Түркістан облысы көктемгі су тасқынына дайындық шараларын жүргізіп жатыр
Түркістан облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары атқарылуда. Биылғы жылы көктемде болуы мүмкін төтенше жағдайлармен күреске 83 техника, 466 сарбаз жұмылдырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырар ауданында өткен оқу-жаттығу шарасында мамандар 7 ауданның техникасының қазіргі жағдайы, олардың техникалық қабілеті туралы баяндап, халықты эвакуациялау мен малдарды көшіру жұмыстарын пысықтады. Бұдан бөлек, су тасқыны тәуекелінің алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, ветеринария ұйымдарының төтенше жағдайға толық дайындығы баяндалды. Сырдария өзенінің жағасын су басу қаупі туындаған жағдайда 22 елді мекенде қауіпсіздік шаралары қолға алынып, 17 мыңдай халық эвакуациялық бекеттерге көшіріледі. Кешенді оқу-жаттығу жұмыстары барысында облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық және ТЖД бірлесіп жасаған дағдарысқа қарсы картада болуы ықтимал 200-ден аса төтенше жағдай оқиғасы сипатталған.
Аймақ басшысының қатысуымен өткен жедел штабта Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайға дайындықты пысықтап, антикризистік картаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осындай кешенді оқу-жаттығу жұмыстарын енді ай сайын өткізуді тапсырды.
«Апат айтып келмейді», қазір жеті ауданда қауіп бар. Сырдарияның бойында қауіп бар. Сондықтан қазірден бастап әрекет ету керек. Жағдай наурыз айының ортасына таман күрделенуі ықтимал. Шардарадан су жіберіледі. Сырдарияның бойында көптеген ауылдар бар. Осы бастан сақтық шараларын қолға алу керек. Біз Арыс, Мақтаарал аудандарындағы техногендік, Төлеби ауданындағы табиғи су тасқыны кезінде атқарылған жұмыстардан мол тәжірибе жинадық. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін Штаб құрылады. Штаб құрамына кіретін барлық салалық қызметтер «Алтын сағат» ережесіне сәйкес жұмыс жүргізуі қажет. Антикризистік карта шеңберінде төтенше жағдаймен күрес алгоритмі бекітілген. Барлық аудан, қала әкімдері алгоритммен жіті танысып, нұсқаулық арқылы жұмыс істеуі қажет», – деді Өмірзақ Шөкеев.