Түркістанда 154 шаруа қожалығы бір жерден екі рет өнім алмақ
Түркістан облысы Түлкібас ауданының шаруалары биыл жыл бойына егістікке екі рет көкөніс түрлерін отырғызды. Ондағы мақсат – мол өнім жиып алу, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, былтыр осы жаңашыл әдісті тәжірибе ретінде сынап көрген бірқатар шаруа табыспен шыққан.
Ал биыл қызығушылық танытқан диқаншылар қатары артқан.
Бүгінгі таңда бір жерден екі өнім алатын 154 шаруашылықтың тізімі жасалды. Жалпы көлемі 265,33 га жерге қызанақ, қияр, жүгері, ноқат, сарымсақ, картоп көкөністерін отырғызып, мол өнім алу көзделуде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының болжамына сәйкес, 1-ші өнім 1721,3 тонна, ал 2-ші өнім көлемі 4358,0 тоннаға жуықтайды.
«Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда аудан әкімдігінің тиісті дербес бөлімдері мен кент, ауылдық округ мамандары тарапынан өз кәсібін ашуға қызығушылық білдірген тұрғындарға жан-жақты қолдаулар күшейтілген. Сонымен қатар, суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында да жүйелі шаралар іске асуда», – делінген мәліметте.