Құс өсірушілер жаңа жылға үміттеніп отыр
Өткен жыл отандық тауар өндірушілердің қытығына тиіп, бәсекеге қабілеттілігін сынға салды. Ресейлік ақшаның құнсыздануынан бірі кірісінен қағылса, бірі өнімдерін өткізе алмай әбігерленді. Оның лебі қазақстандық құс өсірушілерді де шарпығаны мәшһүр. Демпингтің кесірінен сырттан ағылған өнімдердің бағы жанды. Ал отандық өнімдерге сұраныс құлдилап, олар сауда сөрелерінен гөрі қоймаларға жол тартқан-ды. Ұлттық теңгенің еркін айналымға жіберілуі ахуалды оңалтқан көрінеді.
Терең өңдеуге бетбұрыс қажет
Жер-жаһанды шарпыған дағдарыс табыстан тарықтырып, кәсіпті шатқаяқтады. Бәсекелестіктің қатал талаптарына шыдап беру ұсақ тауар өндірушілер үшін оңайға соқпаған көрінеді. Өткен жылы жұмыртқа өндірісіне ден қойған қос шағын фабрика тұралады. Оның бірі теріскейде, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Десек те ресми мәліметтерді тергіштесек, өндірістің еселенгені байқалады. Өткен жылы жұмыртқа өндірісі 4,7 млрд данаға жеткен. Оның 3,6 млрд құс шаруашылықтарының, ал қалғаны жеке сектордың еншісінде. Нәтижесінде 1990 жылдағы көрсеткіш бағындырылды.Бүгінде еліміз отандық жұмыртқамен 100 пайыз қамтылған. 2014 жылы жан басына шаққанда 228,7 жұмыртқа өндірілген. Өнімнің бұл түрі бойынша орташа тұтыну көлемі 217 дананы құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жылына 243 жұмыртқаның қолданылуын құптайды.
Құс етінің импорты, мың тонна
2012 жыл – 192297,6
2013 жыл – 169861
2014 жыл – 159477,3
Өткен жыл кәсіпкерлердің бірі үшін мүмкіндіктер көзіне айналған сыңайлы. Рудный қаласындағы «Жас қанат-2006» ЖШС өндірістің тынысын кеңейтуге бел буған. Оның іргесі 2006 жылы қаланған. Бастапқыда құстың саны 82 мыңға жетсе, енді 1,5 млн дейін көбейту діттелген. Оның арқасында жұмыртқа өндірісінің қауқарын арттыру межеленген.
Бүгінгі күні жұмыртқа өндірісі көлемін арттыруға бағытталған құс фабрикасын жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталды. Заманауи жоғары технологиялық құралжа бдықтарды енгізу жұмыртқа жинау және сұрыптау уақытын 3 есе қысқартуға, жылына 250 млн. данаға жеткізуге, бұл ретте еңбек өнімділігін 3 есе арттыруға мүмкіндік береді. Біз өз өнімдерімізді Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіп, 15 пайыз өнімімізді Ресей Федерациясына экспортқа шығарамыз. Ал ендігі уақытта жүргізілген жаңғыртудың арқасында біз бұл көрсеткішті еселеуді жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестіктің тізгінін ұстаған Қайрат Маишев.
Жұмыртқа өндірісінің асығы алшысынан түскенімен, оны терең өңдеу жағы кемшіл. Еншімізде шикізат бар. Тек қажетті құрал-жабдықтардың бағасы күйіп тұр. Бұл технологияны жаппай ендіруге қолбайлау болып отыр.
* Қазақстанда жұмыртқа өндірісінің қорлары жеткілікті. Тек жұмыртқаны қайта өңдеу бағыты қапы қалуда. Оны дамытқан абзал. Терең өңдеудің артықшылықтары бір төбе. Аталмыш технологияны бес саусақтай меңгерсек, жұмыртқа бағасының маусымдық құбылуы сезілмейді. Есесіне өндірістің тиімділігі арта түседі. Бірақ әзірге тұтыну нарығының дамымауы, құрылғылар құнының қымбат болуы оған кедергі келтіруде. Ал бұл технологияны кәдеге жаратқан отандық құс өсірушілер артылған жұмыртқадан ұнтақ, меланж шығарады. Олар жаңа нарықтарды бағындырып, кріске кенелуде, – деп мәселенің байыбын «Қазақстанның құс өсірушілер одағы» ЗТБ баспасөз хатшысы Милана Джафарова жіпке тізді.
Импорт басым
Ал құс еті бойынша ахуал кереғар. Сырттан дорбаланатын өнімге тәуелділік басым. Тұтыну теңгерімі – сөзіміздің бір айғағы. Оған сәйкес отандық етті құс фабрикалары ішкі нарықтың қажеттілігін бар-жоғы 44 пайызға өтейді. Дастарханымыздағы құс етінің 56 пайызы өзге елдерге тиесілі. Сыртқа алақан жаймаудың амалдары пысықталған. Оның бір парасы сырттан тасымалданатын өнімнің көлемін құлдилатуға тіреледі. Құс етіне үлестірілетін импорттық квотаның көлемі 110 мың тоннаны құрайды. Ресми мәліметтерді бағамдасақ, экспорттау деңгейі төмендегені байқалады. 2012 жылы құс етінің импорты 192 мың тоннаға жетсе, өткен жылы көрсеткіш 20 мың тоннаға азайған.
Құс етінің экспорты, мың тонна
2012 жылы – 1429,4
2013 жылы – 1213,9
2014 жылы – 5426,4
2015 жылдың 9 айында – 5603,1
Өткен жылы еліміздегі құстың саны 38 млн асып жығылған. 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2 млн артқаны байқалады. Құс етінің өндірісінде де ілгерілеу бар. 180 мың тонна құс еті шығарылса, оның дені өнеркәсіптік құс фабрикаларына тиесілі. Десек те өнімнің бұл түрі бойынша тұтыну қауіпсіздігінің деңгейі әлі де еңсерілмеген. Оған қарамастан, қазақстандық құс етінің дәмін өзге мемлекеттер де татуда.
2012 жылы елімізде өндірілген 303,3 мың жұмыртқа шекара асқан.
2013 жылы көрсеткіш нөлге теңелген. 2014 жылы 50 млн астам жұмыртқа өзге мемлекеттерге экспортталған.
Отандық құс етінің өзіндік құны шамамен бір келісі үшін 385 теңгені құрайды. Оның өткізу бағасына асыл тұқымды қордың жоқтығы, қоспалар мен ветеринарлық дәрмектердің сырттан тасымалдануы әсер етеді. Сәйкесінше импортталған өнімге қарағанда өзіміздікі қымбат болып шығады. Бұл ретте еліміздегі жүгері, соя мен күнбағыс сорты күнжараның өндірісін көбейту қажет, – дейді құс өсірушілер. Сонымен қатар өнімнің бағасын негізсіз шарықтататын делдалдардың қитұрқы әрекетіне тосқауыл қойған жөн.
Қазақстанның құс өсірушілер одағының дәйектеріне сүйенсек, құс өсірушілердің шығындарын демеуқаржыландырудың шарапаты елеулі. Оның арқасында өндірістегі тиімділік 19 пайызды құрайды.
* Бүгінде құс өсірушілер мемлекеттік демеудің арқасында кәсіптің тасын өрге домалатқандарын алға тартады. Қолдау болмаса, құс фабрикалары тығырыққа тіреледі. Өндірісті жаңғырту, технологиялық тұрғыдан қайта жандандыру жұмыстарын жүргізу де оңайға соқпайтыны белгілі, – дейді «Қазақстанның құс өсірушілер одағы» ЗТБ өкілдері.
Венера Мұстафина
Ссылки по теме:
Құс өсірушілер «Буш сирақтарына» тәуелділікті азайтпақ
Құсқа арналған азықпен қамдандық па?
Новая птицеферма в Кызылорде предоставит жителям города деликатесную продукцию
Аркалыкская птицефабрика намерена производить яичный порошок
Перепелиная ферма: выгодный бизнес с минимальными затратами