Ықпалдастықтың құлашы кең
Қазақстан мен Қытай арасындағы алыс-беріс артып, аграрлық саладағы байланыс көпірі де нығая түскен. Соңғы екі жылдың өзінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын екіжақты келісімшарттарға қол қойылды. Оның аясында бірлескен индустриалды-инновациялық жобаларға жан бітіру де көзделген.
Инфрақұрылымға қан жүгіртетін қазақстандық «Нұрлы жол» мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы да бір-бірін толықтырады. Ал тауар айналымы 337 миллионнан 22 миллиард долларға дейін көбейді. Өткен жылғы ресми мәліметтер оның бір айғағы. Сандарды тергіштесек, аспан асты еліне өнімнің 59 түрі жеткізілген. Олардың жалпы көлемі 400 мың тоннаға жуықтайтын көрінеді. Қытайлықтар Қазақстандағы сары алтынға, күнбағысқа, сұйық майға қол салады. Олар отандық шоколадтың, кондитерлік өнімдердің де дәмін татқан. Әлі де қос мемлекеттің ынтымақтастық аясы кең. Қытай Сыртқы істер министрлігі елшісінің пікірі осыған саяды. ҚХР Қазақстандағы бұрынғы елшісі, «Жібек Жолы» бейбітшілік сыйлығы комитетінің мүшесі Яо Пэйшэн экслюзивті сұхбат барысында екіжақты қарым-қатынастың бүгіні мен келешегін ой елегінен өткізді.
– Яо мырза, соңғы жылдар ішінде бірқатар алып жобалар өмірге жолдама алды. Екі мемлекет бірлесіп, Алтынкөл-Қорғас теміржол өткелі, Бозой-Шымкент, Ляньюньган логистикалық терминал, Ақтау битум зауыты калий тыңайтшықтары өндірісі іске қосылды. Тауар айналымы да артып, алыс-беріс күшейді. Аграрлық салада қолға алынған қадамдар да ықпалдастыққа жаңа серпін берді емес пе?
– Қазақстан мен Қытай арасында аграрлық салада берік байланыс көпірі орнатылған. Әлі де екі жақты қам-қарекет үшін мүмкіндіктер көкжиегі кең.
Өткен жылдың желтоқсан айында қос мемлекеттің үкімет басшылары агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты нығайту туралы маңызды құжатты мақұлдады. Бағзы уақыттарда біз тек қуатты игеруде өзара күш-жігерімізді біріктірдік. Енді барлық салалар бойынша алыс-беріс нығайып, бірлескен жобалар да қолға алынуда. Екіжақты ықпалдастық үшін әлеуетіміз және мүмкіндіктеріміз бір төбе. Басымдықтарда тиісінше кәдеге жарату қажет.
Еуропа мен Азияның тоғысындағы Қазақстанның географиялық жайғасуы өте тиімді. Еуразиялық құрлықтағы «ірі пошта стансасына» айналуға қажетті алғы шарттардың барлығы бар. Себебі шығыс бағытта әлемдегі алып экономика орналасса, батыста тұтыну нарықтарының құлашы кең Шығыс Еуропа, Батыс Азия мемлекеттері қанат жайған.
Қазақстан аграрлық мемлекет екені мәшһүр. Дәннің сапасы да көңілге қуаныш ұялатады. Ас атасы нанды әзірлеу қамында оған көз жеткізуге болады. Қытайда қамыр күрішпен қатар бидайдың түрлі сұрыптарынан иленеді. Халықтың саны қалың болғандықтан, нанға да сұраныс көп. Бір жылдары өзіміздің дәнді дақылды өткізе алмай, тығырыққа тірелген-дік. Бүгінде қолбайлау түйіткіл тарқатылды. Енді сары алтынды Қазақстаннан да сатып аламыз. Бұл бағытта өзара ықпалдастықтың құлашы әлі де кең.
– Қолға алынған бағдарламалар мен жобалар да өзара сабақтасатыны даусыз.
– Сөзіңіздің жаны бар. Ұлы Жібек жолының Қазақстансыз қайта жаңғыруы екіталай. Керісінше, оның арқасында түрлі салалардағы өзара іс-әрекет кеңейеді. Меніңше, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен экономикалық белдеу жобасы өзара сабақтас. Сәйкесінше олардың түйісуі әбден ықтимал. Бұл сіздер және біздер үшін маңызды оқиғаға айналады. Себебі Орталық Азияда әлі де инфрақұрылымның ахуалы көңіл көншітпейді. Бірақ өткен жылдың мамырынан бері экономикалық белдеу бойынша қам-қарекеттер қолға алынған. Қос тараптың мамандары кеңесіп, құрылыс жұмыстарына жан бітті. Бұл ретте білікті мамандарды даярлауға баса мән берілген. Мәселен, Қытайда жыл санап қариялардың саны еселенуде. Халық жасару құбылысы анық байқалуда. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамның дамуына кері әсерін тизігуі кәдік.
Венера Мұстафина