Шығыста малдың неден қырылғаны анықталды
Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында малдың дәрумен жетіспеушілігінен, яғни бір түрлі ғана шөп жегеннен қырылғаны анықталып отыр дейді осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстандағы шекара шебінде орналасқан ауылдардың күнкөріс тірегі – мал және егін шаруашылығы. Сондықтан малшы қауымының басты жұмысы – малдың күтімі. Алайда соңғы жылдары мал шаруашылығы бойынша Тарбағатай ауданында мәселе көбейген. Жер қуаңшылыққа ұшыраса, мал белгісіз ауруға тап болған.
Былтыр Тарбағатай ауданына қарасты Шорға, Қабанбай, Ақмектеп ауылдарының тұрғындары мал ауруынан зардап шеккендерін айтып, дабыл қаққан болатын. Ел өтініші бойынша арнайы мамандар келіп лабораториялық зерттеу жүргізген.
Жуықта Тарбағатай ауданының әкімі мал ауруына қатысты мамандар жасаған зерттеу қорытындысының нәтижесін жария етті.
– Біз әуелі Алматыдан бұл саламен айналысатын институттың, Астанадан лабораторияның мамандарын шақырдық. Олар малды сойып, жан-жақты зерттеу жасады. Ешқандай вирустық, инфекциялық ауру жоқ болып шықты. Бұл жерде мәселе өзімізден болып отыр. Малшылар бір-бірін құрметтемей, бірінің өрісіне бірі мал жібереді. Тіпті, қойшы жіберіп жаймай, иен жібере салады. Сонымен қатар соңғы кезде мал жайылымын айырбастау дегенді мүлдем қойды. Салдарынан, яғни бір түрлі ғана шөп жегендіктен, малда витамин жетіспеушілігі пайда болған. Сойып зерттеген малдардың барлығының да таз қарындары қатып қалған. Мал ауырған ауылдардың барлығынан зерттеу сынамасы алынды. Осылай бізге ғалымдар малда ешқандай инфекциялық ауру жоқ екенін дәлелдеп берді, – дейді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.
Сондықтан аудан әкімі алдағы уақытта кооператив құруды халыққа ұсынған. Бұл бір жағы жайылымды тыңайтса, бір жағы жаздың үш айында мал тың өріске тебіндеп қайтады.
– Біз қазір бұрынғыдай мал бағу дәстүрінен айырылып қалдық. Шынын айту керек, жұрт та жалқау. Таңертең айдап жіберіп, кешке қораға кіргізіп алады. Ол өрісте төгілген қоқысты, шөп аз болғандықтан, құм басқан шидің түбін мүжиді. Уақытында ащылатып тұрмағандықтан, тұздан алатын витамин жетіспейді де, ауру пайда болады. Сондықтан халыққа кооператив құруды ұсынып отырмын. Халық бірігіп кооператив құрса, біз Маңырақ, Тарбағатай тауларынан жайлау береміз. Сонда мал да жаздың үш айында сергіп қалар еді, – дейді аудан басшысы.
Аудан әкімі осылай халыққа ауылдың іргесіндегі мал өрісін тыңайтып, мал ауруының алдын алуды ұсынуда. Сондай-ақ аудан әкімдігі өткен жылы 10 мың гектар жайылымдық, шабындық жерлерді қайтарған болса, биыл да 10 мың гектар жерді қайтаруды жоспарлап отыр. Дәл қазіргі кезде биылғы жоспарға сай 1600 гектар жерді өкіметке қайтарып берген. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғаса береді.
Сондықтан мал бағам, кооператив құрам деген адамға Тарбағатай ауданында жайылым мен шабындық жер алу мүмкіндігі бар.