Қолда барды ұқсату қажет
Елімізде жылда сүтті тұтыну деңгейі 6 пайызға артады. Сұранысты өтеуге қауқарымыз бар. Бүгінде жалпы қуаттылығы 3,5 миллион тоннаны құрайтын 383 өңдеуші кәсіпорын еншімізде. Сонымен қатар жаңа 3 сүт-тауарлы ферма қолданысқа тапсырылмақ. Тек шикізатқа келгенде, ұтылатынымыз бар. Себебі сүт өндірісіндегі кәсіпорындардың жүктелуі бар-жоғы 58 пайызды құрайды.
Сауданың бірыңғай қағидалары күшіне енбек
19 жыл бойы жүргізілген күрделі келіссөздердің тоқтамы шығарылды. Қазақстан ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды. Оған жер-жаһандағы 161 мемлекет мүше саналады. Әлемдік тауар айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ еншісінде. Сауда-саттықтың бірыңғай қағидаларын енді еліміз де назарға алмақ. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға да жол ашылмақ. Отандық өнімді өткізудің жаңа нарықтарын бағындыруға мүмкіндік бар. Ал тұтынушылар тауарлар мен қызмет түрлерін таңдай алады.
– Экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард доллар деңгейіне шықты. Біздің сыртқы сауда айналымымыздың 90 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдерге тиесілі. Сауда қарым-қатынастарының географиясы едәуір өзгерді. Қазақстанның сауда байланыстары 90-жылдардың ортасында бұрынғы кеңестік елдерімен ғана жүргізілсе, бүгінде біз әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасап отырмыз, – деп атап өтті Елбасы Женевада өткен салтанатты жиында.
Ауыл шаруашылығы бойынша келіссөздер оңайға соқпады. Десек те еліміз үшін тиімді шарттарға қол жеткізу үшін ұлттық мүдделер қорғалды.
Қытаймен қатар Қазақстанға да ауыл шаруашылық өнімінің жалпы құнының 8,5 пайызы мөлшерінде салаға мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігін иеленді.
Жеңілдіктер сақталады
– ДСҰ кіргенімізбен, біз жеңілдіктерден бас тартпаймыз. Дайындау кәсіпорындарының қосылған құн салығы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылады. Жыл соңына дейін елімізді аралап, оларды өздерінің дайындау кәсіпорындарын аккредитациялауға ынталандырмақпыз. Осылайша ол мемлекеттік қолдауды сезініп, өзінің өндірісін кеңейте алады. Меніңше, елімізде дайындау ұйымдарының қызметі ретке келтірілуі тиіс. Олар секілді білікті, кәсіби делдалдардың көмегенсіз мүмкін емес. Себебі фермер тек өндіріспен, өзінің қожалығымен айналысуы тиіс. Егер тұрақты түрде саудамен, өнімді өткізумен айналысса, онда өнеркәсіптік деңгейде жұмыс істеу оңайға соқпайды, – деп мәселенің жай-жапсарын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев тергіштеді.
Министрлік қайта өңдеу кешендерін сапалы шикізатпен қамтамасыз ету жолында жаңашылдықтарды енгізуге бел буып отыр. Келешекте жалпы ауыл шаруашылық өнімді дайындау желісінің логистикасын құру көзделген. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған жобаға үміт артылуда. Қағаздағы іс жүзінде өмірге жолдама алса, онда ұсақ шаруашылықтар әлекке түспей, өз өнімдерін өткізе алады.
Үш сүт-тауарлы ферма ашылады
Сүт өндірісі бойынша ахуалымыз көңіл көншітерлік. Бетке ұстар өңдеу кешендерінің қатары аз емес. Отандық ақтан да еліміз тарықпайтын көрінеді. Ресми мәліметтерді сөйлетсек, бүгінде ішкі нарық өңделген сүтпен 95 пайызға қамтамасыз етілген. Қышқыл өнімдер бойынша көрсеткіш 87% тең. Тек сыртқа тәуелділіктен арылу үшін отандық сары май (50%), ірімшік пен сүзбе (60%) өндірісін әлі де қамшылау қажет. Бұл бағытта атқамінерлердің уәжі бойынша екі аяққа тұсау салған мәселелер бар.
– Қазіргі таңда салада туындайтын түйіткілдер: біріншіден, қаржының жетіспеушілігі және қолжетімсіздігі, екіншіден, өнімді өткізу және ішкі нарықты қорғаудағы қиындықтар, үшіншіден, салық салу, төртіншіден, өндірістің төмен тиімділігі және соңғысы ауыл шаруашылығы кооперациясының дамымауы, – деп күйінді вице-министр.
Қолбайлау мәселелердің түйіні тарқатылса, діттелген межелерді бағындырудың ауылы алыс емес. Елімізде тәулігіне 210 тонна сүт өндіретін 3 сүт-тауарлы ферма қолданысқа тапсырылмақ. Жобалар шетелдік инвесторлардың атсалысуымен өмірге жолдама алмақ. Ақтөбе облысында тәулігіне 60 тонна сүт өнімдерін өндіре алатын «Milker», Алматы облысында қуаты 100 тонналық «Айынды» және Ақмола облысында тәулігіне 50 тонна өнім бере алатын «АгроТрейдТорг» компаниялары туралы сөз қозғалып отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары пысықталу үстінде.
Осылайша атқамінерлер сүтті қайта өңдейтін кешендердің жүктелуін 70 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. 2020 жылға қарай тауарлы сүт 500 мың тоннаға артуы тиіс. Сырттан дорбаланатын ақтың көлемі қазіргі 28 пайыздан 18%-ға төмендетілмек. Бүгінде ішкі нарықта өзге мемлекеттердің құрғақ сүті, қоюландырылған сүт өнімдері және ірімшіктің үлесі басым.Ал «Қазақстанда шығарылған» ақты көбіне-көп ресейліктер мен қырғызстандықтар тұтынады. Өткен жылы 20 мың тонна өңделген сүт өнімдері шекара асқан.
Өндірістің тұтас тізбегі қалыптаспақ
Бұл бағытта таяқтың бір ұшы сапалы шикізатқа тірелетін көрінеді. Егер жыл басындағы деректерді бағамдасақ, елімізде 5 млн 69 мың тонна сүт қайта өңдеуге жол тартқан.Оның тек 20 пайызы ғана шаруа қожалықтарының есебінен қамтамасыз етіледі. Негізгі үлес қарапайым халықтың еншісінде. Сүттің 80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екенін ескерсек, оның сапасын бақылауға әрі оны қабылдауға қатысты сауалдар туындайтыны хақ. Себебі ақты қосалқы шаруашылықтардан жинаудың өзі кейде оңайға соқпайды. Ауылдардың бірі тым шалғай орналасқан. Сүт өңдеу кешеніне жеткізілгенше дейін оның жолда іріп кету қауіпі бар. Арагідік жолдың жыры қолбайлау болып, ауылға жетудің өзі мұңға айналады. Бірақ бұл алтын бесіктегі ағайын үшін кірістің көзі, күнкөріс қамы.
Сондықтан қолда барды ұқсата алсақ, ұтарымыз анық. Мұны қаперге мықтап түйген тиісті ведомство елді мекендерде сүтті қабылдау бекеттерін ашуға басымдық берген. Бұл -«Агробизнес-2020» бағдарламасына артылған меженің бірі. Оның арқасында өндірістің тұтас тізбегін қалыптастыру көзделген. Бұл ретте сүтті өңдеушілер тарапынан да белсенділік байқалады. Мәселен, Қарағанды облысында «Нәтиже» сүт фабрикасының тәжірибесі көпшілікке өнеге. Олар сиырды сауатын аппаратты шаруаларға таратады. Қыл аяғы келешекте оларды жем-азықтың қажетті түрлерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын сапалы әрі қажетті сүт көлемі тұрақты түрде қамтамасыз етілуіне басымдық береді.
– 2007 жылдан бері сүтті өңдеуші кәсіпорындарға өндірілген сүт көлеміне демеуқаржы қарастырылған. Өнімділік пен қуаттылыққа байланысты әр литрі үшін 10 теңгеден бастап 25 теңгеге дейін қаржы төленеді. Қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұйымдастырылған қожалықтардан сатып алынатын өнімнің айырмашылығын демеуқаржыландыру бағдарламасы да қолға алынды. Өткен жылы ел қазынасынан 2 миллиард теңге бөлінген. Ел бойынша оның игілігін 44 кәсіпорын сезінді. Биыл бағдарлама жалғасын таппақ. Оған 2,7 миллиард теңге үлестірілді, – дейді Еркебұлан Ахметов.
Шығыс Қазақстан мен Алматы облысында қанатқақты жоба жүзеге асырылмақ. Оның аясында барлық технологиялық тізбек құрылмақ. Сүт-тауарлы ферма, қайта өңдеу кешені, сервистік дайындау орталықтары ашылады.
Бірігуге баса мән берілмек
Ауылшаруашылық кооперация туралы» жаңа заң жобасына артылған үміт көп. Құжат құпталса, агроөнеркәсіптік кешенге жаңа серпін берілмек. Әуелі өндірістік кооперативтерді құру көзделген.Олар коммерциялық жүйеге ауысу мүмкіндігін иеленбек. Суды пайдаланушылардың ауылдық тұтынушы кооперативтері мен ауылшаруашылық серіктестіктер жеңілдіктерден қағылғандықтан, арнайы салық тәртібін енгізу көзделіп отыр. Міндетті ішкі тексеруді енгізу және оның құнын 50 пайызға дейін демеуқаржыландыру мәселесі қарастырылған. Әзірге тың өзгерістер мен толықтыруларды қамтитын құжат мәжілістің қарауына жолданған.
Себебі бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтар және ұсақ қожалықтар негізгі қолдаудың шарапатынан қағылады. Олар кооперативтерге, заңды тұлғаларға біріксе, қаржылық сауықтыру, сақтандыру несиелерін кепілдендіру тәрізді мемлекеттік «жылы алақанын» сезіне алады. Атқамінерлер ұсақ шаруалар біріксе, бәсекелестікке төтеп беру де шешімін табатынын алға тартады. Бұл ретте ақты қайта өңдеуде кооперативтік өндірісті жаңазеландиялық «Франтера» және даниялық «Арла» компанияларының үлгісімен дамыту жоспарланған.
Венера Мұстафина
Статья от 10.08.2015 г.
Также читайте:
Консалтинг и его важность в сельском хозяйстве республики Казахстан
Агрофирма «Родина» вводит молочно-товарную ферму на 1000 голов КРС
Отраслевые программы – подспорье для животноводства
Господдержка сельского хозяйства: круг сужается