің кеуіп қалу қауіпі бар. Бір жылдары берекелі өнім бұйырса, кейде дән өспей қалады. Өткен жылы шаруашылықтардың бірі арпа егіп, оның нәтижесі көңіл көншітпеді. Бір гектардан бар-жоғы 1 центнерден алынды», – дейді ол.
Венера Мұстафина
01.08.2016 ж. жауап
Также читайте:
2016 жылдың басынан 5,2 млн тонна астық экспортталды
Зерновая расписка станет электронной (для анализа)