Сұраныс еселеніп, сапа бақылауға алынды

Елімізді отандық күркетауықтың етімен қамтамасыз ететін кәсіпорын жалғыз. «Ордабасы құс» ЖШС 2010 жылдың соңында Индустрияланды­ру картасы аясында өмірге жолдама алғанды. Бадам ауылында бой көтерген кешенде өнімнің бірнеше түрі шығарылады. Қайта өңделген әрі диеталық еттің қыр-сыры меңгерілген. Шығарылған етті өткізу жолдары да бірізділендіріліп, отандық күркетауыққа ресейліктер де қарық болып отыр. Сұраныстың еселенуіне байланысты кәсіпорын құлашын кеңейтіп, кұркетауықтың басқа түрлерін де өсіруді мықтап қолға алмақ. Кешеннің бүгінгі тынысы мен келе­шекке діттілген межелер турасында «Ордабасы Құс» ЖШС бар директоры Мұрат Тағаев сұхбат барысында баяндады.

– Мұрат Құлмырзаұлы, кәсіптің бұл түрі еліміз үшін тың саналады. Алғашқылардың бірі ретінде жол салуға не итермеледі?

– Ерекше қасиеттерге ие етті тұтыну бүгінде әлемдік үрдіске айналып отыр. Сәйкесінше жыл санап күркетауықтың етіне сұраныс та артудың жолына түсті. Оның құрамындағы холестериннің мөлшері өте төмен. Есесіне дәрумендер мен минералдық тұздар және қоспалар ба­сым. Олар өз кезегінде адам мүшелерінің қалыптасуына әсер етеді. Қолға алынған зерттеулердің нәтижелеріне үңілсек, күркетауықтың етін тұтынатын жандар жүрек- қантамыр және асқазан-ішек ауруларына сирек шалдығады. Расында да оның еті балалар мен қариялар үшін өте пай­далы. Себебі күркетауықтың қызыл еті темірге бай келеді. Экономикалық көрсеткіштері де көңілге медеу. Балапан күйінде салмағы 60 грамммды құраса, ал өндірістік кезең аяқталған кезде 9,5- дан 15 келіге дейін жетеді.

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото

– Бүгінде тұтынушылар-дың дені табиғи өнімге басымдық беретіні аян. Құстың қандай түрлерін көбейту қолға алынды әрі оны өсірудің ерекшеліктері қандай?

– Әуелден жоба шетелдік технологияға сәйкескестендіріліп, біз барлық жоғары әлемдік талаптарды сақтауға талпындық. Оның арқасында өндіріс экологиялық танылып, ветеринарлық тұрғыда да барлық халықаралық талаптар қаперге алынды.

Инкубациялық жұмыртқаны канадалық кәсіпорын жеткізеді. Іргесі қаланғанына 150 жыл. Етті бағыттағы құстарды көбейтумен айналысатын фабрика халықаралық нарықта өздерінің беделі мен орнын ойып алған. Мұны тоқмейілсімей, күркетауықтың басқа түрлерін де қолға алуға бекіндік. Әдетте жаңа жыл қарсаңында жергілікті тұрғындар тарапынан құстың аса үлкен емес түрлеріне сұраныс күшейе түседі. Дәл осындай тұқым Венгрияда кездесетін көрінеді. Олардың салмағы 5-6 келіні құрайды. Бір артықшылығы тез арада еті толысып, өсім байқалады. Айта кеткен ләзім, қазан айының соңынан жаңа жылдық күркетауыққа тапсырыстар түсе бастайды. Бұл ретте аналық құсты өсірудің барлық кезеңдері мінсіз сақталса, ал аталықтары жарым-жартылай жетілген кезде саудаға жолданады.

– Алыстан дорбалағанша, оның жолын меңгеріп, елімізде де шаруаны дөңгелетуге жол ашық емес пе?

– Әзірге біз инкубациялық жұмыртқаны сырттан тасымалдаймыз, оған экономикалық жайттар мәжбүрлеп отыр. Оның нәтижесінде нарықты 8 мың тонна өніммен қамтамасыз етеміз. Егер біздің өндіріс қуаттылығымыз 10 мың тоннадан асып жығылса, онда екінші реттегі жеке асыл тұқымды репродуктордың іргесін қалауға білек сыбана кірісеміз. Қазіргі таңда жоба сақадай-сай. Оған жер учаскесі де үлестірілді. Енді дайындық жұмыстарына мықтап кірістік.

– Фабрикалардың дені жем-азық мәселесіне келгенде тығырыққа тіреледі.

– Теңгенің құнсыздануы сырттан тасымалданатын жем-азықтың құнына ықпал етіп, қоспалардың бағасын отандық әрі шетелдік компаниялар да бірден көтерді. Бірақ біз үшін астық жем-азығының қымбаттауы ақылға сыймайды. Бастапқыда оның бағасы 28-ден 42 мың теңгеге дейін жетті. Қыл аяғы астық жем-азығы қорының құрылуы кәсіпорынның қажеттілігін бар-жоғы 30% ғана өтейді. Қазіргі таңда жем-азықты өсіруді игеруге кірістік. Бұйыртса биыл тұңғыш рет төгілген маңдай тердің зейнетін татып, өзіміздің жүгерімізді кәдеге жаратамыз. Күркетауықтың өзіндік құны негізінен жем-азыққа байланысты екені мәлім. Сондықтан оның әлеуметтік қолжетімділігін сақтауға тырысып бағудамыз. Тек мемлекет тарапынан жем-азықтың құнын арзандатуға үлестірілетін демеуқаржының арқасында бағаны тұрақтандырып, өз шығынымызды жауып отырмыз.

– Қазақстанда шығарылған белгісі бар өнім ішкі нарыққа жол тартатыны мәлім. Сыртқы нарықты бағындыру мәселесі оң жолға қойылған ба?

-Өнімнің 70% ішкі нарыққа жол тартса, ал қалған 30 пайызы Ресейге тасымалданады. Биылғы жылдан бастап терең өңдеуден өткен күркетауық етінің алғашқы данасы көрші мемлекетке жеткізілді. Өнімнің құны тауықтан қымбат, бірақ сиырдың етінен арзан. Баға аталмыш екі аралықта құбылады.

Кәсіпорнымыздың іргесі қаланғанына аса көп уақыт өткен жоқ. Бүгінде өнімді терең өңдеу қажеттігі туындап отыр. Еншімізде терең қайта өңдеудің цехы, тіпті қайта өңделген өнім де бар. Шымкент қаласында біздің ет кеңінен танымал әрі сұранысқа ие. Күркетауықтың етін шығаруға мықтап кірісіп, ал сауда-саттық жүгі дистрибьюторларға артылды. Дегенмен қайта өңдеу саласының асығы алшысынан түскенін қалаймыз. Терең қайта өңдеу нарығының өзіндік ерекшеліктері бар. Бәсекелестердің, шұжық цехтарының қарасы қалың. Сәйкесінше аяғымызды алшаң басып, біртіндеп нарықта бағымызды сынаудамыз. Біздің өнімнің бір артықшылығы қоспалар мен дәмді күшейтетін заттарға жүгінбейміз. Бұл қағидаға берікпіз, сондықтан шұжықтың сапасы өте жоғары.

– Күркетауықты өсі-руде сапа талаптары қаншалықты сақталады?

– Егер әлемде шамамен бір адам жылына 5 келі күркетауықты тағамға қолданса, елімізде көрсеткіш 250 гр құрайды. Халықаралық деңгейді бағындыру үшін өнім өндірісін17 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Тұрғындардың тұтынушылық тәртібі уақыт өте келе өзгереді және сұраныстың еселенуі нәтижесінде табиғи азық-түлікке басымдық берілмек. Біздің өнімнің сапасын растайтын сертификаттар бір төбе, оның ішінде Халал да бар. Дегенмен құс еті барлық ветеринарлық талаптарға сәйкес келетініне кепілдік береміз әрі тек сапалы түйіршек тәрізді жем-азықты кәдеге жаратамыз. Негізінен 3-4 сыныпты дәнді дақыл сатып алынады. Оның нәтижесі де жоқ емес. Бүгінде біздің өнім сұранысқа ие және оның тіл үйіретінін алға тартып, тапсырыс беретін тұтынушылардың қарасы қалың деп сенімділікпен айта аламыз.

– Таңдалған кәсіптің кілтипаны көп екені даусыз. Бұл ретте қандай мәселелер туындайды?

– Қазақстан үшін күрке-тауықтың етін шығару тың бағыт болып табылады. Біздің кәсіпорын отандық нарықта дара саналады. Кеңестік кеңістік кезінде елімізде күркетауық шаруашылықтары қызмет етті. Бірақ олардың ауқымы мен қолданған өсіру технологиялары басқа екені мәлім. Мәселен, құсты бройлер түрінде нарыққа ұсыну. Оған қарағанда біздің иек артатын әдіс-тәсіліміз қалтаға едәуір салмақ салады, кілтипаны көп. Егер бройлер шамамен 40 күнде жетілсе, күркетауыққа кемінде 140 күн қажет. Бар гәп технологияға емес, білікті мамандардың тапшылығына тіреледі.

Жол салу оңайға соқпайтыны даусыз. Бұған дейін өзіндік құны төмен тауық етімен бәсекелесуге мәжбүр едік. Енді мемлекеттік сатып алу бағдарламасына «күркетауық еті» деген тіркестің енгізілуіне қол жеткіздік.

– Қайта өңдеу ошақтары өнімді өткізуге келгенде әбігерленетіні хақ. Күркетауықты өткізуде де жол салу қиынға соққан болар?

– Осы күнге дейін шығарылған өнім қоймаларда шаң басқан жағдауға да тірелген едік. Бүгінде өткізу нарығы бірізділендіріп, сату жүйесі де реттелді. Сұраныстың еселенуіне орай келешекте өндірістің ауқымын 20 мың тоннаға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Спортшылардың дені өздерінің күнделікті ас мәзірлеріне күркетауықтың етін қосады. Біз көптеген спорттық шараларға демеушілік көрсеттік.

– Келелі мәселелерді көте-ріп, барлық сауалдарға бүкпей жауап бергеніңізге алғыс біл-діремін. Меже-ленген бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы