«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының талаптары жеңілдеді
Үкіметтің қаулысымен «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алатын кәсіпкерлер санын арттыратыны жоспарланып отыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Негізінен бизнестің санаты, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар мен қолдау құралдарының шарты бойынша өзгерістер енгізілген. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында және өңірлердегі бизнесті дамытуға бюджет қаржысының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталды.
Жаңа редакция бойынша, бағдарламадан облыс пен қалалық әкімшіліктер жанында жұмыс істейтін Өңірлік үйлестіру кеңесі (ӨҮК) алынып тасталды. Енді шағын жобалардың несиесіне субсидия беруде шешімді «Даму» Қоры қабылдайды. 180 млн теңгеден аспайтын несиелерді Қор 5 жұмыс күні ішінде қарастырса, 180 млн теңгеден астам несиелер бойынша шешімді бірыңғай бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісі 21 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Кепілдендіру құралы бойынша қолданылып келген дәл осындай әдіс шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде өте тиімді екенін көрсетті.
Кепілдікті тоқтату шарттарына қойылатын талаптар да жеңілдеді. Ол бойынша енді несие 100% мақсатты түрде жұмсалмаған жағдайда ғана кепілдік беру тоқтайды.
Сондай-ақ, бір кәсіпкердің қолына тиетін несие субсидиясының сомасына да өзгеріс енді. Ол 4,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін азайды. Дегенмен, несие мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі бұрын үш жыл болса, қазір ұзартусыз без жылға өзгерді. Берілетін кепілдеменің мерзіміне шек қойылмайтын болғандықтан, енді кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды.
Сонымен қатар, бағдарлама бойынша сусбсидияланатын немесе кепілдік берілетін несиенің тұрақты бекітілген максималды мөлшерлемесінің орнына өзгермелі мөлшерлеме енгізілді. Субсидия Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 пайызға ұлғайтылған номиналды сыйақы мөлшерлерлемесі бар несиелерге беріледі. Оның 30-50 пайызын үкімет саласына қарай субсидиялайды, айырмасын кәсіпкер өзі төлейді. Кепілдік шарт бойынша өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы кесте бойынша, яғни ҚР ҰБ базалық ставкасы + 5% деп есептеледі.
Бюджетке төленетін салық көлемінің артуымен байланыстырылатын тиімділік критериі де алынып тасталды. Енді Бірыңғай бағдарламаға қатысу шартына сәйкес, кірісті арттыру мен жаңа жұмыс орнын ашу талаптарына сай келсе болғаны. Бағдарламаның бұрынғы редакциясында жоғарыда аталған талаптармен қатар, оң шешім алғаннан соң екі жыл өткен соң салық түсімін 10 пайызға арттыру да талап етілетін. Бұл – көп кәсіпкер үшін кедергі еді. Бір айта кетерлігі, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиелерге тиімділік критериі талап етілмейді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының баспасөз хатшысы мәлім еткендей, қонақ үй немесе қонақ үй кешендерін сатып алу бағытында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар да ыңғайлы бола түсті. Бұл қызмет түрі жобаларды субсидиялауды және несиеге кепілдік беруді мақұлдау кезінде Бағдарламаның шектеу қойылатын критерийлері тізімінен алынып тасталды.
Айта кетейік, 2017 жылы 2 287 жоба субсидияланып, төленген субсидия 36,13 млрд теңгені құрады. 1 065 кәсіпкер 38 млрд теңгенің несиесі бойынша кепілдік алды (2016 жылмен салыстырғанда 112% артқан). Кепілдіктің жалпы көлемі 15 млрд теңге болған.