Түркістан облысында мал азығын дайындайтын зауыт іске қосылды
Түркістан облысының Сайрам ауданында құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – өңірдегі мал азығын дайындайтын жалғыз кәсіпорын. Жылдық қуаттылығы 70 мың тонна. Әзірге дайын өнім тек ішкі нарыққа жіберілуде. Алдағы уақытта кәсіпорын өз өнімін Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс орны толықтай түрік технологиясымен жабдықталған. Барлығы автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Қазір мұнда 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 850 млн теңге. Бұған дейін жергілікті фермерлер мал азығын Шығыс Қазақстан облысынан тасымалдап келіпті. «Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы бұл олқылықтың орнын толытрады», – дейді зауыт басшылығы.
Мұсратулла Әбдіқадыров, кәсіпкер:
– Тәулігіне 250 тонна өнім шығарамыз. 2-3 жылда жоба өз құнын толық ақтайды. Негізгі шикізат көзі арпа мен бидай. Оны жергілікті шаруалардан сатып аламыз. Қазір зауыт төрт түрлі өнім түрін шығарады. Сұраныс көп. Болашақта өндіріс қуатын арттырып, кеңейтуді жоспарлап отырмыз.