СҚО-да 5 млн 300 мың тонна астық жиналды
Солтүстік Қазақстан облысында бидай ору науқаны аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.
Өңір диқандары қамбаға 5 млн 300 мың тонна астық құйды. Енді егіншілер майлы дақылдарды жинап жатыр. Олардың айтуынша, қалған күнбағыс күннің суығында алынады.
Биылғы науқанның басы қатты болса, арты тәтті болды. Егін піскен кезде жаңбыр жауып, артынан ауа райы ашылды. Ырыс дәнін ысырапсыз жинап алғандардың бірі – Александр Хитров. Ол облыстағы ең жас шаруа. 26 жастағы жігіт биыл да бітік бидай бастырды.
Александр Хитров, шаруашылық басшысы:
– Бір алқаптан 45 центнерден астық алдық. Өткен жылы жерге көп қаржы құйдық. Бидайдың жаңа сұрыптарын егтік. Келер жылы майлы дақылдарға басымдық береміз. Оның шығымдылығы да, бағасы да жақсы.
«Бидай берекелі», – дейді диқандар. Биыл гектарынан 19 центнер астық алынды. Күзгі жиын-терімге 8 мыңдай комбайн шықты. Егіншілердің еңбегі еш кеткен жоқ. Қамбаға 5 млн 300 мың тонна астық құйылды.
Қатыран Қарманов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Астықты шаруалар сатып жатыр. Өйткені былтырғыға қалағанда биыл бағасы жақсы деп санаймыз. Мысалы, арпаның бағасы сапасына қарай 45 мың теңгеден басталады. Ал бидайдың бағасы 50 мың теңгеден басталады.
Өңірде 58 элеватор күні-түні жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда олардың жартысы астыққа толды. Осылайша даланы дүбірге бөлеген диқандар тағы бір еңбек майданын артта қалдырды.