Жайылымдық жерлерді суару, қаржылай субсидия: ШҚО-да шаруагерлерге қандай қолдау көрсетілуде

Шығыс Қазақстанда мал өсірушілерге аз қолдау көрсетіліп жатқан жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: pixabay.com

Бүгінгі таңда өңірдегі ең шалғай елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан тиімді бағдарламалардың бірі – «Жайылымдық жерлерді суару». Абай, Аягөз, Жарма, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті, Катонқарағай, Үржар, Ұлан аудандары мен Семейде осы бағытта жұмыс күшейтілген. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазянның айтуынша, мұнда қазірдің өзінде 815 ұңғыма қалпына келтіріліп, ол жалпы аумағы 1 515,7 мың гектар жайылымды суландырды.

Сиырдың саны артқан

Өзендер, су қоймалары мен бұлақтар сияқты табиғи су көздерінің болмауына байланысты малшылар ұзақ уақыт бойы жайылымдық жерлерді толық пайдалана алмай келді. Жүздеген гектар жер бос тұрды. Алыстағы жайылымдарды суаруды ұйымдастыру бағдарламасы қабылданғаннан кейін құбырлы және артезиан ұңғымаларының көмегімен бұл түйткілді мәселе түйінін тапты.

«2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 ұңғыма бұрғыланды, оның ішінде Тарбағатай ауданында – 23, Аягөз ауданында – 5, Зайсан ауданында – 1 және және Семей қаласында – 26. Осылайша жалпы алаңы 117 мың гектар жайылым суландырылды. Жайылымдық жерлердің көбеюі мал басының артуына серпін беретіндігі сөзсіз. Сондай-ақ асыл тұқымды мал сатып алуға, ірі қара, қой, араның балұясын, маралдар мен шошқаларды асылдандыруды субсидиялау, бордақылау үшін бұқалар мен қошқарларды сату да малшыларға үлкен көмек болып отыр. Биыл бұл бағыттағы субсидиялауға 8,8 млрд теңге бөлінген», – дейді Владимир Гайламазян.

Шаруагерлердің мемлекеттік қолдаудан хабардар болуы және оны өз кәделеріне жарата білуі өте маңызды. Мұны сандар дәлелдейді. Облыста ірі қара мал саны 1 шілдедегі жағдай бойынша 1 323 405 басқа жетті, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3,6%-ға артық.

«Мал шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 15 жыл болды. Ел бойынша ақбас сиыр тұқымын өсіріп отырған қожалықтардың біріміз. Бүгінде мыңға жуық ірі қара мен қой, 300 бас жылқы ұстап отырмын. Сондай-ақ Ақсуат ауылында мал бордақылау алаңымыз бар. Осы уақытқа дейін «Құлан», Сыбаға» сынды мемлекеттің бағдарламалардың арқасында мал басын арттырдық. Шаруагерлерге осындай қолдаудың бары қуантады», – дейді Тарбағатай ауданындағы «Мәуліт» шаруа қожалығының иесі Қайырлы Қасенов.

Шығыс Қазақстан облысы бірнеше жыл бойы республикадағы ірі қара мал саны бойынша көшбасшылардың бірі болып келеді. Владимир Гайламазянның айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің тек ірі шаруа қожалықтарына ғана емес, отбасылық кәсіп көзі болып отырған ұсақ шаруашылықтарға да қолдау көрсетуі аса маңызды.

«Шағын шаруа қожалықтарын дамыту – сүтті мал шаруашылығын ілгерілетудің бірден бір мүмкіндігі. Егер бұрын кішігірім шаруа қожалығының иесі немесе жалғыз өзі еңбек етіп жүрген фермер субсидия мен гранттан тыс қалса, енді олар көршілерімен, туыстарымен немесе таныстарымен бір шаруашылыққа бірігіп, мал басы бойынша мемлекеттік қолдауға үміт арта алады. Сонымен қатар ертеректе фермер қаржылай көмекті алу үшін жоба әзірлеп, оны қорғап, біршама шығынға бататын болса, қазіргі уақытта жағдай түбегейлі өзгерген – уәкілетті органдардың өздері фермерге оның мүмкіндігіне байланысты дайын бағдарламаларды ұсынады. Мәселен, ол 100 немесе 200 басқа арналған болуы мүмкін», – дейді басқарма басшысы.

Маңыздысы сол, бірлескен мал фермасын құру туралы шешім қабылдаған кезде оның қатысушылары сүтке кепілдендірілген тапсырыс алады. Сүттің 100% сатылуы – өңірлік мал өсіруді дамыту бағдарламасының табысты жүзеге асырылуының арқасында қамтамасыз етіледі.

Сүт өндіруден – көш басында

Бүгінде өңірде сүт өндірумен, тұрғындардан сүт жинап, оны өңдеуші кәсіпорындарға сатумен айналысатын 60 сүт кооперативі бар. 2021 жылдың 1 жартыжылдығына 50,2 мың тонна сүт сатып алынған.

2015 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысында 20 жаңа сүт фермасы салынды. Өнімге деген сұраныс үнемі өсіп келе жатқандықтан негізгі міндеттердің біріне айналған сүтті көбейту мәселесі шешімін тапты. Заманауи цифрлық технологияларды енгізудің арқасында облыстағы сүт фермаларында 1 сиырдың орташа сүттілігі жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – «ОХМК» ЖШС. Бұл фермада бір сиырдан орташа сауылатын сүт 2017 жылы 7,3 тоннаны, 2019 жылы – 9,3 тоннаны құраса, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 9,6 тоннаға жетті.

«Бүгінде Шығыс Қазақстан сүт өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Енді дайын өнімнің сапасын жақсарту және ассортиментті көбейту жоспарланып отыр. Сүтті-тауарлы фермалар мен сауын сиырлардың саны да артып келеді. 2021 жылы сүт фермаларының саны 69-ға жетсе, сауын сиырлардың саны 21,5 мың басты құраған. Осылайша, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі де 47%-дан 85%-ға өсті», – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы