Аграрлық ғылым мен инновацияның тынысы қандай?
«Made in Kazakhstan» жер-жаһанда экологиялық тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Органикалық егіншілікті дамыту, өнімділікті арттыру жолында ғылыми жаңалықтар мен инновациялық технологияларды кәдеге жаратуға болады.
Аграрлық ғылымды
Ауыл шаруашылығы ғылыммен ұштастырылса, өндіріс пен өнімділік еселене түседі. Мұны қаперге алғанымызбен, нақты қадамдарымыз әлі де сылбыр. Аграрлық ғылым мен инновацияға қаржы үлестіріледі. Бірақ оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Стратегиялық және экспорттық маңыздылығы бар дақылдың ахуалы алаңдататыны хақ. Қазақстанның мақтанышына, дастарханымыздың сәніне айналған сары алтын сапасының төмендеуі – оның бір айғағы. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов бұл үрдіс алғаш рет бес жыл бұрын байқалғанын мойындады. Оның уәжіне сенсек, бар гәп қолайсыз ауа райына, ылғалдылыққа, топырақ құнарлығының жойылуына, түрлі ауруларға тіреледі. Бұл бағытта тұқымды жаңарту, жаңа сұрыптарды қолдануға қол сілтемеген абзал. Тек ғылыми жаңашылдықтар мен жетістіктерді ендіруге келгенде, енжарлық танытатынымыз бар. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен бойынша әзірлемелердің тең жартысы ғана кәдеге жаратылады. ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Асқар Наметовтың пікірі осыған саяды. Оның сөзіне сүйенсек, ғалымдар мен отандық тауар өндірушілер арасында байланыс көпірін нығайтуға ден қойылған.
– Біздің сұрып бүгінде 2,5 миллион гектар алқапқа сіңіріледі. Оларды қолданудың арқасында астықтың берекелігі гектарынан үш центнерге артты. Сұрыптың бұл түрі тек 5 жыл бұрын шығарылды. Бірақ бүгінде диқандар қауымына 47 миллиард теңге көлемінде табыс әкеліп отыр. Шаруалардың көбі отандық ғалымдармен шығарылған сұрыптарды толық пайдаланбайды. Олардың әлеуеті тек 40-60 пайызға ғана кәдеге жаратылады. Бүгінде басымдықтарды өзгерттік. Ғылым білімді тарату, ақпараттық қамсыздандыру шеңберінде тауар өндірушілермен байланыс орнатуға көшеді. Технологиялық карталардың арқасында әлеуетті диқандар қауымына жеткізіп, технологияларды дұрыс пайдалануды меңгертеміз. Сонда ғана 2017 немесе 2018 жылы әлеуетті пайдалану деңгейі 20-30 пайызға көбейеді. Гектарынан 10-15 центнердің орнына кемінде 20-25 центнер өнім бұйырмақ. Бұл – жоғары деңгейдегі тиімділік пен нәтиженің көрсеткіші, – деп тындырылған жұмыстарды Асқар Наметов ой елегінен өткізді.
Жаңашылдыққа жақын тауар өндірушілер
Инновациялық технологиялардың артықшылығына Диас Тастанбеков көз жеткізген. Жаңашыл жас органикалық өнімдерді өндіруге бел буған. Экологиялық таза көкөністерді өсірудің аэропонды әдісіне таңдау түсті. Оған сәйкес өсімдіктер топырақсыз, жасанды ортада жайқалады.
Қоректік заттар ауа арқылы тамырға тозаң түрінде жеткiзіледі. Олар оттегіге еркін қолжетімділіктің арқасында топыраққа егілген өсімдіктерге қарағанда тезірек өседі, ауруларға төзімділік қасиеттері басым.
«Барлық өсімдіктерге даму және өсуі үшін құнарлы орта, су, жарық және ауа қажет. Аэропонды тәсілдің ерекшелігі – қоректік заттарды топырақ арқылы жеткізу міндет емес. Оны өсімдіктің тамырына минералдармен байытылған суды бүрку арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Аэропонды жылыжайда өсімдіктер топырақсыз өсіріледі. Бұл тәсіл көптеген мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Әсіресе құнарлы жер мен сапалы судан таршылық көретін Жапонияда және Израильде сұранысқа ие. Өсімдіктерді осындай тәсілмен өсірсек, органикалық тұрғыда таза өнім аламыз. Сонымен бірге қаражатпен қатар суды, қуатты үнемдейміз. Өнім өндіруде жұмсалатын шығындар аз. Сәйкесінше бағасы да қолжетімді», – деп өзінің пайымымен жаңашыл жас бөлісті.
Қарағандылық Диас заманауи жылыжайдың іргетасын қалады. Оның аумағы 400 шаршы метрді құрайды. Бүгінде шетелде білімін шыңдаған жас кәсіпкер аэропонды жүйелерді орнатуға мықтап кірісті. Ол биоөндіріске негізделген жылыжайда көкөністерді өсіріп, ішкі нарықты сапалы органикалық өнімдермен қамтамасыз етпек.
Диастың көзқарасы мен ұстанымы 23-жастағы Евгений Лиге де таңсық емес. Атыраулық жас заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерге иек артудың маңыздылығын түйсінген. Жігерлі жігіт тәуекелге бел буып, жиған-терген қаражатын жылыжайдың құрылысына жұмсады. «Тұқымды сатып алып, жылыжай өсімдіктерге жарық түсіру, тұман қалыптастыру және желдету жүйелерімен жабдықтады. Орнатылған құрал-жабдықтардың барлығы біздің елімізде құрастырылған. Таяуда «Қазақстанда шығарылған» деген сертификатты иелендім. Енді мен қазақстандық тауар өндірушілердің бірі саналамын. Неліктен гүлдер мен көшеттерді өсіруге бел будым? Себебі 2 жыл бойы қаланы көгалдандырумен айналысатын мекемеде тер төктім. Оның барысын жан-жақты елеп-екшеп, біліп-көргенімді кәдеге жаратуды ұйғардым», – деп өзінің қолға алған шаруаларымен Евгений бөлісті.
Жылыжайда біржылдық гүлдердің түр-түрі, сәндік, жеміс және қылқан жапырақты ағаштар жайқалған. Енді Евгений өсімдіктермен қатар көкөністерді көбейтуге бел буып отыр.
ГМО қолдануға болмайды
Дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға қызығушылық үлкен. Тиісінше бүгінгі таңда жер-жаһанда экологиялық таза өнімдерге сұраныс артты. Органикалық егіншілік жоғары бағаланады. Қазақстан да биоөндіріске бет бұрып, оған қан жүгіртуге кірісті. Қажетті заңнамалық құжаттар қабылданып, өнімді сертификаттаудың жолдары пысықталуда.Бүгінде Ақмола облысында бірнеше кәсіпорын шетелдік арнайы ұйымдарда аккредитациядан өтіп, органикалық өнімдер Еуроодақ елдерінің нарығына жол тартты.
Елбасы еліміз экологиялық таза тағамдар бойынша әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айналуға әлеуетіміз барын қадап айтты. «Made in Kazakhstan» бренді табиғи өнімдермен әмбеген мәшһүр болуы тиіс. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда ГМО-ны қолдануға тыйым салынады.
– Барлық ГМО гибридтермен байланысты. Әлемде гибридтер негізінен майлы дақылдарды өсіруде қолданылады. Гибридтер біздің елге 10-15 жыл бұрын келген және біздің жағдайларға икемделе алмады. Біздің мемлекет ГМО қолданатын гибридтерге оң көзқарас танытпай отыр. Жақын жылдары оларды қолдануға тыйым салатын белгілі бір кедергілер, нормалар, ережелер енгізілуі мүмкін. Шет мемлекеттер Қазақстанда егін шаруашылығы химиялық қоспаларсыз жүргізілетінін біледі. Олар Қазақстаннан органикалық таза өнімдерді күтеді», – деп сендірді Асқар Наметов.
Оның айтуынша, біртіндеп органикалық егіншілікті және мал шаруашылығын дамытуға ден қойған абзал. Бүгінде қажетті стандарттар пысықталуда. 2017 жылдың екінші жартысында органикалық өнім шығаруға мүмкіндік беретін ережелер қабылдануы ықтимал.
Венера Мұстафина
22.05.2017 ж. мақала