Түркістан облысында 27 мың гектар жайылымдық жер игерілмеген
Түркістан облысында 27 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның көбі кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Арасында жерді 49 жылға жалға алынғандары да бар. Не өзі игермейді, не өзгеге бермейді. Соның салдарынан көптеген ауыл тұрғындары мал өсіріп, игілігін көре алмай отыр. «Себебі, ауыл маңында бос жер жоқ. Барлығының иесі бар», – дейді ашынған жұрт.
Түркістан қаласының маңында тұратын Әлімхан ақсақалдың жасы 81-де. Өмір бойы мал бағып, аттың үстінде жүрген. Қимылы әлі де ширақ. Төрт түліктің жайын жақсы білетіндіктен балаларына білгенін үйретіп отырады. Бірақ қазір қолда бар малды бағып-қағу қиындап кеткенін айтады.
Әлімхан Төреұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Ата-бабамыздан бері қарай осы мал шаруашылығымен күн көріп келе жатқан халықпыз ғой. Бұрын Сырдың бойынан Қаратауға дейін мал жайып бара беруші едік. Бүгінде аттам қадам шығармайды. Ауылдан шамалы шықсаң алдыңнан біреу шауып шығады. «Қайда барасың, менің жерімді басып, қарауылмын» деп. Оған пәлен дей алмайсың, айыппұл салады. Сонымен қысылып, қымтырылып отырған жайымыз бар қазіргі жағдайда.
Қазір Әлімхан ақсақалдың қолында ұлы Көреген тұрады. Қолда бар малдың иесі сол. Ертелі-кеш 10-15 түйе мен жүзге жуық ұсақ малдың жем-шөбін беріп, күтімін жасайды. «Жайылымдық жер азайғандықтан төрт түлікті қолдауда ұстауға мәжбүрміз», дейді. Жем-шөптің де бағасы аспандап кеткен. Мұндай жағдайда ауыл жұртының мал өсіріп, көл-көсір пайдаға кенелуі мүмкін емес екенін айтады.
Көреген Төреев, Түркістан қаласының тұрғыны:
– Айналадағы көпшіліктің малының бәрі қолда тұрады. Далада жайылатын жағдай жоқ. Мына жағымыздың бәрі егіс, бау боп кеткен. Сондықтан жайылымның ыңғайы жоқ. Жылдан жылға малдың жайылым тарылып келе жатыр. Шөпті көбірек жинап, малды қолда ұстап отырмыз.
Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, қазір өңірде 27 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай отыр. Өткен жылғы түгендеу жұмыстары кезінде осындай 77 мың гектар жер анықталып, оның 50 мың гектары жер иелерінің келісімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Жауаптылардың айтуынша, қазір келісімін бермеген жер иеленушілермен заң аясында жұмыс жүргізілуде.
Самат Рамазанов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Қазіргі таңда заңға өзгерістер енгізу бойынша шаралар өткізілуде. Мәжілісте Жер кодексіне, басқа да заңдарға өзгерістер енгізу бойынша. Сонымен қатар біз қазір бас прокуратурамен бірге мерзімін қысқарту жөнінде жұмыс істеп жатырмыз.
– Демек, жылдың соңына дейін игерілмеген жерлерді қайтарып аласыз ғой?
– Иә, аламыз.
Жалпы Түркістан облысында 3 млн 200 мың гектар жайылымдық жер бар. Бірақ ауыл тұрғындарының барлығы бірдей сол жерді пайдаланып, қызығын көре алмай отыр. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаған жергілікті әкімдерді сынап, халыққа жайылымдық жер қолжетімді болу керектігін қадап айтты. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды.