ШҚО-да жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселелері талқыланды

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі жоспарды орындау аясында, сондай-ақ облыстың сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген мәселелерді талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Фото: stockvault.net

Отырыс «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың төрағалығымен өтті. Оған уәкілетті органдардың басшылары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, 40-тан астам кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты. 

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2022 жылғы қыркүйектен қарашаға дейін жайылымдық жерлер саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді, өйткені бұл мәселе өңір халқы үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Облыстың көптеген елді мекендерінде жайылымдарға қатысты күрделі жағдай қалыптасуда. Ауыл тұрғындары малын жайып, шөп жинауға мүмкіндігі болмағандықтан мал басын азайтуға мәжбүр екендіктерін айтып шағымдануда. 

Отырыс барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Асқар Арыстан кеңеске қатысушыларды жайылымдық жерлер саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерімен таныстырды. Аталған мониторинг барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осы саладағы проблемалар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. 

Біріншіден, иелері қайтыс болған жер учаскелерінің болуы. Мұндай жер учаскелерінің болуы өзге біреудің жер учаскесін өз бетінше (заңсыз) пайдаланудың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, сондай-ақ салықтарды және өзге де жалдау төлемдерін төлемеуге әкеп соқтыруы мүмкін. 

Екіншіден, жайылымға арналған жерлер мал басы жоқ шаруа қожалықтарға пайдалануға берілуі. Мониторинг барысында мүлдем мал басы жоқ 4859 шаруа қожалықтарында жайылымдардың  бар екендігі анықталды (бұрынғы Тарбағатай және Көкпекті аудандарының бөлінбеген аумақтарын ескере отырып). Яғни, 2494,2 мың гектар жайылымның 1781 мың гектары немесе 68% – ы бос және мақсатына сай пайдаланылмайды. 

«Жер кадастрын жүргізудің және жер учаскелерін берудің жұмыс істеп тұрған электрондық форматына қарамастан, жайылымдық жерлер иелерінде мал басының жоқ екенлігі анықталды. Осыған байланысты, уәкілетті органдарға жайылымдық жерлер көлемінің мал басына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастары және ауыл шаруашылығы саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау ұсынылды”, – деп атап өтті Асқар Арыстан. 

Сондай-ақ, мониторинг барысында азаматтығын ауыстырған не жоғалтқан адамдарда, сондай-ақ өзге елдерде тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдарда жерге жеке меншік құқығының не жер пайдалану құқығының болуы анықталды.

Кеңесте мемлекеттік органдардың және мүдделі үшінші тұлғалардың келісімінсіз жер учаскелерін беру түріндегі тағы бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталғандығы атап өтілді. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нақты бір адамға ұзақ мерзімге (49 жылға дейін) беруге мүмкіншілік туғызады.

«Аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жүйелі сипатқа ие. Осыған байланысты, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет нақты ұсынымдар дайындады, олар тиісті шараларды қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады», – деп атап өтті Асқар Арыстан. 

Бұдан әрі ШҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис пайдаланылмаған және заңсыз пайдаланылған жайылымдық жерлерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сөз сөйледі.

Осыдан кейін аталған мәселе талқыланды, оның барысында шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері өз сұрақтарын қойып, осы саладағы жағдайды жақсарту жөнінде ұсыныстар айтты. 

Кеңес соңында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдарды заңсыз жер қойнауын пайдаланудың жолын кесу мәселелерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өзара іс-қимыл жасауға шақырды. Сондай-ақ, жұртшылықтың жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне, мал басы бойынша статистикалық деректерді сәйкестендіруге қатысты айтқан барлық ұсыныстары бақылауға алынып, жұмыста пайдаланылатынын атап өтті.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы