Сақтандыру қорына 1400 тонна картоп салынады
2019-2020 жылдары сақтандыру қорына 1400 тонна картоп пен 400 тонна көкөніс жиналады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
«Ақтөбе» ӘКК мен «Пригородный» АШҚ» ЖШС-і 80 миллион теңгеге келісімшартқа отырды. Биыл шаруашылық өңірдің сақтандыру қорына қажетті картоп пен көкөністі түгел жеткізіп береді.
«Жыл сайын баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін сақтандыру қорына көкөніс сатып алынады. Биыл «Пригородный» ЖШС-нен 1 мың тонна картоп, 100 тонна сәбіздің келісін 58 теңгеге сатып алады. Сонымен қатар 200 тонна пияз бен 100 тонна қырыққабатты келісі 53 теңгеге береді. Өткен жылы сатып алған 400 тонна картоп қоймада тұр. Қазір өндіруші бұл картоптарды сатып, оның орнына тағы 400 тоннасын жинап береді», — деді «Ақтөбе» ӘКК ауыл шаруашылығы кешені басқармасының басшысы Ермек Батинов.
Қазіргі кезде 80 миллион теңгенің 48 миллион теңгесі көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруа қожалығына аударылды. Өзге қаржы жұмыс аяқталып, көкөніс қоймаға түскенде беріледі.
«240 га картоп, 40 гектарға пияз, 20 га сәбіз бен қырыққабат егілді. Бәрі суарылады. Егу жұмыстары толық аяқталды», — деді «Пригородный» ЖШС-нің директоры Степан Гайдар.