Сарыағашта жылына 6 млн көшет өндіретін кәсіпорын бар
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округіндегі «Agro Tur» шаруа қожалығы 1 гектар жылыжайда ерте көктемгі дақылдардың көшеттерін дайындаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұнда көшет түрлерінің санына шектеу жоқ. Яғни, жылына 5-6 млн түп көшет өндіруге қауқарлы. Жобаның құны – 280 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мұндағы барлық құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Қожалық иесі Тұрсын Тасходжаев түрік әріптестерімен келісімшартқа тұрып, осы бір ауқымды жобаны іске асырып отыр.
Бір айта кетерлігі, мұндағы көшет егу, өсіру, күтіп-баптау, суару секілді майда-шүйде жұмыстың бәрі компьютерленген. Яғни, соңғы үлгідегі автоматтандырылған жүйе де жұмыс істейді. Сол себепті қол күшін де аса қажет етпейді. Кәсіпорын бүгінге дейін 2 млн. түп көшет түрлерін өсіріп, саудалап үлгеріпті.
«Біздің жылыжайымыз соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан біздің мүмкіндіктеріміз де орасан. Бір мезетте бірнеше түп көшетті өсіруге тапсырыс ала аламыз. Қазіргі таңда біз Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірқатар аудандарының шаруаларынан тапсырыстар алып, толық орындап бердік. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық облыс қалаларынан да тапсырыстар алуды жоспарлап отырмыз», – дейді қожалық төрағасы.
Түркиялық маман Нихат Ергуннің осында жүргеніне 6 ай болыпты. Ол осындағы жергілікті мамандарға жылыжайдың қыр-сырын үйретуде екен. Түркиялық маман Сарыағаш өңірінің климаты кез-келген жылыжай түрін орналастырып, көкөністің барлық түрін отырғызуға қолайлы екенін айтады. Алдағы бір-екі жылда 1 гектар көшет жылыжайының тапсырыс орындау қабілеті 8-9 млн. түп көшетке дейін ұлғайуы мүмкін. Ол үшін еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар көптеп қабылдануы тиіс.