Түркістан облысы ет экспортынан республикада көш бастап тұр
Түркістан облысы ірі қара мал етін экспортаудан республикада 1 орында, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір 5,4 мың тонна мүйізді ірі қара етін экспорттада. Бұл дегеніңіз респубика бойынша ірі қара еті экспортының 74%. Сондай-ақ қой еті экспортының 38% (491,1 тн.), құс етінің 25% (2734,3 тн.) Түркістан облысына тиеселі. Жыл басынан бері екі айда 454,5 тонна сиыр еті, 84 тонна қой еті, 400 тонна құс еті экспортталды.
Бұдан бөлек, былтыр облыстан тірідей 39 мыңдай бас ірі қара, 18 мың бас қой, 664 бас жылқы экспортталса, 2021 жылдың 2 айының өзінде 20 мыңнан астам ірі қара мал, 18 мыңға жуық қой, 30 бас жылқы, 15 бас түйе экспортталды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер Сарыағаш ауданында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен семинарда ортаға салынды.
2011 жылы ҚР Үкіметі тарапынан қабылданған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы және осының аясында жүзеге асырылып жатқан салалық «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» несиелік бағдарламалары өңірде мал шаруашылығын дамытуға үлкен серпін беріп, мал басы мен өнімділік жылдық 6-7 %-ға өсім тұрақты қамтамасыз етілді.
Оған дәлел – соңғы бес жылда мал шаруашылығының өсімі 1,7 есе ұлғайып 303,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Бүгінгі күнде, облыста 1000 бастан жоғары 22 мал бордақылау алаңдары (сыйымдылығы 42,7 мың бас), 400 – 1000 бас аралығында 18 мал бордақылау алаңдары (сыйымдылығы 8,0 мың бас), 50 – 400 бастық 82 шағын мал бордақылау алаңдары (сыйымдылығы 9,8 мың бас) және 10 – 15 бастық 10265 отбасылық алаңшалар (сыйымдылығы 113,0 мың бас) жұмыс жасап жатыр. Аталған бордақылау алаңдарында 131,0 мың бас бұқашық бордақылануда.
Облыста мал шаруашылығы өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы жануарларын асылдандыруға мән берілген. Осы орайда, қолда бар ірі қара аналықтың 38% асыл тұқымды бұқамен түрлендіріліп, қатысу үлесі жөнінен Республикада – 2 орын болса, қойдың 73% асыл тұқымды қошқарлармен түрлендіріліп, Республикада – 1 орында.
Сонымен қатар, соңғы 3 жылда шет елдерден 20 мың бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал сатып алынды.